16 Тамыз, 2013

Қамқорлық аясы кеңіп келеді

274 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысының әкімдігі Ауған соғысы ардагерлерінің жесірлеріне қамқорлық көрсе­туге кәсіпорындарды тартуды қолға алды. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мен әлеуетті кәсіпорындар басшылары Ауған соғысы ардагерлерінің же­сірлеріне көмек көрсету үшін арнайы меморандумға қол қойды.

 

Атырау облысының әкімдігі Ауған соғысы ардагерлерінің жесірлеріне қамқорлық көрсе­туге кәсіпорындарды тартуды қолға алды. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мен әлеуетті кәсіпорындар басшылары Ауған соғысы ардагерлерінің же­сірлеріне көмек көрсету үшін арнайы меморандумға қол қойды.

– Ауған соғысы арда­герле­рінің жесірлеріне, отбасыларына көмек көрсетуге бірқатар кәсіпкерлерге ұсыныс жасаған едік. Сөйтіп, әр мекемеге бір отбасыдан бекіттік. Компаниялар біздің ұсынысымызға қолдау танытты, – деді Шыңғыс Мұ­қан. – Өңірдегі соғыс арда­герлеріне қамқорлық жүйелі түрде көрсетіліп, осы мақсат үшін жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлініп ке­леді. Соның ішінде 500-ден астам Ауған соғысы арда­ге­рлерінің әрбіріне ай сайын кө­мек ретінде коммуналдық қыз­­меттерге 3158 теңге көле­мін­де өтемақы төленеді. Облыс әкімі Б.Ізмұхамбетовтің тапсыр­ма­сымен қыркүйек айынан бастап, оның мөлшері 10 мың теңгеге өсіріледі. Оған жергі­лікті бюджеттен қосымша 12,2 млн. теңге қаржы бөлініп отыр.

Бизнестің әлеуметтік жа­уапкершілігі шеңберінде ал­ты отбасына демеушілік көр­се­ту үшін меморандумға «Неф­­­­те­стройсервис», «Сенім­ді құры­лыс», «Алем групп Қа­зақ­стан», «Ener­tech», «Тойес», «Рина Сер­висес Эс-пи-Эй» ЖШС өкіл­дері қол қойды. Енді бұл кәсіп­орын­дар өздеріне бекітілген отба­сы­ларға демеу­шілік жасауды бастамақ.

Бұдан бөлек Ауғанстанда қаза тапқан интернационалист жауынгерлерге арналған ес­керт­кішті Атырау қаласының орта­лық саябағына орнату көзде­ліп отыр. Ескерткіштің саяси мағы­на беретін ерек­ше­ліктері бар. Біріншіден, жоғарғы алаңдағы 10 баспа – 10 жылға созылған (1979-1989ж.ж.) соғысты білдіреді. Екін­шіден, ақ арка силуэті, биік­тігі 9 метрді құрайтын бітеу жар – Ауғанстандағы шың-шат­қал­дардың жиегін, Кеңес әскер­лері жанын пида еткен елдің мекенжай символын білді­реді. Үшіншіден, қорғаныс шең­бе­рін­дегі екі әскердің қола мүсі­ні – жат елде қалып қойған жігіт­тер­дің тағдырын бейнелейді. Төр­­тін­шіден, декоративтік жарда хабар-ошарсыз кеткен және қаза тап­қандардың аттары көрсетілген қола жазбалар, сонымен қатар, қазақ және орыс тілдеріндегі интер­националист жауынгерлердің аттарына ес­керткіш таңба қарас­тырылған.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы.