17 Тамыз, 2013

Ғали туралы сөз

1066 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Ғалидың халық арасындағы беделін көтерген – оның үлкен ақындығына қоса, адамгершілік қасиеттері, кісілік мінездері екенін бүгін атап айтудың артықшылығы жоқ. Ол мейлінше кішіпейіл, елгезек, бала мінезді адам болатын.

Ескі Алматы

 

Ғали Орманов-2

Қазақ әдебиетіндегі орны мен халық жүрегіндегі орнын қатар тауып, сол халықтың байсалды жыршысы болып, онымен ұзақ жолын, ақындық жолын бірге кешкен нағыз халықтық таланттардың бірі – бүгін арамызда жоқ Ғали Орманов еді.

Ақын жасаған жетпіс жыл өмірдің әдебиетке арналған елу жылын бүгін шолып қарасақ, Ғали ақындығы алғашқы күннен бастап, белгілі бір тұтастықта, бөлінбей-жарылмай, әр жаққа шашырамай, бір бағыттағы ізденісте жетілгенін көреміз. Оның ақындық бейнесі ешбір эксцессіз қалыптасты. Оны мадақтап, қолпаштаулар да, жамандап сынаушылар да бола қойған жоқ. Мода қуған ақындардың даурығып бірі келіп, бірі кетіп жатты. Олардың ешқайсысы Ғалиды еліктірмеді. Ол өзінің өлең-өнері жөніндегі ізденісін байсалды, салмақты бір ойлы қалыпқа түсіру бағытында қызмет етті. Абай мектебі мен Ілияс Жансүгіров ақындығын өнеге тұтқан ол қазақ өлеңін заманның рухына лайықтап, сыршылдыққа, сезімталдыққа, замандас­тарымен тұтастықта сезінуге үйретті. Сондықтан ол алғашқы тәжірибесінен бастап, бұрқырап, айғайлап, дуылдап кетпей, майда қоңыр үнмен оқырманмен сырласуға, әңгімелесуге ұмтылды. Дәуір шындығын бірден суретке түсіре алмай, қызығып, таңданып қараған кездерінің өзінде, жалаң ұранмен лепірмелікке ұрынбай ақындық дауысын ашып, анық естіртуге, сырын да, шынын да жасанды емес, қарапайым, адал бейнелеу­ге талпынды. Өнер табиғатын халықтың рухынан, мінезінен іздеген Ғали тіл безеуге, сөзуарлыққа барған жоқ, ойлылыққа, тәкаппарлыққа, қарапайымдылыққа, бейнелілікке жол іздеді. Сөйте жүріп, өз үнін тапты, көргенін, түйгенін ешкімге еліктемей, өзінше айтты. Оның ақындық тағдыры осылай қалыптасты. Блок «Ақынға атақ-дәреже керек емес, оның өзіндік тағдыры болуы керек» деген ғой.

Ғалиды да, оның ақындығын да заманы тудырды. Ол бостандық идеясынан нәр алды, азамат-ақын боп өсті. Алдыңғы ағалары Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Мұхтарларға ілесе ол алғашқы ақындық үнін қазақ даласындағы әлеуметтік өзгерістерді жырлауға арнады. Екінші ұрпақтың өкілі боп алдында Асқарды, Жақанды, Қалмақанды, Ғабит пен Ғабиденді ұстап, өз құрбылары Тайыр, Әбділда, Қажымдармен қолтықтаса келді.

Оның 20-жылдар ішінде жазған лирикасында қазақ кедейлерінің бойындағы ояну сезімі, өзі туып-өскен ортаның жүдеу суреттері, жастық көңіл-күйлері, туған өлке табиғатының көз тартар көріністері кең бейне табады. Ең бастысы, ақын сол дәуірдегі қоғамдық жаңаруларға мұрындық болған жаңа адамды тануға ұмтылды. Олардың әлеуметтік өзгерістер легінде өсуін көрсетті. Соның бірі есебінде Ғалидай жас ескілік езген ортадан қалаға аттанып, жаңа, жарық дүниеге ұмтылады.

Бұл салада елдің бәрінің аузында жүрген, қазақ лирикасының хрестоматиялық үлгісіне айналған «Алғашқы адым», «Қараймын да асығам» сияқты өлеңдерге соқпай кету мүмкін емес.

Лирикалық кейіпкерінің ауылдан қалаға аттанған алғашқы күйін бейнелейтін атақты өлең ескі ауылдан жаңа дүниеге қол созған жастың сезім күйін де, сыртқы кейпін де өткір танытады. Ауылынан бұрын шығып көрмеген баланың жалтаңдап аттануына жабыла қараған дала, ескінің белгісіндей үстіндегі жарбиған тон, тұмаққа қарсы қойылған іштегі «жанайын деген шырақ» – бәрі де суретке жаңа идея дарытып, заман рухын өткір сездіріп тұр. «Сараң басқан сары тайын шалдырып» жол бойында жатқан бала алдында да сахарада шалқайған жаңа жол жатқанын көреміз. Осы бала Ғали өлеңдеріне лирикалық кейіпкер боп кірді. Бұдан былайғы ақын шығармалары – осы жастың тарихы. Біз оның білім алып, ауылдағы өзгерістерге қатысқанын, қоғамдық істерге араласып, оған үн қосқанын танимыз. Ғали кейіпкерінің осы жолы – тек Ешкіөлмес бауырынан Алматыға аттанған болашақ ақын баланың жолы емес, жаңа, жарық дүние іздеген бүкіл қазақ жасының, Ғали ақынның ұрпағының жолы еді. Жетім тайлаққа мінген Тайыр ақын кейіпкері де осы жолмен жаңа дүниеге аттанды. Олардың бәрі оқу, өнер іздену, адам болу, жаңа заманның қайраткері болу жолына сапар шекті.

Алғашқы адымынан сезімтал сыршыл­дыққа, байсалды суреткерлікке ден қойған Ғалидың жырына о тызыншы жылдар өз өзгерісін кіргізді. Ол – өмірдің өктем дамуы тудырған романтикалық сарынға, сезім мен сырдың көтеріңкі көңіл-күйіне, лептілікке қарай бет бұруы. «Шеңберде» осы үлгі анық сезіледі. Одан арғы ақын ізденістерінде, әсіресе «Алынған Арыста», «Үлбеде», «Мысқалада», сол сияқты табиғаттың дүлей күшін адам еркіне бағындырып жатқан заман екпінін танытар жырларда бұл сарын ақын ұстанған бейнелілік суреткерлікпен толысып, өзгеше өрнек табады.

Рас, мен тауда туып, өсіп, өнгем,

Бұлттың аспандағы төсін емгем.

Құндағым – мұзды жақпар, құзды қиян

Айғайлап, ойнақ салып, жосып өрген.

Қойтасты қағыстырып, допша үйіргем,

Қайратпен малтадай ғып тас мүжігем,

Бойыма табиғаттың берген күшін

Билеген адамзат жоқ өзім білген!

– деп шамырқанған асау Үлбе де, тағы бір өлеңінде. Мысқаланың жаңа бейнесіне таңырқап тұрған ақын да – осындай романтикалық, заман лебімен желпінген, сергек бейнелер. Осы өлеңдердің негізінде жаңа қоғамдық құрылыстың тегеурінді күшін мадақтаған патриот-ақынның ой-сезімі жатыр. Ол жалаң мадақталмай, өмір деректері арқылы көркем бейнеге айналды.

Ұлы Отан соғысы дәуірінің қат-қабат ауыр шындығы ақынның осы отаншылдық сезімін әрі қарай ұштап, оны өз заманы және оның ержүрек адамдары жайлы жаңа сөз айтуға міндеттеді. Бұл тұс – ақын шеберлігінің айрықша өсіп, сөзге аса ұқыптылықпен қарауға, талғампаздыққа, үнемшілдікке қолы жеткен кезі. Оның осы кезде туған «Емен» кітабын қарап отырсаң, кешегі Абай айтқан «Бас-аяғы жұп-жұмыр», қиналмай оқылатын, төгіліп тұрған өлең жолдарын көресің. Ғалидың «шайқаса сауырынан су төгілмес» жорға аталған кезі де осыдан басталады. Ақын жалпылыққа емес, жалқылыққа, нақтылыққа бет бұрды. Сол кезде Отан соғысының батырларын жалпылама мақтап, ескінің батырлары тәріздендіріп суреттеген өз замандастарына қарама-қарсы ол жауынгердің бойындағы батырлық, отаншылдық сезімнің көрінісін жаңаша түсінді. Оның ұғымында, батырлық – бақ емес, оны халық намысы, кек тудырды. «Мәлік», «Полковник» тәрізді өлеңдерінде ол заман батырларының өзгеше сипатын жасады. Қыз мінезді, кішіпейіл, балғын дене Мәлікті батыр еткен оның бойындағы отаншылдық пен өзіне тән тапсырылған міндетті қасық қаны қалғанша атқаруға ұмтылған жауапкершілік сезім, дұшпанға деген кек екенін суреттеді. Бауыржан кескінінің өзінен ол кек пен намыстың, күрестің ізін көреді.

Ғали поэзиясындағы заман мен оның адамы туралы лирикалық-философиялық толғаныс осы кезден бастап айрықша көзге түседі. Ол туған Отанының беріктігін, құрыштығын танытар жаңа бейнелер іздеді. «Қарағай», «Емен» – ақынның осы саладағы үлкен табысы. Оны бүгін бүкіл қазақ әдебиеті бірауыздан мойындайды. Тамырын тереңге жіберген, бойы көкке өрлеген, ешбір дауыл мен желден қорықпайтын қарағай – жау зұлымдығын бойына дарытпаған берік Отанының бейнесі. «Еменді» де жау оғы жарып барып тоқтапты, бірақ құлата алмапты. Ол қайта көк тартып, гүлдеп тұр.

Қиян-кескі соғыста жеңіп шыққан біздің қоғамдық құрылысымыздың өктем күші, содан дарыған ақын бойындағы романтика, соғыстан кейінгі дәуірдің шындығы да оның шығармасынан жаңа орын тапты. Ол соғыс салған жараны жазуға, халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңіндегі бүкілхалықтық энтузиазмді бейнелеуге осы жолмен барды. «Егін-толқын», «Аталмаған тау», «Бетпақдала дастаны», «Хан тауының құлауы», олардан кейінгі жазылған «Қапшағай», тың туралы өлеңдер – ақынның романтикалық көңіл-күйін, заманы күйттеген өр сезімді лирикалық сыршылдыққа орап берген әсем дүниелер. Осының бәрінде жаңа адамның жасампаз еңбегі үлкен суреткерлікпен ашылады.

Қопарыла құлаған

Қалды таудың шұқыры.

Хан үйінің қираған

Шаңырағы сықылды,

– деген жолдардың өзінде қаншалықты бейнелі тұспал, тың кескіндер жатыр.

Соғыстан кейінгі дәуірде жасы да ұлғайып, ойы байсал тартқан ақынның өзі өткен өмір жолында көрген-түйген дүниелері оның ойы, сезімі, ақылы, өсиеті, сырына айналып, тың ізденістерге барғанын көрсетеді. Ол ақындық байлықты өмірдің өз шындығынан жинады. Туған респуб­ликасын, тіпті, шетелдердің біразын кең аралаған. Ақын от өзенін ағызған жұмысшының, кең алқапты ақтылы қой, алалы жылқыға толтырған малшыны, бауыр халықтардың туысқандық сезімін, туған табиғаттың жаңа бейнесін көрді. Осының бәрінен өлең тапты. Оның:

Алдымнан ашқан кең есік,

Ұқсайсың түгел өлеңге.

– дейтін себебі де осында.

Өрістен солар жүрген өлең тердім,

Бірі емес бұл жүрісім көп ермектің...

– депті ол тағы бір өлеңінде. Ақынның ел аралауы – ермек емес, өмір тану , өлең іздеу екенін тауып айтады. Ақынның жүрген жолдары қазақ даласының төсінде сайрап жатыр.

Алыста таулар шалқыған,

Алдыма тосты арқасын.

Араша кездім бал жиған

Алатау, Алтай ортасын.

Қуатын құйдым өлеңге,

Құнарлы Ертіс, Үлбенің.

Толқынын тарттым мен елге

Тоғайлы Сыр мен Іленің.

Далаға біткен мәуенің

Жұпарын жидым жырыма.

Үйреттім құстар әуенін

Сайраған сай мен қырымда.

– деп оны өзі әдемі айтқан.

Осы тұстағы Ғали жырларында ерекше танылатын бір сала – оның табиғат туралы өлеңдері. Өзі Жоңғар Алатауының табиғаты әсем өлкесінде дүниеге келген ақынның бүкіл өмірі Жетісудың бай суретінің көлеңкесінде өтті. Ол аралап көрген, сүйсінген Баян, Қарқаралы, Көкшетау, Өскемен өлкесінің көркі де көз тартарлық еді. Сондықтан Ғали жанымен, тәнімен, бар ақындық болмысымен табиғаттың бұлбұл жыршысы болып, оның суреттерін үлкен азаматтық әуенмен түйістіре білді. Ақын жырларын оқығанда табиғат суреттері бар қалпымен көз алдыңа тұра қалады. Оның байқағыштығына, ұсақ бөлшекке дейін жіті көріп, суретке айналдыра білетініне таңғаласың. Жымдасып, таспаша өрлеп, әдемі өлеңге айналып, сезіміңді қытықтайды:

Шыңыңды шымқай ораған

Шынарың шайы көрпең бе?

Бөлене, шіркін, мен оған

Өстім бе сенің өлкеңде?

– дейді «Қорада» өлеңінде.

Ғалидың ақындық шеберлігі – оның өлеңді кәсіп емес, өнер деп қарайтын биік талапшылдығының нәтижесі. Ол – өлең өрнегін, тіл кестесін мейлінше дамытқан өнерлі ақын. Өлең ол үнемі жымдасып, тас­паша өріліп тұруды талап етті. Оқырман жүрегіне жол табар өлеңнің осындай болуын күтті. Сөздің адамды жылытуы – оның ақындық арманы еді. Ақын бұл арманына жетті. Халқының сүйікті ақын ұлы болды. Бүгін мұны айрықша мақтанышпен айтамыз.

Ақындық сыр, ақын психологиясы Ғали шығармаларында мейлінше анық көрініс тапқан.

Кезімде кейде сырқаған

Деуші едім тосын дерт екен.

Кеудемде сонда тұтаған

Өлеңнің өшпес өрті екен!

– дейді ол. Ғалекең ұзақ ауырды. Аурумен алысып жатқанда да оның қолынан қаламы түскен жоқ. Осының бәрі Ғалидың ақындық тағдыры бақытты қалыптасып, туған елінің тағдырымен тұтасып, біртұтас тағдыр құрағанын мойындатады. Оның қазақ әдебиетіндегі, әсіресе, ұлттық поэзиядағы орны өзгеше. Майталман ақынның сазды үні адамның жан сезімін қозғап, сырға бөледі. Онымен сыр шертісіп, сырына қанықтық, ақын жыры біздің әрқайсымыздың қоғамдағы өз орнымызды түсінуге көмектесті.

Ғалидың ақындық мектебі Абайдан басталғаны белгілі. Ол ұлы ақыннан сөз саралауды, сыршыл, ойшыл лирика жасауды үйренді. Ғалекеңнің Абайды ылғи қайталап оқып, жаттап жүретінін мен өзім көзіммен көрген адаммын. Ол Абайдай қарапайым болуға, Абайша ана тілін ұстартып жаңартуға, поэзия тілін өмірдің өзіне жақындатуға ұмтылды. Ілиястан ол өлеңсөздің құдіретін, ақындық пафос­ты алды. Әрине, Ғали мектебін бұл екі ақынмен шектеп қою әділеттік болмас еді. Ол Пушкинді, Лермонтовты, Некрасовты, Гогольді, Толстойды, Низамиді, Мақтымқұлын, тағы басқа әлем әдебиетінің классиктерін аудара жүріп, өзін шеберлікке шыңдады, ақындық бояуын байытты. Ол ана тілін, оның бейнелік жүйесін жетік білді. Оны ешқашан құбылтпай, өмірдің өзіндей қарапайым қолданды. Оның қарапайымдылығы сонда – ол үлкен ақын болып еңсеңді езіп, төбеңде тұрмайтын еді, кіммен болса да қарапайым сырласып, көкірек көзіңді ашатын. Оның құйылып тұрған өлең жолдары, Асқар Тоқмағамбетовтың сөзімен айтқанда, «құлын мүшесін» бұзған жоқ. Ақын еңбекқорлығы – сөз өнеріне тәнтіліктің, биік ақындық өнердің әрқашан үлгісі болып табылады. Ол бізге, кейінгі ұрпаққа осыны өнеге етіп тастап кетті.

Ғалидың халық арасындағы беделін көтерген – оның үлкен ақындығына қоса, адамгершілік қасиеттері, кісілік мінездері екенін бүгін атап айтудың артықшылығы жоқ. Ол мейлінше кішіпейіл, елгезек, бала мінезді адам болатын. «Ақынмын» деп кеудесін ұрған жоқ, оның ақындығын ел таныды. Қашан көрсе де, кімді көрсе де, «әкетайлап», «көкетайлап» бауырына тартатын. 1950 жылы соғыстан соң қайта ашылған Қазақтың көркем әдебиет бас­пасына Ғали Бас редактор болып келді де, менің сонда қызметке барғаным бар. Сол бір тұстарда мен Ғалекеңді тіпті жақсы таныдым. Рушылдыққа бөлу, жерлестеріне ғана бауыр тарту – тек Ғалекеңнің ғана емес, оның ағаларының да, тұстастарының да бойына дарытпай кеткен мерезі. Өйткені, олар аса талантты топ еді. Ал, жерлестік іздеу, оның көмегімен атақ-дәреже, мансапқа ұмтылу – талантсыздардың ісі. Ғалида кісі жатырқау деген мүлде болмады. Жақсы өлең көрсе, балаша қуанып, оның авторын «айналайынд ап» құшақтап, бетінен сүйіп жатқанының талай куәсі болғанбыз.

Ақын – ел ардақтысы, ел еркесі. Ол шығармашылық үстінде жалғыз отырғанды сүйгенмен, жалпы өмірін сол ел ортасында, көппен өткізеді. Көптің ойын айтады, көптің сөзін сөйлейді. Ақын шабыты ерекше бапты тілейді. Осыған байланысты мен бүгін ақын жары туралы әңгіме қозғауды парыз көремін. Ақын жары – оның тек әйелі ғана емес, бапкері. Оның шабытын шалқытып, шығармашылық азабын тартқан кездерінде жылы алақанымен мәпелеп, рух беруші. Жары жақсы үйде ғана көппен байланыс үзілмейді, ақын маңына адам үйіріледі. Ақын жары – көптің анасы, бәрін жылы лебімен бауыр тартып, туыс-туған етеді. Сөйтіп, ол жеке адамға әйел болудан көтеріліп, шығармашылықтың ұйытқысына, бүкіл әдебиеттің жанашырына айналады. Ерінің жаңа жазылған шығармасының алғашқы сыншысы да сол. Біздің бақытымызға қарай ағаларымыздың көбі осындай жақсы жарлар тапты да, шығармашылық табысына, ел сүйіспеншілігіне сол ана-апаларымыздың қамқорлығын, жылы пейілін, ыстық ықыласын ортақ етті. Сәбиттің Мәриямы, Ғабиденнің Зейнелі, Әбділданың Сарасы, Тайырдың Мүнирасы, қазақтың декабрист қыздары – Хамзаның Софиясы мен Мұхаметжанның Мархумасы, Сағынғалидың Ғайниы, тағы басқалары бүгінгі әдебиетіміздің аналары сияқты сезілетіні де осыдан. Осылардың қатарында Ғалидың Айтбаласының орны ерекше. Ол Ғалекеңнің олқысын толтырып, бабын тауып, оны туған халқымен, достарымен жалғастырып отыру үшін жаралған адам секілді.

Қазақ халқының жаңару дәуірінің ақыны болған Ғали – сол қоғамға тән оптимистік мінезді, кең тынысты бойына сіңіре білді. Сондықтан да оның шығармашылығы өмір үшін, еңбек үшін, жер бетінде қалатын адам ізі үшін күресуші болды. Оның жырлары жарқын, өмірсүйгіштікті, өмірге құштарлықты уағыздады. Тіпті, ауырып жатқан кездегі ақын өлеңдерінде, «Соңғы өлеңнің» өзінде түңілу, қажу, өмірден үміт үзу сезімі байқалмайды. Ойлы, байсалды мінезімен ол өлеңіне өмір тіледі.

Ақын көрегендік танытқан. Шынында да, оның шырағы сөнген жоқ, ол бізді жылытып, көңілімізге шам жағуда. Тек жолаушылап кеткен ақынның өзі ғана арамызда жоқ.

Серік ҚИРАБАЕВ,

академик.