Осыған дейін ЕАЭО-ға мүше бес елде зергерлік бұйымдарды сынау мен брендтеуді мемлекеттік бақылаудың әртүрлі жүйелері болған. Қырғызстанда, Беларусьте және Ресейде қаржы министрліктері, ал Қазақстан мен Арменияда жеке ұйымдар айналысты. Саланың құқықтық реттелуі де айтарлықтай өзгеше болған. Бірінде жалған зергерлік бұйымдар үшін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылса, енді бірінде жаза әкімшілік айыппұл төлеумен ғана шектелді. Мұның алдында, 2019 жылдың желтоқсан айында одаққа мүше бес мемлекет зергерлік бұйымдарды сынау мен брендтеу туралы ортақ келісімге келген болатын. Еуразия экономикалық комиссия Алқасының сол кездегі төрағасы Тигран Саркисян бұл шешімге «Еуразиялық брендті қалыптастырудың алғашқы қадамы» деп баға берген.
Бүгінгі таңда ЕАЭО елдерінің әлемдік зергерлік бұйымдар нарығындағы үлесі 1 пайызға жетпейді. Әрбір ел дербес шешім қабылдап, көлеңкелі кәсіптің шырмауынан шыға алмай қалған. Саланың дамуына көмектесетін кез келген мүмкіндіктің жалына жармаса кететін ЕАЭО зергерлері бұл келісімді де орындауға тас-түйін дайын
екен.
ЕАЭО – алмаз өндірісінде көшбасшы
Ресей әлемдегі алмаздың 30 пайызын өндіреді. Қырғыз ағайындардың да шикізаттық мүмкіндігі осал емес. Алайда, ЕАЭО бойынша алмаз экспорты тазартылып, бедерленген алмаз экспортына қарағанда 50 есе төмен, ЕАЭО әлемдік зергерлік бұйымдар нарығындағы үлесі 1 пайыздан аз екен. Сондықтан алдағы онжылдықта бұл көрсеткішті тым болмаса 10-15 пайызға көтеру жоспарланған.
Сарапшылар алмазды өндіруден түсетін пайда – 15-20 пайыз, кесіп-бедерлеуден түсетін пайда – 5 пайыз, ал гауһар тастармен көмкерілген зергерлік бұйымдардан түсетін пайда 100 пайыз екенін айтады.
ЕАЭО елдері алмазды кесу, бедерлеу жағынан әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болғанмен, әлемдік экспорттағы үлесі 1 пайызға да жетпейтінін жоғарыда айттық. Біздің өнімдермен салыстырғанда Үндістанның гауһар тастары әлемдік нарықта бірнеше есе қымбат. Әлемдік нарықта маркетинг жоқ және сауда, жарнама компаниялары ЕАЭО елдерінде дайындалған зергерлік бұйымдарды жарнамалауға да, саудалауға да құлықты емес, екінші тарап та таныла қоюға ықылас таныта қоймаған. Еуразиялық экономикалық комиссияның бұл мәселеге майшаммен қарап, өте қысқа мерзімде ортақ мәмілеге келуінің басты себебі де осы.
Келісімге қол қойылғаннан кейін бірыңғай еуразиялық брендтегі зергерлік бұйымдардың экспорты 1,3 млрд долларға дейін артады деген үміт бар. Еуразиялық бестіктің барлық елдерінің мүмкіндігі бұған ықпал ететінін сарапшылар да айтып отыр: Ресей әлемдік алмаз өндірісінің 30 пайызын қамтамасыз етеді, Қазақстан қымбат металдарды қоспалардан тазартады, Қырғызстан өңдеумен айналысады. Беларусьтің өндірістік қуаты жақсы, Армения КСРО кезінен-ақ асыл тастарды кесу, бедерлеу мектебімен танымал. Бұл әзірге нақтыланған салалар ғана. Тек осы бағыт бойынша жүздеген жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бар дейді сарапшылар.
Қазақстан зергерлер лигасының жетекшісі Қайсар Жұмағалиев бізге үшінші елдердің нарығына шығуға дайындықтың соңғы нүктесі ақпан айының соңында қойылатынын айтты. Штаб-пәтері астанадағы Халықаралық қаржы орталығында орналасып, халықаралық заңдармен жұмыс істейтін ұйымға Қазақстан құрылтайшы ретінде, Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресей зергерлері мүше мемлекеттер болып енген.
Қ.Жұмағалиевпен әңгіме барысында алтын бұйымдар нарығын зерттеу құзыреті осы ұйымға жүктелетінін білдік. Жұмысын енді ғана бастап жатқан зергерлер бюросы әзірге шетелде түрлі жеңілдіктер алуға, сатылымдарды ұйымдастыруға, үй-жайларды жалға алуға көмектеседі. «Қазақстандық зергерлердің өздері жасаған бұйымдарды шетелдерде сатуға немесе жарнамалауға мүмкіндігі аз. Мұның тәуекелі де жоғары. Бұл ұйым Қазақстанда шығарылған зергерлік бұйымдарға қандай нарықта орын барын, қандай салық преференциялары бар екенін зерттейді», деп түсіндірді ол.
Қ.Жұмағалиев зергерлер лигасында әшекейлерді заңды түрде сататын 380 кәсіпкер тіркелгенін, салық төлеуден бөлек, әр бұйымына Сынама палатасында таңба салуға 135 теңге жарна төлейтінін жеткізді.
Зергерлік бұйымдардың таза алтыннан жасалғанын ажырату қиын екенін сарапшылар талай рет ескерткен. Заңға сәйкес Қазақстанда дайындалған зергерлік бұйымдарда барыстың бас суреті мен «KZ» белгісі міндетті түрде болуы керек. Бірақ бірыңғай стандарты әлі күнге дейін бекітілмепті. Сондықтан «зергерлік бұйымдар нарығында контрабандалық өнімдерге түбегейлі тосқауыл қойылды», деуге негіз жоқ. Себебі жоғарыда айтып өткеніміздей, импорт өнімдердің 10 пайызы заң жолымен, 90 пайызы көлеңкелі жолмен келіп жатыр. Қазақстан – ЕАЭО мен ТМД аумағында бағалы металдар айналымына қатысты заңбұзушылықтар әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік болып табылатын жалғыз мемлекет. Бірақ заңды кәсіп иелері кейбір кедергілерге қарамай, заңнан да аттамай, бизнес нысаны ретінде тіркеліп, өз күнін өзі көріп, барға қанағат деп келген.
«Көлеңкелі» өнім көп келеді
Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығының мәліметінше, 2018-2019 жылдар арасында 100 мың дана зергерлік бұйым сыналыпты. Бұл осы нарық өкілдерінің айтуына қарағанда, бір кәсіпкердің бір сапарында елге алып келетін тауарының үштен бір бөлігі ғана.
Қ.Жұмағалиев Түркияның алтын базарына барып, бағалы металл алсаңыз, өзінің қалаған сынама белгісін қойып беретінін айтады. Сондықтан бағасы арзан, сапасы күмәнді алтын бұйымдар елге килолап емес, қап-қабымен әкелініп жатыр. Статистика комитеті 2017 жылы Қазақстанға – 43,6 млн, 2018 жылы – 37,9 млн, 2019 жылы – 47,4 млн доллардың зергерлік бұйымдары сырттан әкелінгенін көрсетеді.
Зергерлік бұйымдарды тасымалдаудың «көлеңкелі арналары» туралы әңгімелер бұрыннан айтылып жүр. «Бұған мүдделі адамдар бар, оларға нарықтан орын тауып беріп отырған адамдар да бар. Тіпті біздің лиганың сынамасымен тұтынушыларды алдап келген оқиғалар да кездесіпті. Бірақ Үкімет осы мәселеге бүгінге дейін назар аудармай отыр», дейді Қ.Жұмағалиев.
Қазақстан зергерлер лигасының мәліметтері бойынша, көлеңкелі зергерлік бұйымдардың нарықтағы үлесі – 90 пайыз. Бұл көрсеткіштің өзі қырық құбылып тұрады. Қазір технологияның дамығаны соншалық, алдап сатуға бекінгендер асыл бұйымның тазалығын тексеретін құрылғыларды да «алдап кетеді» екен. Нарық қатысушылары бүгінде азаматтарға нақты алтынның орнына түрлі қорытпаларды «қайнатуға» болатынын ескертеді.
Сонымен Қазақстандағы зергерлер лигасы ЕАЭО Зергерлер бюросының құрамына кіріп, одақтың заңдарымен жұмыс істеуге ниет танытып отыр. Сарапшылар осы ретте бұл лигага кірмеген немесе Түркия мен Ресей, Батыс елдерінен алтынды килолап, дорбалап алып келіп, ішкі нарықта сатып жүргендер қай заңмен өмір сүретініне алаңдай бастады. Ішкі нарықтағы ретсіздіктен ЕАЭО-ның құшағына тығылған Зергерлер лигасы енді кері шегінуге жол жоқ екенін, зергерлік нарықты экономиканың бір секторы деп танып, оның бағыт-бағдарын жүйелеу қажеттігін айтады.
Қ.Жұмағалиевтің есебінше, қазір елімізде шамамен 10 мыңдай жеке және заңды тұлға зергерлік бұйым сатумен айналысады. Олардың бәрі «Қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру мен заңсыз кірістердің ізін жасыру туралы» заңға сәйкес Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитетінің арнайы есебінде тұруы тиіс. Ал іс жүзінде бұл тізімде небәрі 300-ден сәл асатын компания мен жеке тұлғалар есепте тұр. Қалғандарының қандай заңмен өмір сүретіні де, қандай күштерге бағынатыны да әзірге жұмбақ. Заң түзелер, нарық та реттелер, бірақ құны бірнеше миллиондық асыл бұйымды сатып алып, сан соғып қалған тұтынушылардың құқын кім қорғайды?
2019 жылы әлемде сапасы аса жоғары синтетикалық алмаз өндірісінің жылдық өсімі 30 пайызға жетті. Осыған байланысты «арзан синтетикалық гауһарлар табиғи шикізаттың орнын басуы мүмкін» дегенді сарапшылар талайдан бері айтып келеді. 2035 жылға қарай синтетикалық алмаз өндірісінің көлемі өндірілетін табиғи алмаз көлеміне жетеді деген де болжам бар.
АЛМАТЫ