Әбділақ Нұрлақұлы 1986-1988 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданының Куйбышев кеңшарында бас мал дәрігері қызметін атқарған кезде қойдың айналшық ауруынан шаруаның орасан шығынға ұшырайтыны ойландырыпты. Айналшық ауруы малға иттен жұғады. Иттің ащы ішегіндегі таспа құрт нәжіске араласып сыртқа шығады. Мал сол құрттарды шөппен қоса жеп, ауруға шалдығады. Бала күнде қой баққандар білетін болар, мұндай аурумен ауырған мал бір орында айнала береді.
Ғалым алдымен құрттардың қалай дамитынын, иттің нәжісінен шыққан жұмыртқадан қалай өнетінін терең зерттеп, оны қойдың өті мен ішегіндегі сөлінен жасалған қоректік ортада қолдан өсірді. Осы ортада енді пайда бола бастаған миқұрттардың антигендерін қозыларға еккенде, жас төлдер айналма ауруымен ауырмапты. Сол қозыларға кейіннен тоқты кезінде ми құртының жұмыртқасын жұқтырып көргенде де ауру белгісі байқалмаған. Сөйтіп жас төлдің айналма ауруына қарсы иммунитеті артты. Паразиттің антигендеріне тән заттарын аз мөлшерде малға алдын ала еккенде, оның қорғаныш қабілеті артып, паразитке қарсы күреске дайын болды. Алғашқы жүргізілген зерттеу нәтижелерінің жетістіктері бойынша жазылған «Малдың айналма ауруын серологиялық реакциялармен анықтауға арналған компоненттер жиынтығы» деп аталған еңбегі өндіріске енгізіліп, мал шаруашылығында кеңінен пайдаланудың нәтижесінде айналма ауруының таралуы 15-20 пайызға дейін қысқарған көрінеді.
Үлкен істерді үнсіз істейтін адамдар болады, біздің осы жолғы кейіпкеріміз, досының айтуынша, тура сондай жан. Қаншама елеулі еңбек еткеніне қарамастан қарапайым. Әйтпесе С.Нұрмағанбетұлы: «Бұл айтуға ғана оңай, ал шын мәнінде мұның бәрі ұзақ жылдар бойы күн-түн демей еткен еңбек пен тынымсыз ізденістің нәтижесімен келген. Әбекең жұмыс бөлмесінде сақтаулы тұрған тарихи құжаттарды да көрсетті. Сарғайған құжаттардан Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік малдәрігерлік препараттарын тексеру ғылыми зерттеу институтында толық тексеру үшін Мемлекеттік малдәрігерлік басқармасы бастығының 1988 жылғы 22 наурыздағы №100 бұйрығымен комиссия құрылғанынан және осы комиссияның қорытындысымен 1989 жылы «Малдардың айналма ауруына қарсы вакцина жасау туралы нұсқауы» Бүкілодақтық Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөндірістік комитетінің Малдәрігерлік басқармасының бастығы А.Третьяковтың №432-3 бұйрығымен бекітіліп, өндіріске енгізілгенінен хабардар болдық», деп толғанар ма еді.
Кейіпкеріміз Түркістан қаласына жақын орналасқан Бабайқорған ауылында дүниеге келген. Алғыр да зерек болған ол 5 жасында мектепке барыпты. Қабілетіне қарай ауылдағы оқу ордасынан ауданға, кейін ірі шаһарға ауысып, Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы №12 қазақ орта мектебін тәмамдаған. Сонан соң 1972 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп, Алматы облысы Талғар ауданының «Луч Востока» ұжымшарында мал дәрігері, Алматыдағы Қазақ малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер және «Өндірістік орталық» зертханасының басшысы болды. 1986 жылы туған мекені Оңтүстік Қазақстан облысына оралып, Түркістан ауданындағы Куйбышев кеңшарының бас мал дәрігері болып жұмысқа орналасты. Ал 1991 жылдан 2012 жылға дейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінде «Биология» мен «Экология» кафедраларының доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі және 1997-1999 жылдары университет президентінің кеңесшісі қызметін атқарған. Бүгінде Әбділақ Нұрлақұлы – Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Биология» кафедрасының профессоры.
Ғалым тәуелсіздік жылдарында отандық ғылымның дамуына ғана емес, ана тіліміздің ғылым тіліне айналуына алғашқылардың бірі болып үлес қосты. 1998 жылы «Малдың паразит ауруларын иммунологиялық әдістермен анықтаудың биологиялық негізі» атты қазақша қорғаған еңбегімен ғылым докторы атағын алды. Әрине, бұл – құлағанына көп болмаған Қызыл империя саясатының салқыны басыла қоймаған кез. Сондықтан үлкен тәуекелге бел буғанда «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі бас редакторы Уәлихан Қалижан мен жазушы Шерхан Мұртазаның тиісті орындарға ұсыныс хаттар жолдап, қолдау көрсеткенін қоса кету керек. Қазірдің өзінде мұндай маңызды қадамға бара бермейтін отандық зерттеушілерге үлгі боларлық ұстаным.
Сондай-ақ кейіпкеріміз – Халықаралық экология академиясы мен жаратылыстану ғылымдарының академигі, Білім және ғылым министрлігінің «Үздік оқытушы» грантының иегері, 40-тан аса ғылыми еңбектің (оқу құралдары, әдістемеліктер, монографиялар, т.б.) авторы. Бұдан бөлек, Әлем халықтары жазушылар одағы мен Қазақстан журналистер одағына мүше Әбділақ Нұрлақұлының көркем-әдеби эсселер мен сатиралық әзіл-сықақ тақырыбындағы он шақты кітабы жарық көрген.