Қоғам • 05 Наурыз, 2020

Баянсыз бағдарламалар: Қабылданған құжаттар неге орындалмайды?

279 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғалы халықтың тұрмысын көтеріп, әлеуметтік деңгейін жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, білім мен медицина саласын жүйелеу мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарлама қабылданды.

Баянсыз бағдарламалар: Қабылданған құжаттар неге орындалмайды?

Өкініштісі, уақыт пен нәти­желер көрсетіп отырғандай, бағ­дар­ламалар уақтылы орындал­май, тіпті сыбайлас жемқор­лық­тың көзіне айналды. Ел игілігі үшін қабылданған бағдар­ла­малардың нәтижелі болмауына не себеп?

2007 жылы Елбасының Қазақ­стан халқына Жолдауында Тұң­ғыш Президент үш жылдың ішін­­де мектеп пен ауруханаларға мұқ­­таж өңірлерде аталған нысан­дар­­ды салуды тапсырған еді. Осы орайда мемлекет-жекемен­шік әріптестікті қолға алып, соның көмегімен әлеуметтік-инфра­құ­­рылымдық даму тетігін қа­лыптастыру жолға қойылған-ды. Бағ­дарлама белгіленген уақытта аяқ­талмай, жылдан-жылға шеге­ріле берді. Жоспардың үш жылда орындалмайтыны алғашқы 2 жылда-ақ білінгендей. Өйткені 2007 жылы 11 денсаулық сақтау ны­санының құрылысы басталып, 2008 жылы оның қатары 10-ға көбейген. Бұл негізгі меженің жар­­тысына да жетпейді. Ал тек ау­­руханалардың құрылыс жұ­мыс­­­тарына 2008 жылға 53,1 млрд теңге қарастырылған. Уақы­тын­­да орындалмай, мерзімінің ұза­­­руымен қоса, Қаржы поли­ция­­сының «қара тізімінің» кө­шін де бастаған кез болды. 2010-2011 жылдары мемлекеттік бағ­­д­­арламалардың орындалуын тексеру барысында ұлттық қа­зы­наға бағдарламаның дұрыс орындалмауы салдарынан 1,5 млрд көлемінде шығын келгені, со­нымен бірге 34 қылмыстық іс қозғалғаны анықталды. Ал жалпы, сол 2010-2011 жылдары мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын тексеру кезінде 262 қыл­мыстық іс қозғалып,  мемлекетке 2,2 млрд теңге көлемінде шы­­ғын әкелгені хабарланды. Жо­ға­­рыдағы 262 істің тек 184-і сотқа жіберіліп, 157 адам жауапқа тартылды.

Одан бері 10 жылдан ас­там уақыт өтсе де жағдай түзеле қоймады. «Ауыз су» бағдар­ламасы жемқорлықтың шырмауынан шыға алмай, Қазақстан хал­қының 20 пайызы ауыз сусыз отыр.

Бұл 4 млн-нан астам адамның таза суға қолы жетпегенін көрсетеді. 2016-2019 жылдар арасында Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі сумен қамту бағдарламасына қатысты 69 қылмыс фактісін тіркеп, мемлекетке 1,8 млрд көлемінде шығын келгенін анықтады. Жауапқа тартылған 32 адамның 24-і сотталды.

Инфрақұрылымды да­мы­тудың 2015-2019 жыл­дарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­лама­сының орындалуына жауаптылар да мінсіз нәтиже көр­сете алмады. Алғашқы 3,5 жыл­­дың ішінде жемқорлыққа қа­тысты 100 қылмыс тіркеліп, 2,7 млрд теңге көлемінде шы­ғын келгені белгілі болды. 55 шенеунік жауапқа тартылып, 24-і сотталды.

Көріп отырғанымыздай, бағдарла­малардың орындалмауына ең үлкен әрі жиі кездесетін себеп – жем­қор­лық. Күні кеше Сы­байлас жем­қорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің басшы­сы Алик Шпекбаев сыбайлас жем­қор­лыққа қатысты ақпа­рат берген аза­маттардың 10 млн теңгеге де­йін сый­ақы алу­ға мүмкіндігі бо­латы­­ны туралы хабарлады. Бәл­кім, бұл жағдайды тү­зер. Де­­ген­­мен мемлекеттік бағ­дар­­­ла­ма­лардың кей­бі­рінде грант қа­рас­тырылған. Ал тә­жі­­рибе мен уақыт бөлінген грант­тар­дың игерілуі мен гра­нт ие­гер­лерінің жұмысын қада­ға­ла­майтынын көрсетіп отыр.

Transparency International ұсын­ған сыбайлас жемқор­лықтың әлем елдері рейтин­гін­де Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орынға жайғасқан. Осы орайда заңгер Нұр-Сұл­тан қалалық адвокаттар кол­ле­гиясының қорғаушысы Жан­дос Тұяқов елде сыбайлас жемқорлықты азайту үшін халықтың әлеуметтік жағ­­дайын көтеру керек дей­ді.

«Сыбайлас жемқорлық нақ­ты осындай себептермен болады деу қиын. Деген­мен, осыдан бірнеше жыл бұрын судьялардың жалақы­сы көтерілді. Бүгінде сот са­ла­­сында сыбайлас жем­қор­лық айтарлықтай азайға­нын бай­қауға болады. Со­ны­мен бірге біздің сот жүйе­сінде судья­­ның ішкі сені­мі деген тү­сі­нік пен сот прецен­денті­н­ің болмауы бар. Бұл бір­дей қылмысқа әр түрлі үкім шы­ғуы мүмкін дегенді білді­реді. Яғни, жағдай түзелуі үшін сот үкімі бәріне бірдей болуы керек. Бізде бірдей қыл­­мыс жасаған бір адам ақ­та­лып жатса, екіншісі ауыр жа­за­ға тартылады. Халықтың сот­қа сенімі болуы үшін сот преценденті енгізілуі керек. Яғни, қылмыс жасаған адам міндетті түрде қатаң жазаланатыны анық болуы керек», деді маман.

Жақында Nur Otan партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі респуб­ликалық қо­ғам­дық кеңестің отырысын­да «Нәтижелі жұмыс­пен қам­­­тудың және кәсіпкер­лік­ті дамытудың 2017-2021 жыл­­­дарға арналған «Еңбек» мем­­лекеттік бағдарлама­сын жүзеге асыру барысы­ның олқылықтары туралы сөз болды. Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қор­ғау ми­­нистрі Біржан Нұрым­бетов 2017 жылдан бері атал­ған бағ­дарламаға 1,3 млн аза­мат­тың қатысқанын мәлім­деді. Үш жылда кәсіп­керлік­ті дамытуға 186 млрд теңге бөлініп, 39 мың несие берілген. Алайда, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова 3 жылдың ішінде 88 жемқорлық фактісі тіркеліп, 56 істің сотқа жіберілгенін айтты. Жоғарыда айтылған бағдарлама қаты­су­шыларының тек 23 мы­ңы маман­дығы бойынша жұ­мысқа орналасқан. Сәй­ке­сінше, 6 млрд теңге нарық­та сұранысы жоқ маман­дық­тарды оқытуға жұмсалған.

2019 жылы бағдарламаны іске асыруға үш жылға 363 млрд теңге бөлінген. Рес­пуб­­ликалық бюджеттен 243 млрд теңге, жергілікті бюд­жеттен 120 млрд теңге қарас­тыр­ылған. Үш жылда бағ­дар­ламаға 659,6 мың азамат қатысты. Оның ішінде 528 мың азамат – жұмыссыз, бұл 80 пайызды құрайды. Бағ­дар­лама нәтижесінде 449 мың адам жұмысқа орналастырыл­ды, оның ішінде 383,4 мың адам тұрақты жұмыспен қам­тыл­ды. Осы нәтижелерге қа­ра­­­мас­тан, халықты нәти­же­лі жұ­­мыспен қамтуға жәр­дем­­­де­су және азаматтарды кә­сіп­­кер­­лікке тартуға не­гіз­дел­­ген бағдарлама­ны іске асы­ру барысында заң бұзу­шы­­лық­тарға, оның ішінде сы­­бай­­лас жемқорлыққа жол бе­ріл­ген. Талдау бюджеттен бө­лін­ген қомақты соманың тиім­сіз жұм­салып, талан-та­раж­­ға са­лынып жатқанын, оған ла­уа­зым­ды тұлғалардың тіке­­лей қатысы бар екенін көрсетті.

Қай істің болсын ілгері­леуі үшін үш шарт бар. Ең әуелі – ниет, одан кейін күш, ал одан соң тәртіп керек. Біз­­де тәртіп мәселесі сын көтер­­­мейді», дейді Бақыт­гүл Ха­менова. Депутат ұсын­ған мәлі­­метке сүйенсек, Мем­ле­кет­тік бағдарлама шең­берін­де оқытылған 80 мың адам­ның 23 мыңы ғана ма­ман­дығы бойынша жұмысқа ор­наластырылған. Соның нәтижесінде нарықта сұра­нысы жоқ мамандарды оқы­ту­ға шамамен 6 млрд тең­ге жұмсалған.

Nazarbayev University-де қазақ жастарына дәріс оқып жүрген мемлекеттік сая­сат бойынша философия док­торы, профессор Колин Нокс Қазақ­стан секілді қазба бай­лы­ғы мол дамушы ел­дерде бәріне тез арада қол же­ткізу­ді қалайтын құмар­лық бар, дегенмен оған қол же­ткізу тетіктері дұрыс жолға қо­йыл­маған деген пікірде.

«Қазақ­станның алға қой­ған мақ­саты биік. Мұн­дай үлкен талаптың болуы құп­­­­т­ар­­лық жағдай. Деген­мен соған жету барысында өзі­­нің қарым-қабілеті мен уақыт тапшылығын ескере бер­мейді. Мәселен, Қазақ­станды да­мыған елдермен салыс­ты­р­а­тындар көп. Бірақ эконо­микасы мен саясаты оза шап­қан мемлекеттер қазіргі дең­гейіне бір күнде жеткен жоқ. Олардың болмысы ға­­сыр­­лап қалыптасты. Ал Қазақ­­станның тәуелсіздік ал­ға­­нына небәрі 25 жыл то­лып­­ты. Елдің ертеңін анық­тай­­тын бағыттардың бол­­ға­ны өте тиімді. Алайда, Қазақ­стан­да сондай бастама­лар­дың орындалуы ақсап жата­ды. Қазақстан Президенті ұсын­­­ған «100 нақты қадам» ұлт жос­­парын алып қараңыз. Онда елдің дамуына керекті ба­ғыттар анық айтылған. Қазақстан мұндай стратегия жасау жөнінен ешкімге дес бермейді. Әйтсе де, сол ба­ғыт­тарды бірқатар салада жүзеге асыру қиындық ту­ғы­зады. Мемлекеттік саясат­ты зерттеп жүрген маман ре­­тінде, Қазақстандағы ең үл­кен кемшілік деп стратегия­ла­рдың дұрыс орындал­мауын айтар едім. Яғни, жүзеге асыру тетіктерінің жетіспеуі бағыттардың орындалуын баяулатады», дейді сарапшы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратына сүйенсек, жыл сайын сыбайлас жем­қор­лық салдарынан Қазақстан эко­но­микасы шамамен 3,8 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы жоғалтады. Бұл – ІЖӨ-нің 2 пайызы. Жемқорлыққа қар­­сы күрес әлі де нәтижесіз еке­­­нін келесі статистика дә­лел­­­деп отыр. Мәселен, 2012 жылы 279 шенді жем­қор­­­­­лық фактісі бойынша ұс­­­та­­­лып, олардың 239-ы жа­уап­­­қа тар­тылса, 2014 жы­­­лы олар­­дың саны 403-ке жет­кен. Ал 2019 жылы 1590 адам атал­­ған қылмыс бо­йын­­­­­ша қол­ға түскен. Көріп отыр­­ға­ны­­мыз­дай, көр­сеткіш ариф­­­мети­­ка­лық прогрес­сия күйін­д­е өсіп отыр. Агенттік бас­­­шы­с­ы Алик Шпекбаев соң­­ғы үш жылда қылмыс са­ны­­­ның азай­­­­ға­нын айтады. Жем­қор­­­лар саны азайғаны­мен, мем­­ле­­кет­­ке келетін шы­ғын көле­мі ұл­­ғай­ған. Мә­се­лен, 2018 жы­лы 13,5 млрд тең­ге көле­мін­­де ақша ұрла­нса, был­тыр 23,2 млрд теңге жым­қырылған. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жем­қор­лық деген әлеу­мет­тік аурумен бірігіп күресу керек екенін айтты. Жемқорлықпен ұсталған қызметкерлердің бірінші басшыларын жауап­қа тарту, тіпті жемқорлыққа қар­сы күрес жүргізетін құры­лым­дар қызметкерлерін қатаң жауапқа тартуды қарас­тыру­­ды ұсынды. Алайда, қолға алын­ған шаралар да, үгіт жұ­­мыс­тары да, халықты ын­та­­лан­дыру да әзірге оң нәти­жесін көр­сетер емес. Қысқасы, мемлекет тарапынан қабыл­данған бағдарламалар баянды деп айту қиын әзірге.