100 • 02 Наурыз, 2020

«Социалистік Қазақстан» газеті: Қазақстан теплоходы

211 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1976 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне қара теңіздің Одесса портындағы «Белоруссия», «Грузия» және «Азербайжан» теплоходтарының қатарына «Қазақстан» теплоходы қосылғаны туралы жазылған болатын.

«Социалистік Қазақстан» газеті: Қазақстан теплоходы

Қара теңіздің Одесса портындағы «Белоруссия», «Грузия» және «Азербайжан» теплоходтарының қатарына биыл «Қазақстан» теплоходы да қосылған болатын. Ол осы порттағы ең жас, бірақ, ең ірі кемелердің бірі. Осы заманғы ең соңғы техникалық жетістіктер негізінде жасалған бұл теплоходта 500 кісілік он палуба бар. Бір ерекшелігі теплоход жолаушыларды автомашиналарымен қоса тасуға бейімделген. Оның гаражында 250 автомобильдік орын бар. Мұның өзі теплоход тоқтаған портта жолаушылардың өз машинасымен қаланы аралауына мүмкіндік береді.

Жаңа теплоход алғашқы сапарын осы жазда Кариб теңізіне — Кубаға жасады. Бостандық аралына барып қайтқанда Совет Одағында оқитын студенттерді тасыды. Ал, Одессаға қайтып оралған соң еліміздің түкпір-түкпірінен Қара теңізге дем алуға келген еңбекшілерді теңіз бойымен серуендетті. Олар Ялта, Сочи, Новороссийск, Батуми қалаларын аралады.

Теплоход ішінде жолаушылар үшін барлық қолайлы жағдай бар. «Алматы», «Байқоңыр» ресторандары мен «Қырым» кафесі жұмыс істейді. Оларда қазақтың, украйнның, орыстың неше түрлі ұлттық тағамдары бар.

Жолаушылар өз уақыттарын мәдениетті түрде өткізе алады. Лекциялар тыңдайды, концерттерді тамашалайды, түрлі ойын-сауық­тарға қатысады, кинозалдан фильмдер көре алады. Мұнда жолаушылар туысқан Советтік Қазақстаннан келген өнер шеберлері­мен жиі-жиі жүздесіп тұрады. Мәселен, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артискасы Г. Разиева, Э. Малбеков, тағы басқалары өнер көрсетті. Ал, Г. Разиева теплоход жолаушылары арасыңдағы ең сұлу кім деген атпен өткізілген конкурсқа қатысып, полъшалық туристка Н. Козловская екеуі басты жүлдені жеңіп алды.

«Қазақстан» теплоходының капитаны — тәжірибелі теңізші, теңізде жүргізудің шебері Е. Балашов. Оның басқаруымен экипаж мүшелері жолаушыларға үлгілі қызмет етіп, жоспарларын артығы­мен орындауда. Капитан көмекшілері А. Куртов, С. Марков, С. Родин, тағы басқалары өз міндеттеріне ұқыпты қарап, еңбек үлгісін көрсетіп жүр.

Теплоходты алда көптеген жүзулер күтіп түр. Қаратеңіздіктер Қазақстан есімі берілген теплоходтың атына кір келтірмей, әрқашан дұрыс алып жүреді деп сендіреді.

 

В. КОСОНОГИЙ,
Қара теңіз пароходствосының
«Моряк» газеті редакторының орынбасары.

«Социалистік Қазақстан», 17 қараша 1976 жыл