Таным • 27 Ақпан, 2020

Бабыр баба шапаны

873 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Бағаналының төрт босағасы» атанған төрт бидің бірі Бабыр Бөкеншіұлының шапанын Қарағанды облысындағы Жезді кентінің Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайына баба ұрпағы Дәметкен Әнеқызы 1991 жылы тапсырыпты.

Бабыр баба шапаны

 

Аса құнды жәдігер саналатын шапан табиғи мақта-матадан бедерлі өрнек салып тігілген. Күні бүгінге дейін сапасын жо­ғалтпай, жақсы сақталған.

Бабыр Бөкеншіұлының туған және қайтыс болған жылдары туралы әртүрлі дерек бар. Оның бірінде би 1784 жылы туып, жүз жасап барып 1884 жылы дүние салған делінеді.

Заманында өңірдегі Қы­зыл­тас-Ибескі-Жұртшы болысын ширек ғасырдан астам уақыт бас­қарған. Елін егіншілікке баулып, жартылай отырықшылыққа үндегені тарихтан белгілі. Бабыр басқарған елдің егін еккен атыз­дарының ізі Ұлытаудың солтүстік етегіндегі Сарлық ауылының ма­ңында және Жетіқыз өзенінің жағалауында осы күнге дейін сақталған.

Бабыр Бөкеншіұлының өмір тарихына қатысты мынадай қы­зықты дерек бар: би ХІХ ға­сырдың орта тұсында мысты өл­кенің жерасты байлығын игеруге алғаш болып инвестор тар­тып, орыс көпесі Никон Уша­ковқа Жезқазғанның алты кен ор­нын жалға берген.

Ел ішінде беделі зор болған Бабыр Бөкеншіұлымен патша ұлықтары да санасқан. Бұған дәлел – Орынбор генерал-губернаторы граф Василий Перовский Батыс-Сібір генерал-губернато­ры Густав Гасфортқа екі рет хат жолдап, онда бимен дұ­рыс қа­рым-қатынас жасалған жағ­дайда қазақтарға байланысты қандай да даулы істің оңтайлы шешім табатынын жазған.

Бабыр биге қатысты ел ішінде «Әйел босана алмай қиналғанда Бабыр би бір Аллаға жалбарынып, қамшысын жоғары қарай сіл­теп қалғанда, шаранадағы ша­қа­лақ шыр етіп жарық дү­ние есігін ашады екен», деген аңыз бар. Сонымен қатар би­дің ба­тырлығы, көріпкелдік қасиет­тері болған, су қараңғы соқырға жарық сыйлайтындай ерекше емшілігі де ел аузынан алынған. Бидің бауырынан өрбіген он бала және 12 немересі Кенесары хан бастаған Ұлт азаттық қоз­ғалысына қатысқаны тарихтан мәлім. Омбының мемлекеттік архивінде Кенесары ханның 1844 жылы Бабыр батырға жазған хаты да сақталған.

Бабыр Бөкеншіұлының сүйегі Түркістандағы Әзірет-Сұлтан кесенесінде жатыр.

 

Қарағанды облысы