«Бұл Қазақстанның өнеркәсібіндегі ең проблемалы сектор деп айтуға болады. Себебі, экономикада өңдеуші саланың айрықша басымдықта болуына байланысты бұл сала көп уақыт бойы назардан тыс таса қалып келді. Жеңіл өнеркәсіп экономиканы түрлендіруге, әсіресе пайдалы қазбалар қорының азайып, мұнай бағасының төмендеген кезінде дағдарыс толқынына қарсы тұру мүмкіндігінің бірі болып табылады», деді Дариға Назарбаева.
Сенат төрағасының айтуынша, жеңіл өнеркәсіптегі стартаптардың негізгі үлесі әйелдерге тиесілі.
«Жеңіл өнеркәсіп әлеуметтік маңызға ие сала. Ол халықтың, әсіресе әйелдердің жоғары деңгейдегі жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің барлық активтерінің 44%-ын әйелдер басқарады. Олар шағын және орта бизнес секторындағы барлық жұмыс орындарының 31%-ын қамтамасыз етеді. Жеңіл өнеркәсіптегі стартаптардың негізгі үлесі әйелдерге тиесілі. Олардың белсенділігінің арқасында сала жандана бастады», деді Д. Назарбаева.