Облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал Қайрат Дәлбеков халыққа берген есебінде осындай деректер келтірді. Өткен жылы облыста 164 162 шетелдік пен азаматтығы жоқтар уақытша тіркелген. Көші-қон заңнамасын бұзған азаматтарға 27 млн 961 мың 221 теңге айыппұл салынып, толығымен өндірілді. Полиция генералы, сондай-ақ өз есебінде биылдан бастап енгізілген шетелдіктердің тіркелу тәртібіне, бүгінде өзекті мәселелердің бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысына тоқталды. «Сыбайластық бойынша жеке құраммен түсіндіру жұмыстары жиі өткізіліп тұрады. Алайда кейбір қызметкерлеріміздің тәртіп пен заңдылықты сақтамауы жағынан бірқатар мәселелер орын алды. Мәселен, сыбайлас жемқорлық бойынша анықталған 12 полицейдің үстінен іс қозғалды. Оның ішінде Сайрам АПБ Көші-қон қызметі бөлімінің бастығы Ғабит Дарханов өз лауазымын асыра пайдаланып, азаматшадан 50 мың теңге пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды», деді облыстың бас полицейі. Сонымен қатар, жағымсыз себептермен 40 қызметкер жұмыстан шығарылса, 510 қызметкер жазаланған. Ал 247 рейдтік іс-шара нәтижесі бойынша 202 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Өз қызметін мінсіз де адал атқарып жүрген полицейлер де аз емес. Бұл орайда генерал Қ.Дәлбеков қазығұрттық полицейдің бүтін бір отбасын асыраушысын суицид жасамақшы болған жерінен аман алып қалғанын мысалға келтірді. Көпірден секірмекші болған жас келіншектің құтқарылуы, суға батып өмірімен қоштаспақшы болған бойжеткен қыз бен Жетісайда орын алған оқиға бойынша полиция қызметкерлерінің өз жанын тәуекел ете отырып, көмек қолын созғанын және ерлік білекте емес, жүректе екенін атап өтті.
Өңірде мал ұрлығы қылмысы 34,1%-ға кеміген. Алайда Кентау қаласы мен Шардара ауданында керісінше мал ұрлығының өскені байқалады. Тәртіп сақшылары мал ұрлығын жедел ашу мақсатында «жалпы чат» әдісін қолдануда. Яғни, заңсыз тасымалданған малдар полицейлер тарапынан анықталып, бейне тіркегіштерге, суретке түсіріліп, арнайы чатқа жіберіледі. Мал ұрлығы туралы арызданып келген азаматтарға чаттағы бейнежазбалар мен суреттер көрсетіледі. Бүгінгі таңда мұндай әдіс өз нәтижесін беруде. Сондай-ақ полиция генералы өңірде криминогендік ахуал тұрақты екенін айтты. «Мәселен, республика көлемінде он мың тұрғынға шаққандағы қылмыс саны 128 болса, біздің облыста көрсеткіш 39-ды құрады. Яғни 2 миллионнан астам халқы бар Түркістан облысы еліміз бойынша ең қылмысы аз облыстардың қатарында», деді Қайрат Дәлбеков.