16 Тамыз, 2013

Ауыспалы егісті әртараптандыру мүмкіндіктері

1133 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

пашня-2Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақса­тын­да пайдаланылатын жерлердің жалпы көлемі 91,7 млн. га, оның ішінде егістік жерлер 22,5 млн. га құрайды. Негізгі егістік жерлердің 70 пайызы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, және Павлодар облыстарында шоғырланған.

Ауылшаруашылық дақылдарының жалпы егістік көлемі 2013 жылы 21,4 млн. га құрады, дәнді дақылдар 15,9 млн. га, оның ішінде бидай 13,0 млн. га жерге егілді. Ағымдағы жылы өсімдік шаруашылығындағы ауыспалы егістер құрылымында өндіріс жағдайында сұраныс жоғары басым дақылдардың көлемі ұлғаятын болды. Әсіресе, майлы дақылдардың көлемі 1,9 млн. га (өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 43,1 мың га жоғары), мал азықтық дақылдардың көлемі 3,1 млн.га дейін (265 мың га жоғары) ұлғайды.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақса­тын­да пайдаланылатын жерлердің жалпы көлемі 91,7 млн. га, оның ішінде егістік жерлер 22,5 млн. га құрайды. Негізгі егістік жерлердің 70 пайызы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, және Павлодар облыстарында шоғырланған.

Ауылшаруашылық дақылдарының жалпы егістік көлемі 2013 жылы 21,4 млн. га құрады, дәнді дақылдар 15,9 млн. га, оның ішінде бидай 13,0 млн. га жерге егілді. Ағымдағы жылы өсімдік шаруашылығындағы ауыспалы егістер құрылымында өндіріс жағдайында сұраныс жоғары басым дақылдардың көлемі ұлғаятын болды. Әсіресе, майлы дақылдардың көлемі 1,9 млн. га (өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 43,1 мың га жоғары), мал азықтық дақылдардың көлемі 3,1 млн.га дейін (265 мың га жоғары) ұлғайды.

пашня-2

Ағымдағы жылы осы мақсаттарға мемлекет тарапынан өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға барлық бағыттар бойынша 31,5 млрд. теңге бөлінді, ал оның ішінде басымды дақылдар өндірісін субсидиялауға – 18,6 млрд. теңге, минералды тыңайтқыш және гербицид бағасын арзандатуға – 7,0 млрд. теңге және тұқым шаруашылығын дамытуға 2,5 млрд. теңге қарастырылған. Осыншама мол мөлшерде бөлінген қаржы ауылшаруашылық кәсіпорындарын жедел дамытуға, өндірісті қайта құрып өзгертуге және жекеменшік иесі нысандарында тауарлы өнім өндіруді арттыруға мүмкіндіктер тудырады. Алдағы жылдарда өсімдік шаруашылығы елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Еліміздің солтүстік аймақтарында орналас­қан Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақ­стан облыстары негізінен дәнді дақылдар өсірумен айналысады. Олар республикадағы астықтың 4/5 бөлігін өндіреді. Жалпы, өңірде дәнді дақылдардан басқа да ауылшаруашылық дақылдарын ауыспалы егіс танаптарына орналастыруға топырақ-климат жағдайлары біршама қолайлы және өндірілген астық, май өнімін экспорттауға мүмкіндік мол.

Ауыспалы егіс зертханасының соңғы жылдар­дағы жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша аймақтағы егістік құрылымдарын әртараптандыруға төмендегі кез келген ауылшаруашылық дақылдарын өсіру тиімді болып табылады. Әсіресе, ауыспалы егістердегі егістік құрылымдарын әртараптандыру бағытында дәнді дақылдар арасынан арпа, сұлы, тарыны, дәнді-бұршақты дақылдарынан асбұршақ, ноқат, жасымақты, майлы дақылдардан зығыр, күнбағыс, қыша және рапсты, жемазықтық дақылдардан асбұршақ+сұлы қоспасы, жүгері, көп және бір жылдық шөптерді кіргізуге болады.

Ауыспалы егіс зертханасының көп жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының деректері өңірдегі оңтүстік қара топырақта осы ауыл­шаруашылық дақылдарын таза сүрі жер танабы орнына өсіргенде әр гектар ауыспалы егістің көлемінен алынған астықтың орташа өнім­ділігі төмендегідей болды. Арпадан – 23,8 ц, сұлыдан – 23,2 ц, асбұршақтан – 13,3 ц, ноқаттан – 12,0 ц, жасымақтан – 10,4 ц және зығырдан 8,7 ц өнім алынды.

Айта кететін жайт, таза сүрі жер танабының орнына кез келген ауылшаруашылық дақылдарын өсіру қолайлы және егіс егілетін жерлер бос жатпай, тиімді пайдаланылады. Осы аталған дақылдарды өңделген жерлерде тиімді пайдалану мақсатында ауыспалы егістегі таза сүрі жер танабының орнына орналастырғанда айналдырған 3-4 ай көлемінде тұрақты астық және малазықтық өнімдер жиналып алынады. Бұл өз кезегінде жалпы ауыспалы егіс көлемінен астық шығымын ұлғайтуды қамтамасыз етеді, қосымша жасыл балауса, пішен, сүрлем, малазықтық өлшем алынып және өте жоғары экономикалық тиімділікті құрайды.

Ең негізгісі, осы ауылшаруашылық да­қылдарын ауыспалы егіс кестесіндегі танап­тарға енгізгенде топырақтың беткі қабаты өсімді к калдықтарымен әрдайым жабық күйде болып, топырақты жылдың кез келген мезгілдерінде болатын әртүрлі эрозиядан қорғайды және уақыт өте келе біртіндеп топырақтың құнарлылығын қалпына келтіреді.

Енді осы дақылдарды өндіріс жағдайында енгізу үшін ауыспалы егіс жүйесінің егістік алқаптарында міндетті түрде егіншіліктің жоғары мәдениеті сақталуы қажет, арамшөп­термен күресу шараларын қүшейту керек және тағы да басқа агрономиялық шаралардың орындалуын бақылауда ұстаған жөн.

Қорыта айтқанда, соңғы жылдары ауыл шаруашылығына пайдаланылатын егістік жерлердің аймақтық ерекшеліктеріне байланысты қор үнемдейтін технологияларды қолдану және құқықтық қарым-қатынас жүйесі өзгеруі, баға, несие, қаржы саясаты біршама реформаланып, басқару механизмі жеңілдетіліп және өңірдегі өндіріске сұраныс жоғары басым дақылдарды өсіру шаралары іске аса бастады, ал осы атқарылған істер өсімдік шаруашылығында ауыспалы егістерді әртараптандыруда өте көп мүмкіндіктер береді.

Алдаберген ҚИЯС,

А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы

ғылыми-өндірістік орталығының ауыспалы

егіс зертханасы меңгерушісі.

ШОРТАНДЫ.