Аймақтар • 02 Наурыз, 2020

«Дәлелді кардиология 2020» VII Республикалық конференциясы өтті

294 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы University Medical centre орталығында «Дәлелді кардиология 2020» VII Республикалық конференциясы өтті. Іс-шараға «Қазақстан кардиология қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігі ұйытқы болып, SANTO компаниясы конференция серіктесі ретінде қолдау көрсетті.

«Дәлелді кардиология 2020» VII Республикалық конференциясы өтті

Конференцияға елорда мен аймақтардағы жетекші клиникалардың кардиологтары, эндокринологтар мен терапевтер, медицина қауымдастығының басқа да өкілдері қатысты. SANTO компаниясы м.ғ.к., кардиолог-дәрігер, Ресей Халықтар достастығы университеті Клиникалық-диагностика орталығы Амбулаториялық-емханалық орталығының директоры Анна Клименконың ғылыми форумға келуін және  қатысуын ұйымдастырды. Конференцияның бас тақырыбы шұғыл кардиология мәселелері мен жүрек-қантамыр ауруларын емдеудің заманауи алгоритмдеріне арналды.

Жүрек-қантамыр аурулары бүкіл әлем бойынша өлім-жітім себептері ішінде көшбасшы орында тұр. ДДСҰ мәліметтері бойынша ғаламшарымыздағы алты тұрғынның біреуі инсультқа шалдықса, жүрек-қантамыр ауруларынан жыл сайын 17,5 миллионға тарта адам көз жұмады. Қазақстандағы жалпы өлім-жітім құрылымында жүрек-қантамыр ауруларының үлесі 50%-дан асады. Шындығына келгенде, жүрек-қантамыр ауруларына еліміздегі экономикалық белсенді халықтың шамамен 12%-ы шалдыққан.

Конференцияның бірінші симпозиумын медицина ғылымының докторы, ассоциацияланған профессор, «Қазақстан кардиология қоғамы» РҚБ төрайымы, «Ұлттық ғылыми медицина орталығы» АҚ бас ғылыми қызметкері Сәуле Әбсейітова «Миокард инфарктісі 2020» баяндамасымен ашты.

Сәуле Әбсейітова баяндамасында алаңдаушылық тудыратын факторларды атап өтті: миокард инфарктісі еңбекке жарамды жас азаматтарда жиі байқалып отыр. Кардиологиялық ауруларға шалдыққан науқастарды тиімді түрде емдеу үшін жоғары мамандандырылған көмек көрсетудің алгоритмін сақтап, шұғыл көмек көрсету қаншалықты маңызды екендігі жайлы әңгіме қозғалды. Сонымен қатар, кардиогендік шок және өткір коронарлық синдромға шалдыққан науқастарға арнап антитромбоздық терапияны таңдау мәселелері көтерілді. Спикерлер Еуропа кардиология қоғамының жаңа клиникалық ұсынымдарымен, атап айтқанда, суправентрикулярлық тахикардиясы бар, липидтік айналымы бұзылған науқастарға ем жүргізудің алгоритмдерімен таныстырды.

«Коморбидтік күйлердің өзекті тұстары» атты симпозиумда жүрекше фибрилляциясы бар науқастарға ем жүргізудің ерекшеліктері жайлы баяндамамен медицина ғылымының докторы, профессор Гүлнәр Жүнісбекова шықты.

Сондай-ақ қатысушылар тұқым қуалайтын гипертрофиялық кардиомиопатияны диагностикалауға арналған заманауи тәсілдемелерді ортаға салды. Өзекті тақырып «Диабет және жүрек» атты сараптамалық форумда қарастырылды. Толыққанды өмір сүруге кедергі келтіретін полиморбидтілік және де бір сәтте бестен аса дәрілік заттарды науқасқа тағайындау нәтижесінде терапияны мұқият ұстануға кедергі жасайтын полипрагмазия мәселелері қант сусамырының 2 түріне шалдыққан науқастардағы басты мәселелердің бірі болып табылады. Осыған орай барынша ыңғайлы модификацияланған дәрілік заттарды қолдану өзекті болып отыр. Сөз орайында айта кетелік, SANTO компаниясының кардиопрепараттары да мамандарға таныстырылды.

«Біздің компанияның қоржынында Қазақстанда өндірілетін және де елге импортталатын 13-тен аса кардиопрепарат бар. Ауруды бастапқы кезеңде және екінші қайтара алдын алу, сондай-ақ, дәрігердің тағайындаған емін ұстанудың маңыздылығына халықтың назарын аударуды біздің басы миссиямыз деп есептейміз», - деді SANTO компаниясы дәріқағазбен босатылатын препараттар бөлшек саудасы жөніндегі бөлім  директоры Анна Фарленкова.