17 Тамыз, 2013

Түбі бірдің тілегі бір

364 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Кеше Әзербайжанның Габала қаласында түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) үшінші саммиті өтті. Саммитке Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия Президенті Абдулла Гүл, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев және Түркіменстан Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары Сапардурды Тойлиев қатысты.

01-2 копия

 

2009 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Әзербайжан елдері арасында қол қойылған Нахчыван шартына сәйкес халықаралық ұйым ретінде құрылған Түркі кеңесінің I саммиті 2011 жылы Алматыда, II саммиті 2012 жылы Бішкекте өткізілген болатын. Әр жылдары өтетін саммиттер әртүрлі тақырып аясында ұйымдастырылатындықтан, Алматы саммиті «Түркітілдес мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығы», Бішкек саммиті «Білім, ғылым және мәдени ынты­мақ­тастық» тақырыбында өткен еді. Ал биылғы Габала саммитінде «Көлік және байланыс» саласы назарға алынды.

 

 

01-2 копия

02-2

03-2

04-1

05-1

06

Тарихтың қазіргідей даму кезеңінде дамыған мемлекеттер, тіпті дүниежүзілік державалар экономикалық және мәдени интеграция мәселесіне ерекше мән беріп отыр. Себебі, кез келген мемлекет күрделі геосаяси және геоэкономикалық жағдайда жеке дара дами алмайтыны анық. Ал экономикалық, тарихи-мәдени жағынан мүдделес елдермен бірлесе одақ құрып, аймақтық деңгейде үнқатысудың маңызы ерекше.

Түбі бір түркінің мүддесін бір арнаға тоғыстыруды, тамырлас халықтарды жақындастыруды, түркі жұртының мүд­десін түгендеуді көздейтін Түркі кеңе­сін құру жөніндегі бастаманы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зар­баев осындай мақсатпен көтерген еді. 2006 жылы көтерілген бұл бастама кейін өз нәтижесін берді. 2009 жылы Әзер­байжанның Нахчыван қаласында тиісті шартқа қол қойылды. Мұндай ынтымақтастық тетігі осы халықтардың ортақ игілігі мен ортақ мүддесіне қызмет ету мақсатында бекіген болатын.

Егер, Кеңестің алғашқы саммитінен тамыр тартар болсақ, Алматы төрінде өткен I саммит «Түркітілдес мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығы» деген тақырып аясында өрбіген. Ондағы түпкілікті мақсат – түркі елдерінің арасында экономикалық байланыс орнату, бауырлас елдердің осы саладағы қарым-қатынасын жолға қою, сауда-саттықты арттыру, транзиттік тасымалды ұлғайту.

Ал өткен жылы Бішкек қаласында ұйымдастырылған түркітілдес мемлекет­тер­ ынтымақтастық кеңесінің II сам­митінде де бірқатар маңызды келі­сім­дерге қол қойылған еді. Бұл ретте, «Білім, ғылым және мәдени ынты­мақ­тастық» тақырыбы да кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Мұндағы мақсат – халықтарды жақындастыру, мәдени-гу­ма­нитарлық салаларда елдер арасындағы ын­тымақтастықты тереңдету. Тарихы ор­тақ, тілі жақын, тамыры бір түркі әлемін рухани, мәдени құндылықтар байланыстыратындықтан, бұл түсінікті жайт. Бұл тамырлас қана емес, тағдырлас елдердің төрт құбыласының түгенделуіне де сеп болары белгілі.

Бішкек саммитінде түркі университеттер одағы мен түркі елдері жазушылар одағын құру, түркі дүниесіндегі мәдени мұраларды ЮНЕСКО тізіміне ұсыну секілді бірқатар маңызды мәселелердің басын біріктіретін құжаттар қабылданған екен. Демек, Түркі кеңесі тамырлас елдер арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту үшін ашылған жаңа арна десе де болатындай.

Габала қаласының төрінде ұйымдасты­рыл­ған түркітілдес мемлекеттер басшылары Кеңесінің III саммиті басталмастан бір күн бұрын Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер сыртқы істер минис­тр­лерінің қатысуымен Кеңес отырысы өтті. Онда саммит аясында қозғалатын, сондай-ақ, Кеңес алдында тұрған бірқатар мәселелер пысықталды. Отырыс соңында түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңе сі сыртқы істер министрлер кеңесінің ортақ мәлімдемесі қабылданды. Мәлімдемеде «Мысырда жалғасып жатқан демонстрацияларға күш қолданудың салдарынан құрбандар мен жаралылар болған кешегі оқиғаға байланысты терең өкінішімізді білдіреміз. Бейбіт тұрғындар арасында құрбандардың болуын қабылдау мүмкін емес. Осы ретте қаза болғандардың туыстарына көңіл айта отырып, жаралылардың тезірек сауығуын тілейміз. Елде шұғыл түрде сабырлылық пен бітімшілікке қажеттілік бар екеніне назар аударамыз және қауіпсіздік, демократия мен тұрақтылықтың қайта қалпына келуіне шақырамыз», делінген.

Ал кеше өткен III саммит аясында Түркі кеңесіне мүше елдерді тонның ішкі бауындай жақындастыра түсетін бірқатар мәселелер талқы таразысына салынды. Солардың бірі – көлік және байланыс саласы. Себебі, көлік және байланыс саласындағы ынтымақтастық түркітілдес мемлекеттердің дамуына жаңаша серпін беретін тетік екені аян. Мәселен, көлік жөніндегі жұмыс тобының отырыстары мен Ақтауда өткен Баку-Ақтау порттары басшыларының арасындағы кездесулерден кейін биылғы жылдың шілде айында көлік министрлері Бакуде алғаш рет басқосқан болатын. Жиында Көлік министрлері арасында ынтымақтастық хаттамасына қол қойылды. Сондай-ақ, қол қойылған меморандумға сәйкес Баку, Ақтау және Самсун порттары арасында бауырлас порттар байланыстары құрылған-тұғын. Мәселелерді жедел шешудің қосымша тетігі ретінде министрлер орынбасарларынан құрылған үйлестіруші кеңес те құрылды. Демек, алдағы уақытта Батыс – Шығыс көлік дәлізі бойынша Каспий арқылы мультимодальдық тасымалды ынталандыру мүше мемлекеттер арасында сауда-саттықтың артуына және елдеріміздің транзиттік әлеуетінің жүзеге асуына қызмет етпек.

Жиынды Кеңестің II саммитіне төраға болған Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев ашып, төрағалық тізгінін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке берді, оның алдағы уақытта Кеңес аясында атқаратын жұмыстарына сәттілік тіледі. Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев те өз кезегінде саммитке қатысушылардың жұмысына сәттілік тілей келе, Кеңес өзінің құрылған күнінен бастап түркітілдес елдердің ынтымақтастығының дамуына, тарихы ортақ халықтарды мәдени, экономикалық тұрғыдан жақындастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқа­рып жатқанын атап өтті. «Кеңес эконо­ми­калық, энергетикалық, инфрақұрылым, мә­дени-рухани байланыстарды тереңдету бағытында ауқымды іс-шараларды жүзеге асыруда. Болашақта да түркітілдес елдердің ортақ мүддесі жолында атсалысуымыз керек», деді И. Әлиев.

Бұдан кейін сөз тізгінін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алды. Қазақстан Президенті түркітілдес мемлекеттер басшыларымен Түркі кеңесінің үшінші саммитінде кездескеніне қуанышты екенін жеткізе келе, Ильхам Әлиевке өздеріне көрсетілген ыстық ықыласы мен қонақжайлылығы үшін ризашылығын білдірді.

«Бүгінде Түркі кеңесі аясы кеңейген таны­мал халықаралық ұйымға айналды. Ұйым экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Өзара ынтымақтастық пен бірліктің артуы «Түркі әлемі» атты ортақ брэндті жер-жаһанға танытып отыр. Мен енді Сіздермен Кеңес қызметінің бүгіні мен болашағына қатысты ой бөліскім келеді. Біз Түркі кеңесінің беделін арттыру үшін оның Ұйым ретіндегі институттық негізін қалыптастыруға бар күшімізді жұмсауымыз қажет. Осыған қатысты кейбір маңызды құжаттарды ратификация­лауды тезірек аяқтаған жөн.

Түркі кеңесінің негізгі жұмыс органы – Хатшылықтың қызметі біз үшін аса маңызды. Бұл жұмыс Ұйымның тұңғыш Бас хатшысы Халил Ақынжы мырзаның еңбегі арқасында іске асуда. Біз оның түркітілдес елдер арасында ынтымақтастық орнатудағы қызметін жоғары бағалаймыз.

Екіншіден, бауырлас халықтар мен көрші елдер арасындағы өзара тиімді экономикалық ынты­мақтастықты нығайту қажет. Бү­гінгі тәуелсіз 6 түркітілдес мем­лекеттің ортақ ішкі жалпы өнімі 1 триллион 150 миллиард долларға жетіп отыр. Осыған қарамастан, елдер арасындағы сауда айналымы әлеуетімізге сай емес», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, 2012 жылғы деректер бойынша, Қазақстанның түркітілдес елдермен сауда көлемі небәрі 8 мил­лиард доллар болған. Ал бұл Қазақстанның жалпы сыртқы сау­дасында 5 түркітілдес елдің жи­ынтық үлес салмағы 6 пайызға да жетпейтінін көрсетеді екен.

«Өткен жылдың аяғында Қа­зақ­стан 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдады. Біз ал­дымызға 2050 жылға қарай әлем­дегі ең дамыған отыз елдің қа­тарына қосылу мақсатын қойдық. Елімізде үдемелі индустрияландыру бағдарламасы бойынша жү йелі жұмыс жүргізілуде. 2010 жылдан бастап жалпы құны 14 миллиард долларға шамалас 560-қа жуық жоба іске қосылды. Соның арқасында 60 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Біз, сондай-ақ, жаңа энергия көздерін пайдаланып, «жасыл» экономиканы орнықтыруға мүдделіміз. Осы орайда Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің маңызы зор. Бұл ауқымды шараға барлық түркітілдес мемлекеттер белсене атсалысады деп сенемін. Осы арқылы бәріміздің ортақ игілігіміз үшін маңызды бағыт – туризмнің дамуына мүмкіндік туады. Бұл салада тәжірибе алмасу, мамандарды бірлесе даярлау, ортақ сая­хат бағдарын белгілеу керек. Сол мақсатта Хатшылық аясында Ту­ризмді дамыту жөніндегі жұмыс тобын құруды ұсынамын», деді Мемлекет басшысы.

Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесіне мүше елдер арасын­дағы коммуникацияны дамытуға көңіл бөлу қажеттігіне назар аудар­ды. «Көлік және коммуникациялар экономикалық қуатымызды дамытуға негіз болуға тиіс. Бүгінгі басқосуымыздың осы тақырыпқа арналуы бекер емес. Біз 2020 жылы Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдауды екі есе, 2050 жылға қарай он есе арттыруды көздеп отырмыз. Келешекте ел аумағы арқылы жүк тасымалдауды жылына 50 миллион тоннаға жеткізу жобалануда. 2011 жылы Ресей, Қытай және Гер­маниямен бірігіп, Қытайдан Германияға Қазақстан арқылы өтетін «Чунцин – Дуйсбург» контейнерлік пойызын іске қостық. Еуропаны біздің өңір арқылы Ты­нық мұхитпен жалғайтын жаңа әуе, теңіз, автокөлік жолдарын, темір жолдар мен құбырлар салу жос­парда бар. Қытаймен шекарадағы «шығыс қақпамыз» – «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы жұмыс істеуде. Ал батысымызда «Ақтау» теңіз портын кеңейту жобасы мен Ақтөбеде логистикалық орталық құрылысы жүзеге асырылуда. Бұл жобалар еліміздің Каспий өңіріне, одан әрі Ресей мен Еуропаға жол ашатын «батыс қақпасы» қызметін атқарады. Келешекте Сары теңіздегі Ляньюньгань Қытай портында терминалдық инфрақұрылым салынады. Біз Түркия, Әзербайжан және Қазақстан теңіз порттары арасында ынтымақтастықты дамыту арқылы Каспий теңізінің көліктік әлеуетін арттыру мүмкіндігіне ие болдық», деді Президент.

Елбасымыздың атап айтуынша, 2015 жылы Қазақстан арқылы өте­тін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансқұрлықтық автокөлік дәлізін ашу жоспарланып қойылған. «Биыл­ғы жылғы мамыр айында «Қа­зақстан – Түркіменстан – Иран» темір жолының қазақ-түркімен бөлігін ресми түрде түйістірдік. Енді «Баку – Тбилиси – Карс» темір жолының тезірек іске қосылуын күтеміз. ТРАСЕКА халықаралық көлік дәлізі аясындағы мультимо­даль­ды көлік-контейнерлік пойы­зының жобасы да маңызды. Өзара сауда айналымы мен көлік әлеуетін ілгерілету үшін кеден саласындағы қарым-қатынасты жандандыру қажет. Ол үшін халықаралық стандарттар мен озық технологияларды тиімді пайдалану керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті, сондай-ақ, бауырлас халықтар арасындағы білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігіне баса мән берді. «Түркі әлемінің қанына сіңген төзімділік, имандылық, адамгершілік қасиеттерін кеңінен насихаттау керек. ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының жұмысына белсене атсалысу керек. Білім мен тәжірибе алмасуда, түркологтарды бірлесе даярлауда, түркі мұрасын зерделеуде Түркі академиясының мүмкіндігі зор. Түркі кеңесінің Алматыда өткен бірінші саммитінің шешіміне сәйкес, «Түркі дүниесі» альманағы жыл сайын жарық көруде. Академия дайындаған «Түр­кілік тәрбие антологиясының» маңыздылығы жоғары. Биыл күзде Түркістан қаласында «Қазіргі түркі әлемі: нақты ахуал және даму болашағы» атты алғашқы ха­лық­аралық симпозиум өтеді. Осы маңызды іс-шараға барлық түркітілдес елдер ғалымдарының бел­сене қатысуын қалаймыз. Түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін насихаттауда ТҮРКСОЙ-дың атқарар рөлі зор. Біз биыл бұл ұйымның құрылғанына 20 жыл толуын атап өтеміз», деді Елбасы.

Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ұйымға төрағалық Қырғыз Республикасынан Әзер­байжан Республикасына ауыс­қанына тоқталды. Осы орайда Мем­лекет басшысы А.Атамбаевқа ризашылық білдіріп, И.Әлиевке Кеңес қызметін дамыту жолында толағай табыс тіледі.

Қырғызстан Президенті Ал­мазбек Атамбаев: «Біз халық­тарымыздың ілгері жылжуына сеп болатын кез келген бастамаларды қолдап, әрі қарай жалғастыруымыз керек. Сондықтан Кеңестің алдында тұрған міндеттер мен саммит аясында көтерілген мәселелер нәтижелі жүзеге асырылғаны жөн», деген ойын жеткізсе, Түркия Президенті Абдулла Гүл: «Аз ғана уақыттың ішінде біздің аянбай кү