Аймақтар • 03 Наурыз, 2020

Қарағандыда студенттердің республикалық айтысы өтті

255 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Өлең – сөздің патшасы» атты республикалық айтыс өтті. Студенттер арасындағы бұл жыр бәйгесіне Нұр-Сұлтан, Семей, Қызылорда, Павлодар, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларынан 18 жас ақын қатысып, айтыс аламанының көрігін қыздырды.

Қарағандыда студенттердің республикалық айтысы өтті

ҚарМТУ-дың тәрбие ісі жөніндегі проректоры Назым Алпысбаева білім ордасында руханият мәселесіне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

– ҚарМТУ техникалық бағыттағы мамандарды даярлайтын оқу орны болғанымен, біз студенттерді патриоттық рухта тәрбиелеуге, олардың мәдени деңгейін арттыруға айрықша мән беріп отырамыз, – деді проректор ханым.

 Жырдан маржан терген шайырларға бағаны құрамында Қарағанды облысының айтыскерлері мен ақындары кірген қазылар алқасы берді. Олардың арасында айтыскерлер Қуаныш Мақсұтов, Дидар Хамиев және белгілі ақын Мирас Асан болды. Ал қазылар алқасына филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтаев жетекшілік етті.

Елбасы оқыған білім ордасын дүлдүл жырмен дүбірге бөлеген айтыста бас жүлде Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті Доскей Ботпайға бұйырды. Қазылар алқасы бірінші жүлдеге елордадан келген Ақбота Манарбекова лайықты деп таныса, екінші орынға ҚарМТУ-дың тағы бір студенті Бекарыс Оспанов ие болды. Ал Алматыдағы «Қайнар» академиясының студенті Жақсылық Апуажанов үшінші жүлдені қанағат етті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

ҚарМТУ-дың проректоры Назым Алпысбаева алдағы уақытта техникалық білім ошағы  республикалық айтыстың географиясын кеңейтіп, қатысушылар санын көбейтуді көздеп отырғанын мәлім етті.

  

Қарағанды облысы