Таным • 28 Ақпан, 2020

Махамбет Батырбаев: Адамды шыңдайтын еңбек

812 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Биыл қазақ мұнайына 120 жыл толса, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы 55 жылға аяқ басып отыр. Саналы ғұмырын өндіріс алаңында кен игеруге арнаған мұнайшының бірі – Махамбет Батырбаев. «Өзенмұнайгаз» басқармасынан соң Теңізмұнай өндірістік бірлестігінің бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті қызметтерін атқарғанда майталман мұнайшының өнегелі өмір жолын баян еткен әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.

Махамбет Батырбаев: Адамды шыңдайтын еңбек

– Аға, әңгімені балалық шағыңыздан бастасақ. Бола­шақ мұнайшы қандай отбасында дүниеге келді?

– Мен 1943 жылы 24 қаңтарда Гурьев қаласында өмірге келдім. Әкем 1942 жылы қазан айында Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, оралмады. Әкем кеткенде іште қалған алты айлық баламын, алдымдағы апам 12 жаста, ал ағам 5 жасар бала еді. Бізді өсірген, жеткізген анам – Қалы. Денесінде меңі болған болу керек, қазақы ырымда ондай адамдарға Аққал, Қали деп ат қойып жатады. Ол кісі 1907 жылы туған, күйеуі соғысқа кеткенде жалғыз өзі бір отбасының тірегі болып қалған. 35 жастағы әйел ғой. Қасында сүйеніші күйеуі болмаса, өзі оқымаған бол­са не істей алады? Оның та­бандылығы мен қайсарлығын үнемі айтып келемін. Анама тарт­қан өңім ақшыл. Ол кісі ту­мысынан өте таза, үйдің іші-сыртына ықтиятты жан еді. Әріп танымағаны былай тұр­сын, қол қоя алмайтын. Бірақ ақыл­ды, көргені көп. Бізді көп ер­ке­лет­пей­тін, есесіне талапшыл еді. Мек­тепішілік жиналыстардан қалмай баратын. Түсінбесе де, тың­дайды. Үйге келген соң ана сабақтан кемшілігің мынадай, мына сабақтан білмейтін тұсың мынадай деп айтып келеді. Үне­мі қамшылап отырды. Соғыс, со­ғыстан кейінгі уақытта өмір сүру қай-қайсымызға да оңай тиген жоқ.

– Сол кездердегі тіршілік тынысы қандай еді?

– Қоғам өте жұпыны болға­ны­мен, ағайыншылдығы мен бауырмалдығы басым болатын.­ Көрші-көлем, туған-туыс жылына бір үй көрсетіп, дәмге ша­қыратын. Әр уақытта дас­тар­қан жаюлы. Ет болмаса да,­ наурыз кезінде күріштен көже жасап, үлкен кісілерді ша­қырып шай беретін. Сары май­ салып, соғып алатынбыз. Со­ның өзі маған жетіп жата­тын. Сөйтіп жүргенімізде алдымдағы әпкем жұмыс істеп, бірте-бірте тұрмысымыз түзеле бастады. Ағам көлік айдады, жүргізуші болды. Өзіміз тұрған қаладағы қазақ орта мектебіне барып, онжылдықты сонда аяқтадым. Мектепте үздік болдым деп айта алмаймын, әйтсе де физика, химия, география пәндерін ұна­тып оқыдым. Қалғандарын да қалдырмай оқисың, өйткені күн сайын сабақ сұрайды. Әсі­ресе мектеп директоры Ғинаят Абдрахманов деген тарихтан сабақ беретін ұстазымыз «Ке­ңес Одағы Коммунистік пар­тиясының пәленінші съезі қашан өтті?»  деп төтесінен сұрақ қойып қалып, састыратын. Содан амал жоқ газет-журнал ақтарыстырып қоғаммен қатынасуға тура келді. Пионер болдық, комсомолға қабылдандық. Өмірдің талабы сол, өзіңді қоғамда ұстай білуің керек. Сонымен мектепті аяқтаған соң қатарлас балалар Алматы, Ақтөбе сияқты қа­ла­ларға кетіп жатты. Ондай алыс­­қа бара алмайтынымды түсіндім.  Мектептің қасында 50 метр жерде Гурьев мұнай тех­никумы орналасқан. Онда құжат тапсыру үшін мектеп директорынан мінездеме керек­ екен. Жағдайымды айтып, тү­сіндірдім. Емтихан тапсырып, түсіп кеттік. Әрине техникумға түскенде мұнайшы болам деп алдыма мақсат қойған жоқ едім. Бірақ оқыған мамандығымыз мұнай саласына жатады екен. Яғни, бұрғы ұңғымасын қазады, қолыңа геофизикалық құралдар береді. Сол арқылы қай жерде, қандай тереңдікте мұнай, газ, су бар дегенді шығарып беріп жүрдік. Осыдан соң техникумда қатар оқыған төрт баланы Каспий теңізінің шығыс жағындағы Форт-Шевченко қаласына іс-тәжірибеге жіберді. Техникум бітіріп кел­геніміз үшін бірден төртінші дәрежелі маман деп жұмысқа қабылдады. Бұл 1963 жылы болуы керек. Дереу барлау жұмыстары басталып, тапсырыс бойынша Жетібай мен Өзенге кетеміз. Жол жоқ, шаң-тозаң. Жетібай кен орны Форт-Шевченко қаласынан 220 шақырым, ал Өзен кен орны 300 шақырым қашықтықта жатса, Гурьев қаласынан 1200 ша­қы­рым­да орналасқан. Кейде жолда қонып қаласың, бір күнде жетіп бара алмайсың. Өндіріс ор­нын көріп, жақсы шыңдалдық. Алғашқы еңбек жолым осылай басталып кетті. Армияға кетпес­ бұрын Мәскеудегі сырттан оқы­татын Бүкілодақтық по­литехника институты жер-жер­ден үміткерлерді шақырып жатты. Құжаттарымды өткізіп, тиісті емтиханды тапсырған соң 1963 жылы 19 қазанда мені әскерге алып кетті. Кейін әскери бөлімге институт құжат анкетасын жіберіпті. «Бүкілодақтық сырттан оқыту политехника институтының тау-кен инженер геолог мамандығына бірінші курсқа қабылдандыңыз. Әскери борышыңызды өтегеннен кейін нақты анықтамаларды тапсырып, оқуды жалғастыра аласыз»,­ деген сыңайда хат жолдапты. Содан әуелі Ташкентте бір жыл, кейін екі жыл Қара­қал­пақ­станның орталығы Нүкіске жақын Тақия-таш деген жерінде әскери борышымды өтедім. Келген соң 1969 жылға дейін Форт-Шев­ченко қаласында, Жетібай, Өзен кентінде жұмыс істедім. Мәс­кеуге құжаттарымды өткізіп, 1972 жылға дейін сырттай оқы­дым. Келе сала Маңғыстауда, Же­тібайда жұмыстарымды жал­ғас­тырып жатқанмын, алайда отбасылық жағдайым бойынша Гурьевке қайтуыма тура кел­ді. Өйткені ағам 29 жасын­да аяқастынан қайтыс болып,­ үйде анам жалғыз қалған-тұ­ғын. Апам тұрмыста. Бұл уақыт­та «Маңғыстаумұнайгаз» өн­дірістік бірлестігінің өсіп-өркен­деп жатқан кезі. Гурьевтегі Қа­зақ мұнай ғылыми-зерттеу және жобалау институтына (Гипроказнефть) жұмысқа қа­был­дандым. Бұл – мұнай өнер­кәсібі саласында жобалау-смета қызметтерін жүзеге асыратын Қазақстанның жетекші инс­титуттарының бірі. Сол жерде 10 жылдай аға қызметкер, сектор меңгерушісі болып жұмыс істедім, бірақ барлық жобаларым Маңғыстаумен тікелей байланысты болды. Сырттай оқып жүргендіктен ондағы еңбекақым 10 пайыз кем беріліп келді, кейін оқуды аяқтаған соң қосып бер­ді. Соның өзі әжептәуір біз­ді қы­зық­тырып, көңілімізді өсі­ретін. Бар­лығы тектен-тек бола салған жоқ. 

– Ал «Өзенмұнай» мұнай- газ өндірістік басқармасының бас геологі қызметіне қандай дайындықпен келдіңіз?

– Басшылыққа істеген жұ­мы­сым ұнаған болу керек, «Маң­ғышлақмұнай» бірлес­ті­­гінің бас директоры, әйгілі мұнайшы Виталий Иосифович Тимонин мені қабылдауына шақырды. «Өзенге жұмысқа жіберуге сені ұйғарып отырмыз, барасың» деді. Артынша ке­зінде мұнай өндіру шебері болған, Қазақстан Коммунистік партиясы Жаңаөзен қалалық комитетінің бірінші хатшысы Ислам Әбеновке қоңырау шалып, «Осындай маманды Өзенге жіберіп жатырмын» деп хабардар етті. Ол кезде міндетті түрде партия органдары мен бас­шылықтың мақұлдауы керек. 1978 жылы наурызда бұйрықпен Жаңаөзен қа­ласындағы «Маң­ғышлақ­мұ­най» өндірістік бірлес­тігіне қарасты «Өзенмұнай» өндірістік басқармасының бас геологі болып кете бардым.  Бас геолог деген атағы қандай мықты болса, жүктелетін жауапкершілігі одан екі есе зор. Аянбай жұмыс істедім, өйткені басқа жол жоқ еді. Бәлен мың ұңғыма, отызға жуық горизонт, оларды игеру оңайға түспеді. Табан аудармай үш жылға жуық жұмыс іс­теппін. Содан 1976 жылдан бас­тап мұнай өнімінің құлдырау кезеңі болып, 1981 жылы мекеме директоры Юрий Сергеевич Карчагин жұмыстан ауысатын болды. Обалы не керек жақ­сы-ақ істеді, бірақ бір себептермен жыл сайын жоспарды орындай алмады. Тиісті жос­пар уақытында орындалмаған соң, жоғары жақ жауапты адам­ға қырын қарайды. Кеңес Ода­ғының тірегіне айналған алты кен орны болды. Оның үшеуі Батыс Сібірде (Тюмень), Та­тар­с­тан мен Башқұртстанда, енді біреуі Қазақстандағы осы Өзен кен орны болатын. Осы айналдырған алты кен орнын Мәскеу үнемі бақылауда ұстап отырды. Көр­сеткіш ойдағыдай орындалып жатса министрліктің есебі толық болады, ал біреуі сыр берсе оның орнын толтыратын басқа кен орны жоқ. «Қара алтынның» қайнар бұлағына айналған «Өзенмұнай» кен орны жер шалғайлығымен ғана емес, мұнайының геологиялық-тех­­никалық, химиялық көрсет­кіш­терінің күрделілігімен ерек­ше­­­ленеді. Сондықтан өндіру үшін де үлкен тәжірибе керек болды. Ал ол кезде ондай тәжі­рибе мен жобалаудың үздік үл­гісі әлемде жоқ. 1979 жылы Мәс­кеуден Өзендегі жағдай бойынша маңызды бұйрық шықты. Се­бебі неде, ғылыми жағынан, техникалық тұрғыдан жетіспей жатқан тұсы қандай? Ол заманда министрліктен бұйрық шыға бермейді. Бірінші №595 бұй­рығы Кеңес Одағындағы бүкіл жерасты мұнайын көбейту ша­ра­ларына бағытталса, екінші №680 бұйрық тек Өзенге ар­налды.

Сонымен Кеңес Одағының мұ­най өнеркәсібі министрі
Н.Маль­­­­цевтің 1981 жылғы 19 мау­сымдағы №777 бұйрығымен «Өзенмұнай» өндірістік басқар­масына басшы болып тағайын­далдым. Абырой болғанда жос­парды кемітпей, көрсеткішті бел­гілі бір шектік мөлшерде ұстап тұрдық. 1990 жылға дейін жылына 10 миллион тоннадан мұнай өндірілді.

– Өнімді қабаттың температурасы мен қысымын ыстық су айдаумен көтеру арқылы мұ­­най өндірудің техникасын жетіл­діруге үлес қостыңыз. Мұн­­дай нәти­­желі шешім қалай іс­ке асы­­рылған еді? Осындай ай­ту­лы жетістік үшін Қазақ КСР мем­­лекеттік сыйлығы мен ака­де­мик И.Губкин атын­дағы ар­­­наулы диплом берілгенін бі­ле­міз.

– Өзен кен орнын тиімді пайдалану мақсатында осы жылдары өндіріске жаңа техникалар көптеп енгізіле бастады. Жердің астына су айдаудың әртүрлі әдістері болады. Бірлестіктің бас мамандары В.Тимонин, Ю.Юферов, А.Дергачев, Л.Дми­триев, С.Асылханов Мәс­кеу­дегі ВНИИ институтының ға­лым­дары Г.Вахатиов, С.Сафроновтардың көмегімен алдымен тәжірибелік аумаққа пайдаланып, кейін ауқы­мын кеңейте бердік. Осылайша Өзен кен орны су айдау әдісіне толықтай көшіп, тәуліктік ыстық су айдау көлемі 150 мың текше метрге жетті. Өндіріске енгізілген жаңа техника мен технологиялық әдістер мұнай өнімдерінің күрт төмендеуін тоқтатып, бір­қалыпты деңгейде ұстауға көп септігін тигізді. 1985 жылы тамыз айының 29-нан 30-на қараған түні 200 миллион тонна мұнай Отан қоймасын толтырып, тарихи датаға айналды. Осы уақыттарда Қарамандыбас мұнай-газ кен орнының жаңа жүйесін құруды басшылық маған тапсырды. Горизонт құрылымы мен мұнай құрамы тура Өзеннің баламасы деуге болады. Гурьевте институтта жүргенімде Қарамандыбас мұнай-газ кен орнының жобасын жасағаным бар еді. Көп ойланбастан іске кірісіп кеттік. Әрбір горизонтын жекелеген нысан ретінде алып, 7 дәлдік жүйесімен су айдадық. Одан соң дифференциалды қысыммен реттеп, сатылы-термальдық айдау әдісін бір жүйеге түсірдік. Мәселен, 1980-жылдары Қарамандыбас кен орны жылына 95 мың тонна ғана мұнай беріп келсе, келер жылдары өндіріс көлемін 750 мың тоннаға жеткіздік әрі ұлғайта бердік. Бұл – таза тиімді ыстық су айдау жүйесінің құрылуы. Осылайша қысым мен температураны бір қалыпта түсірмей ұстап тұруға мүмкіндік береді.

– Сізді танитындар үл­кен­ді сыйлайтын, кішіні маң­дайынан сипай білетін, қа­тарына құр­метті жан деп айтады. Өз-өзі­ңізді тәрбиелеуге, же­тілдіруге қан­шалықты мән бердіңіз?

– Адамды шыңдайтын еңбек. Дұрыс қойылған мақсатқа же­ту жолында еңбек ету адамды өсіреді. Кез келген орында бі­­рінші басшының әрекеті қа­ра­мағындағыларға үлгі болады. Қызмет барысында тәртіпке көнбегендерді жұмыстан шы­ғарған, тәртіпке шақырған ке­зіміз де болды. Алдымызға келген кей мұқтаж жандарға кезек­тен тыс көмектесіп, айтқан мәсе­лесін мұ­қият тыңдап, барынша оң ше­ші­луіне ыңғай жасауға тыры­с­­тық. Демалыс сайын аза­мат­тар­дың жеке мәселелері бойынша қабыл­дау өткізіп, бетінен қақпай, мүм­кіндік туғызғанды дұрыс көрдік.

– Жаңаөзен мұнайшылар мен газ өндірушілердің қа­ласы ретінде Маңғыстау түбе­гінде, шөл­ дала төсінде тұр­ғызыл­ды. Өткен мен бүгіннің са­бақ­­тас­тығы туралы не айтар еді­ңіз?

– 1990-1994 жылдары Қазақ­стандағы мұнай өндірі­сінде үлкен тоқырау болды. Өзен, Жетібай, Қаламқас, Қаражанбас кен орындарында мұнай көлемі күрт түсті.  Мысалы, Өзен мұнай кен орнында осы жылдары жылдық мұнай көлемі 10 миллионнан 3 миллион тоннаға дейін құлады. Өзен кен орнының өндірістік қуатын қалай арттырамыз деген сұрақ мемлекеттік деңгейде қоз­ғалып, барлығымызды алаң­­­­датқан мәселеге айналды. 1994 жылы маусым айында «Мұ­найгаз» мемлекеттiк холдинг ком­паниясының бірінші басшысы болған Болат Еламановтың бұйрығымен құрылған үлкен комиссия Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді. Комиссия құрамында мен де жұмыс істеп, кен орнының түйткілді сұрақтарын біржақты жүйелеу маған жүктелді. Жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізе келе, бір тоқтамға келдім. «Өзенмұнай» өндірістік басқармасын «Маңғыстаумұнай» бірлестігінен бөліп, өз алдына дербес бірлестік ретінде қай­та құру керектігі турасында министрліктен тиісті шешім шы­ғаруды сұрадым. Өйткені Өзен кен орнының дербес жұ­мыс істеуі өндірістің адымын кеңейтіп қана қоймайды, қаланың әлеуметтік жағдайын түпкілікті жақсарту үшін маңызды еді. Мұнай-газ өндірісінің жағдайына үлкен қамқорлық танытқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы өзінің Жарлығымен Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігін құрып, оның бі­рінші министрі етіп Равиль Шырдабаевты та­ғайындады. Артынша ол Атырау облысының әкімі болып ауысып, сол жылы министрлікті АҚШ-та білім алған, Мәскеуде көп жылдар жұмыс істеген, тәжірибесі мол,­ ин­женер, мұнайшы Нұр­лан Балғынбаев басқарды. Мұ­ның барлығы айтқанға оңай көрінгенімен, іс жүзінде тарихи маңызы зор оқиғалардың қызған шағы еді. Содан 1994 жылы күзде министр Нұрлан Балғынбаевтың бұйрығымен «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігі дербес мекеме болып құрылып, оның бірінші басшысы болып Жақсылық Жанғазиев, бас инженері Мұрат Құрбанбаев тағайындалды. Осыдан кейін өнеркәсіптің жаңа кезеңі басталып, өндірістің жылдық қуаты 6 миллион тоннадан асып жығылды. Сондықтан бүгінгі гүлденген Жаңаөзеннің көркеюі, өңір экономикасының дамуы осы дербес бірлестіктің құрылуынан басталды деуге әбден негіз бар. Өткендегі қиын уақыттарда алдыңғы шепте болған кешегі қарт мұнай­шы­­лардың ұрпақтары қазір де осы салада еңбектеніп келеді. Кен орнын игеруде ең ауыр, жауапты жұмыстарды атқарған мұнайшылардың, геологтардың, құрылысшылардың еңбегінің арқасында жетістікке жетіп отыр­мыз. 55 жылдың ішінде 387 миллион тонна мұнай өндірілді, ал мұндай көрсеткішке елімізде тек «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігі ғана ие болып отыр. Өткенде аралап көрдім, барлығы жап-жас, ысылған жігіттер. Соншама қызметкер өндіріс про­цесін тоқтатпай күні-түні ең­бек­ етеді. Келешекте мұндай қар­­қынмен мұнай өндіру кө­лемін 400 миллион тоннаға жет­кізуге толық мүмкіндік бар. Ғи­мараттары оңды, тұрмыс едәуір тү­зелген. Барлығымен таныс­тым, көрсетті, көрдік. Халықтың  көңілі көтерілген. Менің қалам, менің жерім, менің мұнайым деп жанашырлықпен жұмыс істесе барлығы шешіледі. Жас толқын алдыңғы буын ағалардың еңбек дәстүрін лайықты жалғастырып, адал іс атқарса, мұнайымыз көп, байлығымыз орасан болады. Ал оның игілігін көретін өзіміздің халық.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Ая Өміртай,

«Egemen Qazaqstan»