16 Тамыз, 2013

Бекболат ӘДЕТОВ:«Журналистикаға келгеніме де, осы өмірді көргеніме де өкінбеймін»

304 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

БЕКБОЛАТ 005Қазақ журналистикасының ардагері, жетпісінші-сексенінші жылдардағы «Социалистік Қазақстан» басылымының белді журналисі, тамаша аудармашы Бекболат ӘДЕТОВПЕН әңгіме

Мен негізінен журналиспін. Осы күнге дейін бірдеңе жазып жатсам, мақаламның соңына журналист деп жазамын. Журналистика жазушылықты тежейді, қасаңдатады деген бос әңгіме. Мәселен, Шерхан Мұртаза кімнен кем журналист, жазушы ретінде кімнен кем? Әнуар Әлімжановты айталық. Мұндай мысалдар жетіп артылады ғой.

БЕКБОЛАТ 005

Қазақ журналистикасының ардагері, жетпісінші-сексенінші жылдардағы «Социалистік Қазақстан» басылымының белді журналисі, тамаша аудармашы Бекболат ӘДЕТОВПЕН әңгіме

– Белгілі ақын ағамыз Өтеген Орал­бай­ұлы сізге арнаған бір өлеңінде:

Бір сөзді білмей қалсаң Бәкеңе бар,

Жатсынбас, жатырқамас жетеңе бар,

Әлгі сөз құлын-тайдай құлдыраңдап,

Өріске ойнақ салып кетеді олар...

Бекеңе сәлем берем сағынып бір,

Көп термин күтім таппай жабығып тұр.

Қазақтың небір сөзі, тұман басып,

Бекеңе жол таба алмай қамығып тұр, –

депті ғой. Шынында, сөз сыры, қазіргі баспасөз тіліндегі түйткілдер туралы шырқырап жүріп жазған бірталай ірілі-ұсақ­ты мақалаларыңыз біздің «Егемен Қазақ­станда» да, «Қазақ әдебиетінде» де, бас­қа басылымдарда да шығудай-ақ шық­ты. Солардан қандай нәтиже көрдіңіз?

– Алдымен айтарым: Өтегеннің өлеңі інінің ағаға деген наз көңілі, асырып айтқан бағасы болар. Әйтпесе, сөздің түбіне кім жетіпті. Өмір бойы осы төңіректе еңбек етіп, тер төгіп жүрсем де қазақ тілі байлығының 70-80 пайызын ғана білетін шығармын деп ойлаймын. Тегі, соған жетсем деңіз. Мұны қай жерде де айтып жүрем, оған замандастарым мен қаламдастарым куә. Мысалы, қазір жаз ғой, айналаңа зер салып қарашы: мың-сан шөп пен жүздеген ағаш түрлерін көресің. Бірақ біз қайсысының атын біліп жатырмыз? Мықтаса қырық-отыз шамалы. Гүлдің ше? Оншақтысын ғана. Біз қазақтың малдан, мал бағудан қол үзе бастаған шағында өсіп-жетілдік. Сондықтан осы атакәсібімізге байланысты қаншама сөздерді біле бермейміз. Ал менің анық ұстанымым: заты бардың аты бар. Білмесек өз кінәміз. Сол білмеске білгісі келмес келіп қосылды. Оның үстіне, орыс тілінің әсерімен бүлінген дүниеміз қаншама. Содан барып бүгінгі қазақ дүбәра тілде сөйлейтін болып барады. Марқұм Дәркембай Шоқпаров ондайларды «ана кара – мына кара» дейтін. Жарықтық Мөңке би бабамыздың: «Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,» – дегені осы шығар.

Күн сайын газет, журнал оқисың, ара-тұра болса да кітап қарайсың, теледидар көріп, радио тыңдайсың. Бұған жаңағы «ана кара – мына каралармен» күнбе-күнгі аралас-құраласыңды қос. Сонда санамызға әлгіндей «самал» сөздердің қаншасы қонақтап жатқанын ойлап көрші. Әсіресе, тілдің мәйегін татып көрмеген жастарымыз соның бәрін «өнер алды осы екен» деп қабылдамасына кім кепіл? Міне, бүгінгі ақпарат құралдары қызметкерлерінің иығына түсетін жүктің ауырлығы, бір есептен, осында.

Тіл туралы, бұқаралық ақпарат құрал­дарын­да тіл пайдаланудағы өрескелдіктер жайын­да жазбақшы болып қолыма қалам алуым­ның себебі осында еді. «Атым шықпаса жер өртейінші», біреулерді аяқтан шалып қалайыншы деген ой әсте болған емес. Әуелі Абай атамыздың « Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін...» дейтін сөзін нысанаға қойып басталған әңгіме, жақсылы-жаманды, біраз жерге барғаны рас. Өкпеге де қалдым. «Осы біреу кім? Әуелі өзін неге жөндеп алмайды», деген сыңайлы шаншу сөздерді де естідім. Алғашқы көрген «нәтижем» осы, қалқам.

– Дегенмен, бірді-екілі болса да, жөн сөзге тоқтағандар болған шығ