Сүйінбайдан Жамбыл қалай бата алды?
Жетісу жерінде Сүйінбай аты аңызға айналған адам. Өлең жүрегіне қонған бала Жамбыл Сүйінбайдың Тезек төре мен қырғыздың Қатаған ақынымен болған айтысты жатқа білетін. Жамбыл да Жетісудың азулы ақындарының қатарына қосылмай ма?! Өткір сөз қылыштан жаман. Қылыш басыңды алады, сөз ұрпағыңа таңба салады. Бұдан кейін жер басып жүрудің өзі азап.
Жамбыл дүниеге шыр етіп келгенде Сүйінбайдың аты Алатаудан асып, асқақтап тұрған. Елудің үшеуіне келген, екпінінен жел ескен Сүйекең басына қонған баққа шомылып жүрген. Ақын – адалдықтың ақ алмасы. Мынау ағайыным, анау жұрағатым, мынау төрем, анау бай туыс демей, шындықты шырақ етсе, оның тұсында халық жүреді.
Сүйінбайды бір көру Жамбылдың арманына айналды. Білгені Сүйінбай ағайынның алысы емес, жақыны. Шапырашты ішінде Екей баласы. Соның Жарымбетінен. Жарықтықтың төрт әйелі болған екен. Бертіс деген әйелінен Жарымбет көп бала сүйеді. Жамбыл осы Бертістен тараған ұрпақ. Ал Сүйекең Әлти деген тоқалынан туады. Жатыры бөлек демесең, тіні бір. Ақын болғысы келген адам ең алдымен өз тұқымын түгендейді, кем-кетігін, жақсылығын тереді. Құда-жегжатқа дейін іріктеліп, ми-сандыққа жиналады.
Ағайынның азары болса да, безері болмайды. Жаныс Әшеке болыстың ауылында қоңсы, болмаса қайынсақ болып жүрген Жапаны елге әкелмесе, ағайындыққа сын. Сол Жапаны елге, атақонысқа алып кету үшін атақты Сүйінбай барады. Көшті күтіп Сарыбай болыс Суықтөбенің баурайында қалады. Жері құт, пейілі кең Жаныс қасқарау Бұғымүйіз-Бесмойнақта шапырашты бауырларын төрге отырғызып, малын жайлауға шығарған. Осы жерде малы қоңданып, өздері әлденіп, Қарғалы бойындағы Майбұлаққа көші түзеліп қайтады. Қасқараудың Малтақбайұлы Сыдық бастап, Үмбетәлі қоштаған тобы Майбұлаққа дейін әкеліп салып, үйлерін тігіседі. Сол Үмбетәлі – менің бабам, Қалижанның әкесі.
Дулат пен шапыраштының еншісі бөлінбегенін тарихи жәдігерлер айтады. Сол деректің жарқын көрінісі шапырашты-дулаттың қоңсы қоныс тебуі. Ағайынды екі туыс қатар отырады. Бір ауыл – дулат, бір ауыл – шапырашты. Сонау Сүйінбай ақын баба кезінде бұл ерекше орын алады. Мысалы, Жамбыл Сүйінбай ақынды Қасқарау Жаныстың мекені Бұғымүйіз, Бесмойнақ сағасында көреді. Бұл пейіш мекен, ғажайып жер. Екі таудан екі өзен құлай ағып, Бесмойнақ етегінде қосылып, Арнаға айналады. Сол екі таудың ортасында теп-тегіс жазық бар. Ол жерде жеті қат жердің астынан қыста да қатпайтын зәмзәм сулы бұлақ бар.
Сүйінбайдың аты дүркіреп шыққан кезі. Тезек төрені тепсіндірмей тұқыртып, айтқан сөзі аңызға айналған кез. Жамбылдың кеуде сарайына бекінген Сүйінбайдың бір өлеңі бар.
Ат құйрығын бұлаған,
Қол жеткен жерін сұраған.
Егескен жауы жылаған.
Қызыл тілін безеген,
Найзасын тасқа тежеген,
Тұлпар мініп, ту алған,
Мен Қарасай ұлымын.
Жамбыл Сүйінбайдың бар өлеңін жатқа біліп те алған. Тезек төремен айтысын айтқанда ауыл жастары ерекше қуанышқа бөленетін. Өйткені Жамбыл өте тапқыш. Екі домбыраны екі жағына қояды. Екі шекпен қасында, екі бас киім. Бірі жаңалау, екіншісі көнелеу. Сонан соң бірде Сүйінбай, бірде Тезек төре болып, дауысын ұқсатыңқырап әндете жөнеледі. Оған қоса бағанда ілініп тұрған аттың қу басын әкеліп, жастықтың астына тығып қояды. Сонан соң Жамбыл-Тезек:
Мен едім Абылайдың хан Тезегі,
Жылқының ұстатпайды сұр көжегі.
Ордаға құл мен құтан басып кірген,
Құдайдың бұ да болса бір кезегі.
Атамды шалған Қыдыр Абылайдан,
Жақсының көңілі жұмсақ сары майдан.
Шөл бүркіті Бүйенген сары жігіт,
Сұраймын руыңды, келдің қайдан?
Тезек төре торғайдың шөжесіндей бір орнында отыра алмай, селдір сақалы дір-дір етіп, ешкінің текесіндей жылдам екенін Жамбыл жақсы білетін. Енді сол сипатты салып Жамбыл отыр. Оған бәрі мәз.
Жамбыл-Сүйінбай:
Ұраным менің – Қарасай,
Мен – Сүйінбай!
Өлеңді Қарасайлап айтамын-ай!
Сәлемге келген кісінің атын алып,
Неден пейілің тарылды, тақсырым-ай.
Ассалаумағалейкум, Тезек төре,
Елден жылқы қоймаған кезеп төре!
Телі менен тентекті тыят десе,
Өзің ұрлық қыласың әттегене!
Осы кезде Жамбыл қара сөзге көшеді. Тезек төре әрі сараң болса керек. Сүйекеңе сілесі қатқан, сары атты береді. Соған Сүйінбай Тезек төреге қарап былай депті:
Тақсыр-ау, бұл бергенің сары ат па еді?
Аузында бір тісі жоқ кәрі ат па еді?
Кірпігіне қарасам, қурап қапты,
Тұсында Абылайдың бар ат па еді?!
Тезек төре жерге кіргендей қара сұр болып отырып қалыпты. Сонан соң Сүйекең сары ат болып сөйлепті:
Сары ат:
Тұсында Абылайдың мен бір сары ат,
Жас күнімде болып ем ерге қанат!
Талай құда келгенде, талай досы,
Бермеп еді, хан Тезек мені қамап.
Мойнымнан жел, бойымнан әлім кетті,
Әл кеткен соң өзіме кәрілік жетті.
Ала жаздай бойыма шыр бітпейді,
Қыс болса, өкпе тұстан суық өтті.
Жамбыл аттың басын алып, екі қолымен арлы-берлі қозғап қояды. Бұдан артық қандай қызық болсын! Ана қойдың басы неге керек? Жамбыл одан әрі қызықтыра әңгімелейді.
– Тезек төре сөзге жеңіліп, басы түйе тоғыз мал беріп, тай сойып, қонақ етеді. Қоштасарда қараса, тоғыздың ішіне жетекке жарамайтын, жауыр болған қаракер ат бар екен. Ақынның қырағы көзі соны байқап қалады. Сонан соң тоғыз қараға жақын келіп, қаракер атқа былай депті:
Бейшара, болдырыпсың, қаракер-ай,
Кешке жаяу жүрсем де алмаймын-ай.
Өзі жауыр, өзі кәрі ақсақ екен,
Мұныңды алып елге бармаймын-ай.
Орта жолда болдырып, өліп қалар,
Мұның мен обалына қалмаймын-ай.
Қаракер, жөніңді айтшы өзің маған,
Айтсаңшы, қайдан келген
сорлы едің-ай?!
Жамбыл осы жерде сөзді келте тоқтатады. Бәрінің көзі Жамбылдың аузында. Тағатсыздық. Бәрі ентелеп отыр. Осы кезде Жамбыл аттың басын иығына дейін апарып, қаракер болып сөйлейді:
Мен жөнімді айтайын, ай, Сүйінбай!
Түргендегі мұжықтың аты едім-ай.
Төрең барып сол жерден алып келген,
Қысы-жазы өзімде бір тыным жоқ,
Үстіме шыр бітпеген қу едім-ай!
Жамбыл енді арқасын кеңге салады. Асықпай, сақалы бар адамдай иегін сипалайды. Көзін жұмады, екі тізесіне салмақ салып, теңселіп қояды. Бұл – Сүйінбай кейпі. Сүйінбай енді сөйледі, сөйлегенде бүй деді:
Ұйтқыған әрбір сөзім жел құйындай,
Хан-қараға сөйлеген мен Сүйінбай.
Арыз айтып алдымда жылап тұрған,
Көрдің бе жандарды, қаракер тай.
Ұрлығына мінгізіп күндіз-түні,
Малдықтан кетіріпсің оны былай.
Ал жерден арқаға пышақ салған,
Төре, Құдай болсаң да тартсаңшы айбат!
Енді Жамбыл Тезек төре бола қалды. Бағанағы маңғаз, керенау отырыс жоқ. Шындық бетін шарпыған. Оттай ыстық шындық. Мойындамасқа шара жоқ.
Тезек төре:
Тұсында Абылайдың Бұқар жырау,
Хан Әділдің кезінде Түбек тұр-ау...
«Әр заманның бар дейді сұрқылтайы»,
Сұрқылтайым менің де екен мынау!
Тезек төре сүрінді. Сүйінбай сөзі тарады да кетті. Ащы сөз не жақындастырады, не көрместей болып алшақтатады. Тезек төре ғана емес ақын да еді. Ақыннан ақын жеңілсе – жеңіл, төре жеңілсе – ауыр. Осы екіұдай көңілмен Тезек Сүйінбайды сүйеу тұтып қалып еді. Сол сенім алдамапты. Сүйінбай қырғыздың Қатағанымен айтыста Тезек төренің атын шығарды.
... Бұғымүйіз-Бесмойнақтың сары жазы көңілді. Самал жел, саф ауа, көкорай майса сылдырлап аққан бұлақ. Бұрқ-бұрқ қайнаған ет. Қып-қызыл болып пісіп жатқан бауырсақ. Желіде – құлын, көгенде – қозы, месте пісілген сары қымыз. Он екі қанат үйде Сүйінбай отыр. Әндетіп отыр, әңгімелеп отыр.
Осы кезде жарапазаншының дауысы естілді. Сүйінбайдай ұстаздан бата алып, ақындық жолына түспекші.
...Ақ сәлдесі басында,
Боз інгендей боздаған.
Қайтып сабақ береді,
Айтқаны ішке қонбаған,
Оқығанша мен одан,
Домбыраны қолға алам,
Өлең кірген түсінде,
Жергөгімде мен болам...
Баланың сөзі ерек, өлеңі бөлек. Сүйінбай ұнатты. Екейдің Тағаш пен Дүйсен байлары қасқару жанысқа қоңсы қонып, мәре-сәре болып жатқан. Әрі жұртты елеңдеткен екі есім бар. Бірі Сүйінбай да, екіншісі Саурық. Тосын дауыс Сүйінбайды селт еткізді. Өлеңнің киесі қонған бала ғана мұндай сөз айта алады.
Жамбыл имене кіргенмен аңтарылып қалған жоқ. Көзі өткір. Сопақша жүзі нұрланып тұр. Кішкентай домбырасы иығына асылыпты. Жаңағы сөзіне тәнті болды ма, киіз үйдің іргесінен шапан алып, бала Жамбылға жапты. Жамбыл шапанды Сүйінбайға ұсынып, бата сұрады. Ақындықпен тапқан шапанына құтты болсын айтып, Сүйінбай кейін бір батама лайық сый жасарсың деп, қолын жайды:
О, Жамбыл, бата дедің – бердім саған,
Бақытты, өмірлі бол, жүргің аман.
Батасын ат орнына берді ғой деп,
Қоймағың былай шығып кінә маған.
Соңынан Сүйінбайдың орнын басып,
Тіліңнен балың тамсын сорғалаған.
Жапаға риза болсын айта барғын,
Осымен өкпелемей жүрсін маған.
Әумин!
Бұл бата қабыл болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарғалы бойында Әшекей үйінде Жамбыл Сүйінбайды көрген. Бірақ әлі балаң еді. Сондықтан да бата сұрай алмаған. Енді он беске келген шағында оң-солын таныды. Ақындықтың қонғанын сезінді. Бұл кездесу Жамбылдың тағдырын мүлдем өзгертіп жіберді. Сүйінбайдан бата алып қана қоймай, қасына ілесу құрметіне ие болды. Сүйінбай батасына өлең мен шапан жапты.
Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сиынбай.
Сырлы, сұлу сөздері,
Маған тартқан сыйындай.
Сүйінбай деп сөйлесем,
Сөз келеді бұрқырап,
Қара дауыл құйындай.
Мұса Жәлел келген күн
«...Националь» қонақүйіне ертесіне бір сарықоңыр коверкот костюмі бар, аласа бойлы, кең маңдайлы, көзі өткір бір жас жігіт келіп кірді. Ол аяғын тез-тез басатын, жылдам жігіт екен. Шамасы отыздың ар жақ, бер жағында болса керек.
– Мен аты әлемге мәшһүр Жамбыл бабама сәлем беруге келдім, – деді ол мойнын залға қарай созып.
– Кім боласыз? – деді Қапан Сатыбалдин.
– Мен татар ақыны Мұса Жәлелмін, – деді ол Қапанды ығыстыра кимелеп.
– Жіберіңдер, татар ақынын, Ғабдолла Тоқайдың қандасын. Біздің алыста жүрген бауырлар ғой, – деп Жамбыл қасына отырғызды.
«Тоқайдың есімін білген мына қазақ ақыны баба екен ғой» деген ой Мұса Жәлелді тәнті етті. Бұл кезде Мұса Жәлел орыс оқырмандарына танылып үлгерген ақын еді. Мәскеуде екі кітабы шыққан.
– Баяғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда.
Қазан деген қалада,
Нәрікбай атты хан өткен
Бір перзентті зар еткен...
Жамбыл ақын осылай татардың жас ақыны Мұса Жәлелді қарсы алып, қасында ұзақ отырды. Дастарқан жайдырып, ұлттық тағамдардан дәм татқызды.
– Сіз Жамбыл әбзи, күллі түркі әлемінің ұлы бабасысыз, – деп Мұса Жәлел Жамбыл ақынды ұзақ құшақтап тұрды.
...Жүрегінде от бар екен, Маржанидің ұрпағының, – деді Жамбыл. – Бір жерді тесіп шығады. Аты аңызға айналады.
Шіркін, Жамбыл баба! Татардың ұлы ағартушысы, діни реформаторы Маржаниді, Ғабдолла Тоқайдай ақынын қайдан біледі. Құймақұлақ деген осы-ау деп таңдай қағып отырды Қапан Сатыбалдин.
Көреген екен Жамбыл ақын! Неміс фашистерінің тұтқынында қалса да, «Маобит дәптері» арқылы Мұса Жәлел адамзат жүрегінде алтын әріппен жазылып қалды ғой...
Өлең өтірікті жаратпайды
Жамбыл әр жырды домбыраға қосып шығарады және өзіне зор талап қоя білетін. Сондықтан да әдеби хатшылары жырау ақынға ілесе алмай қалатын. Сондықтан да қайта айтуды сұрайтын.
– Қызталақ, – дер еді мұндайда ұлы Жәкең. – Менің жүрегімнен шығып, қос ішекке ілігіп, көмейінен шыққанша қанша уақыт кетеді. Ал дайын сөзді жазып алуға үлгермейсің.
Содан соң үзілген сөзді қайта бастайтын. Бірақ онысы енді басқаша түрленіп, жаңа реңк алатын.
Сондай күндердің бірі еді. Ақынның талантты хатшысы Тайыр Жароков Жамбыл жырларын жазып алып отырған. Өлең аяқталды.
– Ал енді жазғаныңды оқы, – дейді Жамбыл. Тайыр оқи бастайды.
– Жоқ, мына жері осал, нәрсіздеу екен. Қайта айтамын.
Жәкең домбырасын әрлі-берлі тартып, көзін жұмып біраз отырады. Сонан соң:
– Ал жаз, – деп төге жөнеледі. Өлең де жүйрік, Тайырдың қаламы да жүйрік.
– Кәне, оқып жібер, – дейді Жамбыл.
Тайыр мәнерлеп оқи бастайды.
– Әй, Тайыр, – дейді Жәкең. – Мен хат танымаймын. Ғалым емеспін. Көңіліңе қонбай тұрса айт. Қайта жырлаймын. Қайта жазамыз...
Сонан соң біраз отырып ойланады, толғанады. Әр тақырыпты қозғайды. Заманның қалпын байыптайды. Осындай да Жәкеңді құтқаратын қабырғадағы қара радио. Жамбыл оған үнемі құлақ түріп, тыңдап отырады. Өзіне қажетті деректі көңіліне тоқи отырады.
– Сен бақыттысың ғой, Тайыр, – дер еді кейде Жамбыл рақат шуағына бөленіп. – Білімдісің, көзің ашық. Өшіріп жазасың. Ал мен жүректегі жырды қалай өшіремін. Сондықтан да әр жырлаған сайын өлеңім өңделе түседі.
Жамбыл ақын кейде ағынан жарылып жүрекке, көңілге келген ойын ірікпей айтатын. Өз өлеңінің кем-кетігін түзеуден жалықпайды.
– Сен шаршама, Тайыр, – деді сондай күндердің бірінде Жамбыл ақын. – Көріп отырмын, маңдайыңнан тер бұрқырап отыр. Бірақ «Жамбыл шаршапты, жыры солғын тартып барады» дегенді естігім келмейді. Мендей қартқа жалған сөз жараспайды. Кәне, қайта бастайын.
Тайыр өлеңді оқи жөнеледі. Жамбыл шәкірт секілді өз өлеңін өзі зер сала тыңдайды.
– Әй, Тайыр, дәл осы жерін сен қалай айтар едің, – деп қуақылана сұрар-ды.
Тайыр өз пікірін айтады. Жамбыл мұндайда өкпелемейді.
– Жас ақыннан шал ақын үйренсе, несі бар. Бірақ мына сөзің ұйқас үшін ғана керек сияқты. Оны былай деп өлеңдеп жіберелік. Сонда өлеңнің бойына жан кіреді...
Орынды сөзге Тайыр қалай көнбесін?! Қаламын алып Жамбыл түзеген жерді қайта түзетіп жаза қояды.
– Есіңде болсын, Тайыр, – деді Жамбыл. – Өлең өтірікті жаратпайды.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
филология ғылымдарының докторы,
ҰҒА академигі