Аймақтар • 03 Наурыз, 2020

Алматыда БҰҰ-ның 75 жылдығын атап өтті

440 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыда,  БҰҰ үйінде «БҰҰ-ға 75 жыл:  Болашаққа көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Алматыда БҰҰ-ның 75 жылдығын атап өтті

Бұл шара еліміздің БҰҰ-ға қабылдануының 28 жылдығына және БҰҰ-ның 75 жылдығына орайластырылды.  Жиында сөз алған  Ресейдің  Алматы қаласындағы Бас консулы  Евгений Бобров айтып өткендей, адамзат өз тарихында БҰҰ-ға балама болар өзге  ұйымды ойлап таппапты.   Бірақ  соған қарамастан, БҰҰ жұмыс істей  бастаған бергі жылдардан бері сыннан көз  ашқан емес.

«Бірақ БҰҰ қабырғасында айтылған сынның өзі оның алға жылжуына мүмкіндік береді» деді құрметті консул  мырза.   Ресейлік әріптесінің сөзін құптаған Францияның Алматыдағы Бас консулы Алексис Шахтахтинский БҰҰ құрылған күннен бастап көп полярлы әлемге басымдық беретінін жеткізді.  «Қазір саясаткерлер арасында көп полярлы әлем туралы бір-біріне қарсы шығатын пікірлер көп. БҰҰ-ның өміршеңдігі де осы. Бір полярлы әлеммен емес, көп полярлы әлеммен келіссөздер жүргізу оңай. Бұл ретте БҰҰ қабырғасында сыннан өткен тәжірибе Қазақстанның көп векторлы саясатына көбірек ұқсайды. Бұл жан-жақтағы елдермен бір мезгілде келіссөздер жасауға мүмкіндік береді. Жалғыз Қазақстан емес, әлем де қазір осы саясатқа ден қоя бастады» деп атап өтті  Алексис Шахтахтинский

Дөңгелек үстел барысында БҰҰ-дағы Қазақстанның тұңғыш Тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекова дайындаған кино деректен ұққанымыз   Қазақстанның бас халықаралық ұйымға мүшелікке кіруге деген ұмтылысын 1991 жылы БҰҰ-на Республиканың осы ұйымға кіруін дайындау, БҰҰ саяси, экономикалық, экологиялық, гуманитарлық-құқықтық  қызметтерінде елдің мүддесін жүзеге асыру жүктелген арнайы өкілін жолдауынан аңғаруға болады.

1991 жылы 31 желтоқсанда Қазақстанның өкілі А.Х. Арыстанбекова БҰҰ Бас хатшысына Қазақстан Республикасының БҰҰ-ға мүше болып қабылдануы туралы өтінішін жеткізді.  Қазақстанның өтініші рәсім ережелеріне сәйкес Бас хатшы тарапынан Қауіпсіздік Кеңесіне жіберіліп, ол 1992 жылы 16 қаңтарда өткен мәжілісте қаралды. Рәсім ережелері негізінде Қауіпсіздік Кеңесі өтінішті жаңа мүшелерді қабылдау Комитетіне қарауға жіберді. Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы тарихы осылардан бастау алады.
Дөңгелек үстелді ашқан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Е.Ысқақов сындарлы көпжақты ынтымақтастық тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстан тұрақты даму саласындағы аймақтық серіктестің ұстанымына баса назар аударатынын айтты.   Осыған байланысты стратегиялық басымдықтардың бірі - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Н.Ә. Назарбаев Алматыда БҰҰ-ның Аймақаралық орталығын тұрақты даму мақсаттарына бағыттай отырып құрмақ. «Республика БҰҰ құрылымдарына белсенді қатысады және айтарлықтай үлес қосады, аймақтық ұйымдармен диалог алаңдарының өзара іс-қимылының дамуына ықпал етеді және БҰҰ-ның негізгі бағдарламалық құжаттарын жүйелі түрде жүзеге асырады» деп сөзін түйіндеді Ерлан Ысқақов.

БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Жаһандық коммуникациялар департаментінің басшысы В.Самек өз сөзінде Қазақстан тығыз ынтымақтастық жылдарында ұйымның белсенді қатысушысына айналғанын және ынтымақтастықты нығайту және аймақтағы қақтығыстарды шешу бойынша тиісті бастамаларды көтеретіндігін жиналғандардың қаперіне салып өтті.  БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш өзінің жаңа жылдық жолдауында екі басымдыққа - цифрландыру мен жастарды тартуға арналған БҰҰ-ның 75 жылдығын мерекелеуді бастады. Сонымен бірге, Қазақстан қабылдаған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы осы бағыттарға деген адалдықты растайды, сонымен қатар жастарды тарту тақырыбы да ел үкіметінің күн тәртібінде - өткен жылы «Жастар жылы» және «Еріктілер жылы» деп жарияланды. 

Өз кезегінде, Елші, Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілі (1999-2003 ж.ж.), Мәдина Жарбосынова БҰҰ мүшесі бола отырып, Қазақстан бүкіл әлемдегі өзекті мәселелердің шешімдерін әзірлеуге толық құқылы және нақты мүмкіндік алғандығын, 28 жыл бойы негізгі халықаралық ұйымның көпжақты күш-жігеріне нақты үлес қосқанын да айтып өтті.

Елші бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайту, ядролық сынақтарға тыйым салу және тыйым салу саласындағы Қазақстанның БҰҰ-дағы негізгі бастамаларына тоқталды.   Осы саладағы Қазақстанның тарихи үлесі мен дәйекті ұстанымы әлемдік қауымдастықтың Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы ретінде расталып, мойындалғаны атап өтілді.

М. Жарбосынова 75 жыл ішінде әлемдегі көпжақты дипломатияның негізгі құралы болып табылатын Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық бейбітшілікті, бітімгершілік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, қақтығыстарды болдырмауда және шешуші рөл атқарғанын атап өтті.

Жиынға қатысқан дипломаттар мен сарапшылар қауымдастығы ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізе алған және шынымен де стратегиялық серіктес болған Қазақстан мен БҰҰ арасындағы тығыз ынтымақтастықты жоғары бағалады.

Жалпы, дөңгелек үстел Қазақстанның халықаралық ұйымдарға, атап айтқанда БҰҰ қызметіне қатысқандардың қызығушылығын, сондай-ақ бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосатын аймақтық ынтымақтастыққа қосқан үлесін көрсетті.

Дөңгелек үстел БҰҰ-ның 75 жылдығына арналған Қазақстан Республикасындағы барлық іс-шаралардың модераторы болып табылатын Қазақстандық Медиа Альянсының қолдауымен, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігі және Біріккен Ұлттар Ұйымының Алматыдағы Өкілдігімен бірлесіп өткізілді.

Іс-шара белсенді «сұрақ-жауап»  сессиясымен аяқталды.

Алматы

Соңғы жаңалықтар