Тарих • 28 Ақпан, 2020

Боқты көтерілісі

2150 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

...Ол кісінің біздің ауылға қайдан тап болғанын біз білмеуші едік. Шешемнен тек «Балқияның бір кезде атақты байдың бұлаңдап өскен жалғыз қызы болғанын, асқар таудай әкесі, арыстандай ақырған ағалары тұрғанда асқан тәкаппар бойжеткенге жігіт атаулы сөз айтпақ түгілі, батып тіктеп қарай да алмағанын» естігем. Әйтеуір, ауыл жұрты есі ауысқан осы кісіге біртүрлі жылұшырай қарайтын.

Боқты көтерілісі

Тарихта «Боқты көтерілісі» деген атаумен қалған 30-жыл­дар­дағы көтеріліске Балқияның әке, ағалары түгел қатысқан, көтеріліс басшылары болған. Кейін, Кеңес өкіметінің бақай­ша­ғына дейін мұздай боп қару­лан­ған жазалаушы отряды қолы­на тек шиті мылтық ұстаған дала­­ның жалаңтөс батырларын аяусыз басып-жаншып, атып-асқан, тірі қалғандарын он-он бес жылдан түрмеге тоғыт­қан, Қазақстаннан жер аудар­ған. Сонда есіл әке, ақеділ ағалары­нан бір-ақ күнде айырылып, қы­зыл қырғынды көзі көрген бұла қыз қайғыға шыдай алмай есінен ауысып қалыпты.

…Балқияның несібесі жұрт­тан. Бірі су-сусынын, бірі шай-жемін, бірі нан-майын, енді бірі жылы-жұмсағын апарып береді. Шешеміз ондайға аяқ-қолды бізді жұмсайды. Бір таң­ғалдырғаны – Балқияның жер­ге шұбатылып түсетін, әр бұ­ры­мы қос уысқа сыймайтын жуан, көмірдей қап-қара қою шашы. Қазір шамалап отырсам, сол кездері ол кісінің жасы 65-66-ның маңайында болса керек. Бірақ шашында қылаудай бір талшық ақ жоқ. Құдай ақы, осы күнге дейін мұндай сұлу шаш­ты еш жерден көрмеппін. Бей­бақтың өзі-де соны сезетін болуы керек, жаз кездерінде есік ал­ды­на шығып, қос бұрымын тар­қатып, оны даңғарадай-даң­ғара­дай екі шылапшынға салып, ұзақ күнге шаштарын жуып-кептіріп жүретін. Кейін Бал­қия­ның ел кезіп жүріп қай­тыс болып кеткен хабарын ұзын­құ­лақтан естідік. Сөйтіп Кеңес өкіметінің кесірінен тағы бір текті ұрпақтың әулеті түп-тамырымен құрып-жо­йылды-ау деп, ішіміз ашып жүр­генде, Балқияның әкесі тірі болуы мүмкін, қызыл қырғыннан құтылып, ішкі Ресейге бой тасалап кеткен болуы керек деген болымсыз үміт жарық берді.

...Қарқаралы аудандық мем­лекеттік мұрағатын біраз ақта­рыс­тырғанда, онда Кеңес өкі­ме­тіне қарсы халық көтеріліс­тері жө­нінде жалпы мәлімет­тер бол­ға­ны­мен, біздің кейіпкері­мізге қатыс­ты, тіпті жанама бо­ла­тын­дай еш ақпарат таба ал­ма­дым. Қарқаралының бел­гілі өл­ке­танушысы болған, кейін Ре­сей­ге көшіп кеткен Ю.Попов­тың ең­бек­терінде де ондай дерек жоқ. Оның үстіне Сарыарқа да­ла­­сында 1929-1931 жылдары бол­­ған бү­лін­шіліктер туралы ар­на­йы зерттеу материалдары жүргізілмепті.

ОГПУ-дың мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 1929 жылы – 31 (350 адам), 1930 жылы – 82 (1925 адам), 1931 жылы 80 (3192 адам) бандалық топтар болған. Олар 450 партия-кеңес қызметкерін өлтіріп, үй­лерін өртеген, мал-мүлкін тона­ған, кеңестік құрылысқа қар­сы 372 арандату әрекетін жаса­ған. Мұрағат құжаттарында Ком­мунистік партияның Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Ф.Голощекин осы өңірдегі ал­ты ауданның малшылары бү­лік­­шілікке қатысқанын айтады: Қарқаралы, Қу, Абыралы, Шұбар­тау, Берқара, Ақтоғай аудан­дары. Көтерілісшілер «күш­­теп ұжымдастыру тоқ­та­тыл­­сын, кәмпескеленген мал-мүлік тегіс қайтарылсын», «са­лық азайтылсын», «діни сенімге ерік берілсін», «таптық күрес жо­­йылсын» деген ұрандар таста­ған. Әсіресе, Боқты тауларына бекініп алған Қарқаралы, Қу өңірінің көтерілісшілері кескілескен ұрыс салып, қызыл­дарға қатты тойтарыс берген. Халық көтерілістерін басу үшін 1931 жылдың 14 наурызы күні Қарқаралыда коммунистер мен комсомолдардан айрықша маңыздағы рота жасақталды. Үш взводтың әрқайсысында 20-дан атқыштар болған. Олар аудандық атқару комитетін, әскери комисариатты, аудандық партия комитетін, мемлекеттік банкті, сондай-ақ маңызды кәсіпорын ошақтарын тәулік бойы күзетті. Одан бөлек қолына «бердеңке», беліне наган байлаған айрықша милиция отряды құрылған.

22 наурыз күні ОГПУ, милиция және еріктілерден құралған бөлімше әскерлерінің біріккен тобы үлкен күшпен Боқты көтері­лісшілерін қоршап алып, жан-жақтан жойқын шабуыл бастайды. Бірақ жер жағдайын жақ­сы білетін жергілікті қазақ­тар қоршауды бұзып шы­ғып, Ақтоғай ауданының аумағы­на өтіп кетеді. Дегенмен, кес­кілескен ұрыста көтеріліс­шілер­дің біразы қолға түсіп қалады. Енді Керегетас тауына бекінген топ қатары Кеңес өкіметіне наразы жаңа адамдармен толығып, қарсылықты бұрынғысынан да өршіте түскен.

Жоғарыда аты аталған өлке­танушы Ю.Попов Боқты тауын­дағы ұрыс оқиғасын былай сурет­тейді: «Мен кезінде ОГПУ-дың шаруашылық жұмысында болған 85 жасар Хусайын Әлімбеков­пен әңгімелестім, ол кісі Боқты көтерілісін Әбдіәшкер Сариков деген кісі басқарғанын айтты. Әбдіәшкер мен оның ұлдары керемет мерген, әрі батыр көріне­ді. Қызыл әскерлерді атқанда оғын үшкірленген «буден­ный шәпкісінің» тура бесжұл­ды­зына тигізетін көрінеді. Көтерілісшілердің қаруын тас­татып, райынан қайтару үшін Семейден ОГПУ бастығы Чупин 50 солдатпен жеткен. Чупин қазақша сөйлейтін, майда тілді қу дейді, бірақ Әбдіәшкер оның алдарқатқанына көнбепті. Сөйтіп, Керегетаста тағы бір жойқын атыс басталған. Көтері­ліс­шілер тағы да қоршауды бұ­зып шыққан, бірақ өлгеннен аман қалған біраз адамдарын тағы да тұтқынға тастап кетуге мәжбүр болған. Қызыл ар­мия­ның қатары да едәуір сел­діреп қалған. Әбдіәшкердің соңын­дағы азғана топ енді Қызыларай тауларына барып бекінген».

Тарихи деректерге қараған­да, көтерілісшілер бұл жерде де қаша соғысып, қызылдардан тағы құтылып кеткен. Әб­ді­әш­кер Сариков пен оның 12 жасар ұлы Ыбырай, қандыкөйлек достары – Исабаев Әлдембек, Әубәкіров Мұсатай, тағы бір­неше адам Жуантөбе шат­қалы­на жасырынып, өздерін өкшелей қуған қызыл жендет­терден аман қалған. Кейін Әбдіәш­­кер мен оның адамдарын үйінде 4 күн жасырған Әубәкір Бек­­тем­баевты ОГПУ тұт­қын­дап, ату жазасына кесті.

Өлкетанушының айтуын­ша, Әбдіәшкер одан кейін ұлы­мен Семейге қашқан, одан Кемерово асқан, өмірінің соңын Пионер­ская кентінде өткізіп, 50-жыл­­дары қайтыс болған дейді. Жа­за­лаушылармен кескілескен ұрыс салған тағы бір топтың қол­басшысы Шора Жантеев 19 адамы­мен бірге Қызыл қайың шат­қалында мерт болды. Есіл ерлердің сүйегі әлі күн­ге дейін сол таудың бір бауы­рын­да ша­шылған күйінде қал­ған. Көтері­лісшілердің тағы бір бас­шысы Мұқаш Сариков (Әбдіәш­кердің ұлы болса керек) Тасөткел тауының басында оққа ұшты. Жергілікті жұрт оның денесін ұрыста қаза тапқан тағы 45 адаммен бірге Айнабұлақ бөлімшесінің маңайына жерлеген, оның ішінде әйелдер де, балалар да бар. Біздің айтпағымыз, осылардың ішінде көтерілісті басқарған Балқия апайдың әкесі қайсы болды екен? Бүгінде соны білетін біреулер қалды ма?

ҰҚКБ баспасөз орталығы даярлаған материалда Боқты көтерілісіне қатысушылардың үсті­нен Қарқаралы ОГПУ-ы екі іс жүргізгені, ол бойынша 125 адам өткені айтылған. Бұл адам­дар­дың 20-сы ату жазасы­на,17-сі он жылға, 23-і бес жыл­ға, 9-ы үш жылға сотталған, кей­біреулері Қазақстан аума­ғы­нан жер аударылған. Көтері­ліс 1931 жылдың 17 наурызынан 25 наурызына дейін жалғас­қан. Оған қатысып, жазалауға ілік­кендердің тізімін ҰҚКБ бас­пасөз орталығы жари­ял­ады. Осы тізімде көрсетіл­ген алты ағайынды Байдәу­летов­­­­тер: Мың­ғырбай, Жұма­діл, Жабыл­бай, Сарик, Бірман, Май­шеке немесе Байдәулетов­тер­дің немере інісі Әбдіәш­кер Сариковтан (Әбді) тараған Қамза, Мұқым, әлде Мұқаш есімдері назарымызды еріксіз аудартты. Өйткені Байдәулетовтер әулеті әрі көп ағайынды, әрі бай десе бай (мұ­рағат құжатында олардың 3096 жылқысы, 420 құлын, мыңдаған қойы болғаны айтылады). Әбдіәшкерде 170 жылқы, 26 сиыр, 24 түйе болған. Қой саны айтылмайды. Әбдіәшкер мен оның ұлдарының мергендігін, батырлығын тарихи деректердің өзі айтып тұр. Осыған қарағанда, ел аузындағы әңгіме мен тарихи деректерге сүйенсек, қызыл­дар­ды қақ маңдайдан атып, оғын «буденновканың» тура бес­жұл­дызынан тигізетін атақты мерген Әбдіәшкер Балқия апайдың әкесі болуы әбден мүмкін деп үміттенеміз.  Мүмкін ел ішінде осы жорамалымыздың жөн-жосы­ғын айырып беретіндер де табылып қалар?

 

Дәулетқали АСАУОВ