20 Тамыз, 2013

Көк аттың хикаясы

534 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мынау жатқан Құсмұрын төбесі. Төбе деп дабырайтпай-ақ төбешік десе де болар. Әлде төбе екеш төбе де ел қайғысын көтере алмай бауырлай шөгіп кетті ме екен.

Мынау жатқан Құсмұрын төбесі. Төбе деп дабырайтпай-ақ төбешік десе де болар. Әлде төбе екеш төбе де ел қайғысын көтере алмай бауырлай шөгіп кетті ме екен.

Сонау бір соғыс басталған жылы біздің Қарағаштан ғана алпыстан астам боздақ майданға аттанған. Ауылдан дауыс көтеріп жылап-сықтап шыққан шал, кемпір, келін-кепшіктер жаяу шұбырып осы Құсмұрын төбесіне беттер еді. Содан төбе басына келіп ошарылған жұрт Құсмұрынның күнбатыс етегіне қарай еңірей құлаған жазық – Кеңащы аңғарынан әріректегі бой байқатар Көк ат ауылын көктей өтіп, көкжиекпен астасқан, сағыммен жүз құбыла ағараңдаған Тайынша шаһарының сұлбасына тіксіне қарасар еді. Тіксінетіні ауылдан аттанар боздақтарды осы шаһар тойымсыздана қылғыта жұтып, темір жол составтарына отырғызып алып, көз көріп, құлақ естімеген бір қиырға – соғыс жаққа жөнелтіп жататын нағыз сойқанды сұмдықтың ошағындай көрінетіндігі. Бірақ оған Тайынша шаһары кінәлі емес, бар кінәсі батыс пен шығыс, оңтүстік пен теріскейді жалғап жатқан темір жол торабына тақау ірге тепкендігі.

Тым әріректегі Қызылжар мен Көк­шетау қалаларының бел орта­сын­дағы осы шаһарда атышулы базар болған. Отырықшылыққа үйрене бастаған қазақ ауылдары Тайынша базарынан тіршілігіне керектінің бәрін тауып жататын. Қыр қазақтары табын-табын ірі қара мен жылқысын, отар-отар қойын осы базардың тойымсыз көпестеріне тоғытып, өз нәпақаларын айыратын. Іргедегі іргелі ел Даңқойдың атышулы байы Нығыметжан да жыл сайын жүген-құрық тимеген ту асауларын бақанға тізіп әкеліп, талайлардың тақымын толтырар күлікпен разы ететін. Атақты Балуан Шолақ та өзінің жансерігіне айналған Ақбоз атты құрдасы Нығыметжан жылқыларының ішінен таңдап, тауып алған.

Атышулы Қажымұқан балуан да осы Тайынша базарында жиылғандарды өз күшімен тәнті еткен.

Біздің бір атамыз базарға оны-мұны алуға келгенде орыстың мұжығы ұстап алып «ох, киргиз» деп сабағанда, аңғал атамыз «я не киргиз, я данкой» деп ақталатыны да осы атышулы Тайынша базары ғой.

Әрине, бұның бәрі өзінше бір пара әңгіме.

Біздің әңгіме ауанымыз Көк ат хикаясына аумақ.

Әкемізді тумай жатып жалмап алған менің балалық өмірімнің дені осы Тайынша шаһарында, ондағы анамның екі інісі Серғазы мен Әуап нағашыларымның отбасында өткен еді. Бұлардың екеуі де майдангер болатын.

Жаз бойы нағашыларымда болып, тамыздың ортасына қарай Қарағашқа қайттым. Әрине, өзіме қайту қайдан келсін. Ауылдан базаршылап келіп нағашымның үйіне түстенген Қасым шалдың күрең биесі жегілген көк арбасына отырып қайттым. «Мектепке барады, қайтсын» деген анамның сәлемі көлікке ілесуіме себеп болған.

Жаздың ми қақтар аптабы сабасына түсіп, сарытап күзге мысықтабандап тақап қалғандық па, мизам қалқып, жасыл бояқ шалғынның өңі өңе бастаған. Жол бойғы кездесер ойдым-ойдым ойпаңды жердің табаны тақырланып, шабылған шөптер үйілген шөмеле-шөмеле шошақтарға айналып, көңілге мұң ұялатады. Күні кешелер самалмен теңселе толқыған өлеңді шөптің шалғы жүзіне ұрынып, бүгінде өлі шөмелелерге айналғаны бала көңіліме жарқын жаздың санаулы күндерінің қалғандығынан хабар беріп, кәдімгідей көңілсіздікке жетелейді. Оның үстіне бірде желе жортып, енді бірде аяңға көшкен күрең биенің митың жүрісі, көк арбаның бірқалыпты сықыр-сықыр еткен мазаң үні де көңілсіз көңілімді серпіп тастар сыңай танытпайды, қайта мұңыма мұң қосып, көңілсіз күйімді тереңдете түседі.

Артта қалып бара жатқан Тайынша шаһарына, Құсмұрын төбесінен алдымен көзге шалынар мұнаралы алып элеватордың асқақ бітіміне қараймын. Балапан жүрегім атқақтап, шым-шым етеді. Қаладан ұзамай жатып нағашыларымды, олардың маған деген ыстық ықыласты пейілдерін, Мәпруза мен Сара апатайларымның ақжарқын жомарт ниеттерін алабөтен сағына қалғаным қалай. Келер жазда да оралмаймын ба? Ораламын ғой...

– Балам, қай класқа барасың? – Қасым шалдың тарғылдана шыққан тосын сауалы жаңағы бір ұшығынан ұстап, өзімше ойға батып малтығып шыға алмай отырған көңіл қиялымды үзіп жіберді.

– Үшінші.

– Бәрекелді... Оқы, шырағым, оқы. – Мен шалдың тер сіңді елтірімен жиектелген көнетоз бөркіне, тарамыс желкесіне, одан т