Спорт • 03 Наурыз, 2020

Қазақстандық боксшылардың қарсыластары анықталды

300 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Иордания астанасы – Амманда бокстан Азия және мұхит аймағы елдері арасындағы Олимпиада ойындарының лицензиялық турнирінің жалауы желбіреді.

Қазақстандық боксшылардың қарсыластары анықталды

Айтулы жарысты Қазақстанның былғары қолғап шеберлері ертең бастайды. Алғашқы болып шаршы алаңға бұрымдылар көтеріледі: Дәміткен Келімбет (57 кило) қытайлық Инь Юнхуамен, Римма Волосенко (60 кило) үндістандық Каур Бааттхпен шеберлік байқасады.

Ертең Зәкір Сафиуллин (63 кило) Иран мен Қытай, Әбілхан Аманқұл (75 кило) Оңтүстік Корея мен Тәжікстан және Бекзад Нұрдәулетов (81 кило) Жаңа Зеландия мен Жапонияның жігіттері арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен күш сынасады.

Жұма күні Абылайхан Жүсіпов (69 кило) моңғолиялық Машелт Баттұмыр мен катарлық Цуласиммарах Тхарумалингамның бірімен кездеседі. Валентина Хальзова (69 кило) кореялық Сюен Чоймен, Надежда Рябец (75 кило) өзбекстандық  Навбахор Хамидовамен қолғап түйістіреді.

Сенбіде Сәкен Бибосынов (52 кило) рингке шығады. Оның қарсыласы әлі анықталған жоқ. Серік Теміржанов (57 кило) ирактық Әл-Суданимен, Ангелина Лукас (51 кило) таиландтық Ютамас Йитронгпен сайысқа түседі.

Ал аптаның соңғы күні алыптардың айқасын тамашалаймыз. Атап айтсақ, Василий Левит (91 кило) Тәжікстан мен Моңғолия, Қамшыбек Қоңкабаев (+91 кило) Иран мен Қытай боксшылары арасындағы тартыста бағы жанған жігіттермен күш сынасады.