Әлем • 05 Наурыз, 2020

Коронавирус туралы жиі қойылатын сұрақтар

3819 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көптеген адам жаңа коронавирус (2019-NCOV) ауруы жайлы білмейді. 

Коронавирус туралы жиі қойылатын сұрақтар

Ендеше бұл қандай ауру?

Коронавирустар – жануарлар мен адамдар арасында таралған вирустардың үлкен тобы.

Жаңа коронавирус ауруы алғаш рет 2019 жылы Қытайдың Ухань қаласында анықталған респираторлық дерт. Деректерге сүйенсек, бұл індетке шалдыққандардың көпшілігі – теңіз өнімдері мен жануарлардың ірі нарығымен байланыста болған адамдар. Бұл – жұқпалы ауру. Әлемнің 70-тен астам еліне тараған індеттен сақтану үшін Денсаулық сақтау министрлігі алдын алу жұмыстарын күшейтіп отыр.

2019-nCoV коронавирустың емі бар ма?

Қазіргі таңда арнайы емі жоқ. Ауру тіркелген елдерде симптоматикалық емдеу жүргізуде.

2019-nCoV вакцинасы бар ма?

Әзірге вакцина жоқ.

Жиі қойылатын сұрақтар:

Коронавирус деген не?

Коронавирус адамдардың да, жануарлардың арасында да кездеседі. 2019 жылы белең алған жаңа вирус (COVID-2019) алғаш Қытайдың Ухань қаласында анықталды. Бұл инфекцияны жұқтырғандар коронавирустық пневманияға шалдығады.

Ухань қаласында індет алғаш өршіген кезде сырқаттанғандардың көбі теңіз өнімдері мен жануарлар сатылатын үлкен базарларға барған. Яғни инфекция бастапқыда жабайы жануарлардан жұққан болуы мүмкін.

Әлемде бұрын-соңды коронавирусқа ұқсас ауру болды ма?

Коронавирус бұған дейін де әлемді әлекке салған. Осы инфекция салдарынан 2002-2003 жылдары әлемнің 37 елінде 8 мыңнан астам адам ауыр өткір респираторлық синдром (TOPC) немесе SARS-пен ауырып, оның 800-ден астамы қайтыс болған. Екіншісі, Таяу Шығыс респираторлық  синдромы немесе MERS. 2012 жыл мен 2020 жылдың қаңтары аралығында 27 елде 2 мыңнан астам адам сырқаттанып, оның 780-і көз жұмды.

Коронавирус қалай жұғады?

Коронавирус адамнан адамға ауа арқылы жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлегенде жұғады. Сондай-ақ науқас пайдаланған тұрмыстық заттармен және алиментарлық жолмен (тамақ, су арқылы) берілуі мүмкін. Ауа, тамақ өнімдері және тұрмыстық заттардан да жұғады.

Коронавирустық инфекцияны тасымалдаушы кім?

Ауруға шалдыққан адам немесе жануар.

Бұл инфекция қайдан шықты және қалай тарады?

Қытай ғалымдарының мәліметінше, коронавирус (COVID-2019) табиғи резервары жабайы жануарлар (жарқанаттар).  Адамдарға Оңтүстік Қытайдағы көтерме сауда базарларынан жұқты. Бұл сауда орталықтарында жарқанаттар мен жануарлардың етінен әзірленген тамақ өнімдері сатылады.

Короновирустық инфекцияның негізгі симптомдары қандай?

Қызу, жөтел, ентігу.

Вирус сыртқы ортада да өмір сүре ме?

Коронавирус сыртқы ортада тұрақсыз. Дезинфекциялық, құрамында спирті бар заттарға шыдамайды.  57 градустан жоғары температурада да өледі.

Инфекцияның инкубациялық кезеңі?

Инкубациялық кезең (жұқтырған сәттен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейін) екі күннен 14 күнге дейінгі аралықты қамтиды. Көбінесе 2-7 күн.

Бұл инфекция емделе ме?

Әзірге арнайы емі жоқ. Науқастар патогенетикалық және симптоматикалық ем алуда.

Инфекцияға қарсы вакцина бар ма?

Қазіргі уақытта бұл инфекцияға қарсы вакцина жоқ.

Коронавирустан қалай қорғануға болады? Алдын алу шаралары қандай?

Алдын алу шаралары:

  • Респираторлық аурудың белгілері байқалған жағдайда медициналық маска киіп жүру, оны 2-3 сағат сайын ауыстыру;
  • Мүмкіндігінше адам көп жиналатын жерлерге бармау;
  • Респираторлық аурудың белгілері бар адамдарға жақындамау;
  • Кез келген қоғамдық орыннан келгеннен кейін және тамақ алдында қолды кем дегенде 20 секунд сабынмен жуу немесе құрамында спирті бар салфеткалармен сүрту;
  • Адамның көзіне, мұрнына, бетіне жақындамау;
  • Жөтелгенде және түшкіргенде ауызды майлықпен жабу.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар бар ма?

Бүгінде Қазақстанда жаңа коронавирус жұқтырған науқас тіркелген жоқ.

Әлемде жаңа коронавирустық пневмония алғаш рет қашан тіркелді?

Жаңа коронавирустық инфекция ең алғаш 2019 жылы 8 желтоқсанда Қытайдың Ухань қаласында тіркелген.

Қазақстанға жаңа коронавирус тасымалдануы мүмкін бе?

Инфекцияның таралуы әбден мүмкін. Қазақстанның санитарлық-эпидемиологиялық қызметі әуежайларда, ТЖ өткізу пункттерінде шетелден келген барлық азаматтарды жіті тексеруде. Жолаушылар мен экипаж мүшелері термометриядан өтеді.

Коронавирустық инфекцияның симптомдары байқалған жағдайда қайда бару қажет?

Жедел респираторлық инфекцияның немесе коронавирустың белгілері байқалған кезде медициналық мекемеге бару қажет. Науқастың жағдайы нашарласа бірден медициналық жедел жәрдем шақыру керек. Жедел жәрдем бригадасы келгенше алдын алу шараларын сақтаңыз. Яғни өзге адамдарға жақындамаңыз, жөтел әдебін сақтаңыз, маска киіңіз және өз бетіңізше емделмеңіз.

Жаңа коронавирустық пневмониядан адам қайтыс болуы мүмкін бе?

Коронавирусты жұқтырған науқастардың 3 пайызға жуығы қайтыс болады.

жожзщ