«Жеті мүшел бұрын жарық көрген бұл газеттер алыстағы ауылда қалайша міні құрамай сақталып қалған?» – Қарапайым ауыл музейіндегі құнды жәдігерді көрген адамның ойына ең алдымен келетін сауал осы.
- Осыдан бірер жыл бұрын Жәнібек ауданы орталығында орнына жаңа үй тұрғызу үшін бір көне ғимаратты иесі бұзған болатын Сол кезде ескі есіктің тақтайлары арасынан бір бума газет шыққан екен. Оны біздің кітапханашымыз Лаура Аюпова көріп қалып, аттай қалап сұрап алған еді. Содан бері біздің музейдің ең бағалы бұйымдарының бірі ретінде көрмеде тұр, - дейді мектеп директоры Серік Сидағалиев.
Латын әрпімен шыққан «Социалистік Қазақстан» газетінің 1938 жылғы қараша айындағы №254, 259, 261, 262, 263, 264, 267, 268, 269, 286 сандары сол күйінде бүлінбей сақталған. Бұл кезең КСРО-да газет басу ісі барынша жолға қойылған, газеттің әр санында фотосурет басылған, «халық жауларының» қалың тобын қаусатып үлгеріп, социалистік дамудың ұранды жолына түскен аласапыран уақыт еді. Сарғайған парақтардан сол заманның лебі әлі есіп тұрғандай...
Бұл газеттерді есіктің қуысына кім тыққаны да белгісіз. Тек бір газеттің сыртында карандашпен «Детдом» деп жазылыпты. Шамасы көне ғимарат сол кезде жетім балаларды паналатқан қазына үйі болса керек.
Бүгінгі Талов ауылы – бұрынғы Ішкі Қазақ ордасы – Бөкейлікке қараған Талөпке қисымының аумағында жатыр. Ақын-ағартушы Ғұмар Қарашты жаулары қылыштап өлтірген Құнаншапқан ауылдың іргесінде. 5 шақырымда мемлекеттік шекара – Ресей Федерациясы басталады. Белгілі дәрігер, обаға қарсы күресуші Мәжит Шомбаловтың атақонысы да осы өңірде. Осындай тарихи ауылда мектеп мұражайы осыдан дәл 10 жыл бұрын – 2010 жылы ашылған болатын. Бүгінде мұнда 200-дің үстінде жәдігер жинақталған. Мектеп оқушылары ел мен жер тарихына жетік, патриот болып өсіп келеді.
Батыс Қазақстан