Таным • 02 Наурыз, 2020

«Отаным – жалғыз, ол – Қазақстан»

889 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атақты футболшы Евстафий Пехлеванидидің тарихи отаны – Грекияға қоныс аудар­ғанына талай жылдың жүзі болса да, өзінің кіндік қаны тамған жерге деген сағынышы әлі басылмаған екен. БАҚ өкілдеріне берген әр сұхбатында ол үнемі Қазақ­станға деген ыстық ықыласын білдіріп, қонақжай қазақ халқына әркез ақ алғысын жаудыруда.

«Отаным – жалғыз, ол – Қазақстан»

1960 жылы шырайлы Шымкентте дүниеге келген Евстафийдің спорттық мансабы жергілікті «Металлургте» басталды. Сол кездері ол қырағы мамандардың назарына ілікті. 1980-1989 жылдары аралығын­да Алма­тының «Қайрат» клубы сапын­да жасын­дай жарқырады. Талай маңызды матч­тар­да қарсыластар қақпасын дәл көз­деп, сан мың жанкүйердің алғысына бөлен­ді. Респуб­лика­мыздың бас командасы тари­хында Пехле­ванидидің есімі КСРО чем­пио­натында ең көп гол соққан ойыншы ретінде тарихта қалды. Ол 226 кездесуде қар­сы­ластар қақпасына 69 рет гол салған.

Евстафий Пелеваниди тоқсаныншы жылдардың басында Грекияға қоныс аударды. Десек те қасиетті қазақ жерін қиып кету оған оңайға соқпады. Бастапқыда ол сегiз жыл бойы біз жаққа атбасын бұрмады. Десек те сағынышы басылмаған екен. Осыншама уақыт бойы әйгілі футболшы Алматыны бiр көрсем деп армандапты.

1998 жылы Пехлеванидің арманы орындалып, Қазақстанмен қауышудың реті келді. Алматы әуежайына табан тiреген тұста ол қатты қобалжыды. «Қалай болар екен?» «Осыншама уақыттан кейiн жұрт оны қалай қабылдайды?» Осындай керағар сезiм бо­йын билеген тұста Евстафийдің жолықтырған бiрiншi адамы – кеден қызметкерi: «Пеха, қалың қалай? Жағдайың жақсы ма?» деп жылы шырай бiлдiрдi. Бұл сөзді естігенде Евстафийдің қуаныштан жүрегi жарыла жаздады. Қобалжуы бекер екен, бәрi де бұрынғыша. Оны ұмытпапты. Ол сонда ғана өзiнiң Отанына келгенiн жан-тәнімен сезінді.

Қазіргі кезде де Пехлеванидидің дәл сондай күйде Алматымен жиi қауышуға асы­ғатыны сондықтан. Оның Қазақстанды керемет жақсы көретiнiн бiлетін бәзбіреулер «Сенiң не, екi отаның бар ма?» деп сұраған көрінеді. Пеха еш ойланбастан «Адамда екi отан болмайды. Менiң де Отаным – бiреу, ол – Қазақстан!» – деп тіл қатыпты. Міне, шынайы патриотизм деген осындай болса керек!

 

АЛМАТЫ