Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында бас санитар қауіпті елдерден келген азаматтар 1 наурыздан бастап үй карантиніне оқшауланатынын айтты. Атап айтқанда, қауіптілігі жағынан бірінші санатқа Қытай Халық Республикасы (Гонконг, Тайвань, Макао), Оңтүстік Корея, Жапония, Италия және Иран қатарлы мемлекеттер мен аймақтар енсе, Сингапур, Таиланд, Малайзия қатарлы елдер қауіптілігі жағынан екінші санатқа жатқызылып отыр. Ал үшінші санаттағы елдер – Вьетнам, Германия, Аустралия, АҚШ, БАӘ, Канада.
Сондай-ақ Қазақстан Оңтүстік Корея мен Иранға әуе рейстерін азайтатын болады. «Біз кей елмен әуе қатынасын азайтатын боламыз. Олардың арасында, қауіптілігі жағынан бірінші санатқа енген Оңтүстік Корея бар. Бұл елде біздің 34 мың азаматымыз бар. Біз 1 наурызға дейін барлық азаматымызға елге қайтып келуге мүмкіндік береміз. Ол үшін бұл елге апта сайын 9 рейс, яғни 7 рейс Алматыдан, 2 рейс Нұр-Сұлтаннан ұшады. Ал 1 наурыздан кейін Оңтүстік Кореяға әуе тасымалы 3 рейске дейін қысқарады. Иран бойынша жағдай әлдеқайда жеңіл, себебі онда біздің 170-ке жуық азаматымыз бар. Олар 1 наурызға дейін қайтып келуі тиіс. Себебі, одан кейін Иран Ислам Республикасымен әуе қатынасы тоқтатылады. Ал Жапонияда 180 қазақстандық бар. Жапонияға аптасына екі рет рейс ұшады. Жолаушылар ағыны аз болғандықтан, әзірге еш қиындық жоқ. Түркия, Пәкістан, Оман, Ауғанстан сынды елдер Иранмен әуе қатынасын уақытша шектеген еді. Өзге мемлекеттер бойынша шектеу қою мәселесін қарастырып жатырмыз», деді Ж.Бекшин.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтында коронавирусқа қатысты соңғы ақпаратты жариялап отыратын арнайы бет ашылған болатын. Соңғы жарияланған ақпаратқа сүйенсек, әлемде індет жұқтырғандардың саны 80 980 адамға жеткен. Оның ең көбі Қытайда тіркелген. Яғни 78 190 адам коронавирус жұқтырып, 2 718-і көз жұмған. Ал індет Оңтүстік Кореяда 1146 адамға жұғып, 11 адам қайтыс болған. Италия мен Иранда да жағдай мәз емес. Италияда дертке шалдыққан 322 адамның 11-і бақилық болса, Иранда жұқтырғандар саны 95 адамға жетіп, оның 15-і көз жұмған.