Таным • 02 Наурыз, 2020

Елге, Елбасына алғыс айтамыз

584 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ жерін өз Отаны деп санайтын этностар Қазақстанға тағдырдың теперішіне тап келген түрлі кезеңдерде келгені хақ. Солардың бірі – поляк ұлтының өкілдері. Бүгінде олар осынау қасиетті де, киелі топыраққа тастай батып, судай сіңіп қазақ халқымен бірге тату-тәтті тірлікте өмір сүріп, еңбек етіп келеді.

Елге, Елбасына алғыс айтамыз

Біздің ата-бабаларымыздың Ұлы далаға алғаш рет аяқ басуы сонау ХІІІ ғасырда тіркелген екен. Яғни Арал маңы арқылы Сырдария мен Іле алқабына тұяқ іліктіріп, содан соң Балқаш көлінің тұсынан өткен поляктар бүгінде тәуелсіз еліміздің ажырамас бір бөлігіне айналды.

Олар ортақ отанымыз Қа­зақ­с­танның дамуы мен өсіп-өркен­деуіне өз үлестерін қосуда. 1992 жылдың 6 сәуір күні Қазақ­стан мен Поляк республикалары арасында дипломатиялық қа­рым-қатынас орнатылды. Біз қа­зақстандық поляк этносының өкіл­дері сол кезеңнен бері қос мемлекеттің сенімді әріптестері ретінде тығыз қарым-қатынастар мен өзара байланыстар жасап келе жатқанына сүйсінеміз. Бұл жағымды жайт мерейімізді өсіріп, жанымызды жадыратады.

Сондай-ақ 1994 жылдың 20 наурызында Польшаның елшілігі Қазақстанда ашылса, 2000 жылдың қазанынан бас­тап Польшада Қазақстанның елшілігі өз жұмысын бастады. Қазақ топырағында поляктардың алғашқы бірлестігі сонау сек­се­нінші жылдары құрыла бастаса, Ақтөбе облысында мұн­дай қоғамдық ұйымның қаз-қаз басып, қызмет жасай бас­та­ғанына биыл 20 жыл толып отыр. Тағдырдың қазақ халқымен бірге болуды жазғаны біздің бақытымыз және алаңсыз ғұмырымыз бен еселі еңбегіміз деп сеніммен айта аламыз. Ұзақ жылдардан бері қос халық өкіл­де­рінің арасында титтей болса да жарықшақ, сызат түспегені атап айтуға тұрарлық мәселе деп санаймыз. Әсіресе, ұлтаралық татулықты сақтауға бүгінгі мерекелі өмір сүріп отырған қоғамды қалыптастыруға Елбасының қосқан үлесі өлшеусіз.

Біздің білуімізше, әлем халық­тары арасында қазақ халқын ерекшелендіріп тұратын жайт – олардың бойындағы сөзбен айтып жеткізгісіз бай адамгершілік қасиеттері. Мемлекет құраушы ұлттың ешкімді жатсынбайтын мәрт мінезі – еліміздегі татулық пен келісімнің басты кепілі. Қазақ халқының бойына бұрыннан орныққан қонақжайлық пен қарапайымдылық та өзге отан­дас­тарға шуағын шашып келеді.

Міне, осындай кек, дық сақтамайтын, мейірімі мен кешірімі мол, шынайы, адал достықты ту етіп көтеріп, оны бағалай білетін халыққа айтар алғысымыз шексіз. Мемлекет құраушы ұлтты өзгелерден да­ралап тұратын тағы бір қасие­ті – жасаған жақсылығы мен қайырымдылығы үшін ешкімнен ешқашан еште­ңе сұра­май­тын­ды­ғы, оны бұлда­май­тындығы. Сондықтан бүгінгі Алғыс айту күнін айтулы дата етіп белгі­ле­ген Тұңғыш Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевқа және сабақ­тастық салтын сақтай білген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа поляк этно­мә­­дени бірлестігі атынан шек­сіз ризашылығымыз бен алғы­сы­мыз­ды жеткізгіміз келеді.

Біз үшін алғыс күні – татулық пен өзара келісімді паш ететін ерекше күн. Ендеше, осындай мерейлі сәтте замана запыраны қазақ жеріне тап келтіруге мәжбүрлеген мыңдаған жандарды жатсынбай қарсы алып әрі қолындағы ризық-несібесін олармен бөліскен Ұлы даланың бүгінгі мұрагерлеріне тағы бір мәрте басымызды иіп, алғысымызды айту артықтық етпейді.

 

Елена ЦИБУЛЬСКАЯ,

Ақтөбе облысы поляктарының «Святло» этномәдени бірлестігінің төрайымы

 

АҚТӨБЕ