Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында сауданы дамытудың жаңа тұжырымдамасын таныстырды. Министрдің сөзінше, сауда Қазақстанның ЖІӨ-нің 17 пайызын құрайды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша саланың өсу қарқыны 7,6 пайызды құраған. Ал жұмыспен қамтылған қызметкерлердің саны 1,4 млн адамға жеткен. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 96,1 млрд доллар болып отыр.
«Әзірленіп жатқан мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – нарықты сапалы өніммен толықтыруды және экспорттық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін заманауи сауда жүйесін құру және дамыту», - деді ол.
«Құжатта қолайлы тұтыну ортасын құруға, халықты сапалы және қауіпсіз тауарлармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бағдар орнатылуы тиіс. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық мүдделерді қорғау және ілгерілету әзірленіп жатқан бағдарламаның басты мақсаттарының бірі болуы керек», - деді Үкімет басшысы Асқар Мамин.