Тіпті бірнеше жыл бұрын қаланың «Солтүстік» шағын ауданында №62 жер үйдегі пәтерлердің бірінде газдың ауаға таралуынан жарылыс болған. Салдарынан пәтерлердің де есік-терезесі қирап, 1980 жылы туған ер адам зардап шеккен еді.
Тілсіз жаудың зардабын қаңтар айында қаладағы жекеменшік балабақшалардың 4 бүлдіршіні мен тәрбиешісі де тартты. Дегенмен, газ иісінен уланған екі жастағы сәбилер мен тәрбиеші қалалық гипербариялық оксигенация орталығына жатқызылды. Қуантарлығы, адам шығыны жоқ. Қалалық төтенше жағдай басқармасы мен «ҚазТрансГаз» АҚ өкілдері «Қаршыға» балабақшасында улану оқиғасы газ колонкасының ақауынан шыққан деген болжам жасады.
Ақпан айында шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде 26 және 28 жастағы екі әскери қызметкердің өлі денесі табылды. Анығында олар түнде үйді жылытпақ болып, газ плитаны қолданған. Сөйтіп өздері ұйқыға жатқан. Белгілі бір уақытта көгілдір отын сөніп, қайта қосылғанда, улы газ бөлмелерге тарапты. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрболат Дербісов датчиктен бөлмеде газдың иісі бар екенін анықтағанын айтады.
Апатты жағдай мен қайғылы оқиғалардың себебі туралы төтенше жағдай қызметкерлері бұған ең әуелі тұрмыстық салғырттық, сосын тұрғындардың газбен жылыту қондырғыларын заңсыз орнатып алуы себеп болып отыр дейді.
«Қыс мезгілінде тұрғындар терезе-есіктерін қымтап ұстайды. Үйді жылыту үшін қосымша электр тогын қосады. Оның көбісі газ арқылы жұмыс істегеннен кейін улану процесі өршиді», деді қалалық ТЖД басшысы Нұрболат Дербісов.
Шымкенттің «Самал», «Ынтымақ», «Қазығұрт» шағын аудандарымен қатар бірқатар көшеде арнайы қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Жұмыс күндері тұрғындар үйлерінде көп болмайтындықтан мамандар халыққа көгілдір отын жайында үгіт-насихатты арнайы демалыс күндері жүргізген. Нәтижесінде, 1 тәулікте 2 мың үйді аралап, 3 мың адам алдын алу жұмыстарымен танысты. Бұл тұрғыда «ҚазТрансГаз» мекемесінің өкілдері де арнайы рейдке шыққан. Қызметкерлер тұрғындардың келісімімен әр үйге кіріп, жылу жүйесінің жұмыс істеу барысын тексерген. Газдан ақауы бар үйлерге ескерту жасап, 5 күн ішінде қайта жөндеуіне мүмкіндік берілді.
Алайда тұрғындар өз көздеріне көрінбейтін ақауды елемей, оның соңы жоғарыдағыдай қайғылы оқиғаларға ұласуда. Жуырда Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Жақсыбаев тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан орын алған қайғылы оқиғалар және оның алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар жайлы сөз қозғады.
Басшының айтуынша, биылғы жылу беру маусымында улы газдан уланудың 10 оқиғасы тіркеліп, 10 адам қайтыс болды, 4 адам жарақат алды. Жылыту маусымы басталғалы бері тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және улы газдан уланудың алдын алу мақсатында ТЖ департаменті қала және аудан әкімдігі, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының қызметкерлерімен, Nur Otan партиясының Jas Otan жастар қанатының еріктілерімен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Сонымен бірге «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылы аясында департамент өзінің оқыту базасында өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау, азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері бойынша денсаулық сақтау ұйымдары мен білім беру мекемелерінің 43 қызметкерін оқытты.
Қала тұрғындарының басым бөлігі жеке секторда тұрады. Көптеген үй орталық жылу қазандықтарына қосылмаған, жеке газ қондырғыларын пайдаланып келеді. Дегенмен, шетелден енген құрылғылармен жүйелі таныспаған немесе дұрыс қолдана алмаудың салдарынан улану оқиғалары тыйылмай тұр.
Осы ретте төтеншеліктер мен газ таратушы мекемелер тұрғындарды сақтыққа шақырып, газдың иісі шыққан жағдайда байланыс тетіктеріне хабарласуды сұрайды. Сондай-ақ қандай да бір жөндеу жұмыстары үшін арнайы маманның көмегіне жүгінуге шақырады.
ШЫМКЕНТ