Таным • 06 Наурыз, 2020

Қиыр Шығыс майданына қатысқан қазақ қыздары

2910 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес армиясының қатарында қазақтың ұлдарымен бірге қыздары да гитлершілдерге ғана қарсы күрескен жоқ, сондай-ақ олар Қиыр Шығыс майданында да жапондармен шайқасты.

Жалпы, Қиыр Шығыс майданында жапон милитаристеріне қарсы жүргізілген соғысқа Қазақстаннан қанша қыз-келін­шектің қатыстырылғаны туралы нақты дерек анықталған жоқ. Дегенмен Орал өңірінен майданға қыздардың көптеп аттанғаны туралы деректер бар. Мәселен, майдангер ана Қаламсия Ермекова: «1942 жылы соғысқа Оралдан 200 қыз аттандық» десе, Қаным Әлмағамбетованың ғұмырбаянында: «Оралдан 1 эшелон қызды тиеп Қиыр Шығысқа алып кетті», деп жазылған. Ал осы эшелондағы қыздар арасында болған жауынгер Валентина Суворова: «1942 жылдың шілдесінде Орал өңірінен әскерге 300 қыз шақырылды. Эшелон Оралдан Қиыр Шығысқа бет алды. Эшелонға әрбір стансадан қыздар тиелген екі-үш вагоннан қосылып отырды, Хабаровскіге 52 вагон болып жетті...», деп жазады. Бұл деректерден Қиыр Шығыс майданына қазақстандық мыңдаған жауынгер қыздың қатысқанын аңғаруға болады...

 

Қиыр Шығыс майданына қатысқан қазақ қыздары

Майдантастар ортасында. Үмітай Есқалиева (3-қатар оң жақта бірінші), Қаным Әлмағамбетова (3-қатар оң жақта үшінші). Корея. Хедзио қаласы. 1945 жыл 10 қазан

Десантшы Қаламсия

Қаламсия Ермекқызы 1921 жылы Орал облысы, Жымпиты ауы­лында дүниеге келген. Әке­сінен ерте айырылып, жас­та­йынан тіршілік тауқыметін кө­ріп өскен. Екінші дүниежүзілік со­ғыс басталғанда екі ағасы со­ғыс­тың алғашқы күн­дері май­­­данға аттанып, хабарсыз ке­теді. Қаршадайынан қиын­дық­­­ты еңсере білген бойжет­кен ана­сы­ның қарсылық біл­діргеніне қа­ра­мастан, екі ағасы­ның кегін алмақшы болып, өз еркімен май­данға ба­руға бел байлайды. Әуелі Жым­пи­тыдағы екі айлық өзін өзі қор­ғау курсын тәмамдаған Қа­лам­сия аудандық әскери ко­миссариаттың табалдырығын тоз­дыра жүріп, ақыры «он күндік жол азығыңызды алып келіңіз» деген шақырту қағазын алады.

Қ.Ермекова маршал Р.Мали­новский басқарған ІІ Қиыр Шы­ғыс майданының десантшылар армиясының құрамында Жапония басқыншыларына қарсы соғысқа қатысады. Жауынгерлік өмірі туралы ол: «Қалың орман арасын­да десантшы да, барлаушы да бол­дық, түнгі күзетте де тұрдық, деп жа­зады.

Жауынгер қыз Березовка де­рев­нясының маңында 1945 жыл­дың 15 қыркүйегінде соғысты аяқтап, елге аман-есен оралады. Жа­­уынгерлік ерліктері үшін ІІ дәре­желі Ұлы Отан соғысы ор­де­ні және «Кеңес Одағының Мар­шалы Г.К.Жуков» медалімен ма­­рапатталады. Майдангер ана елге жеңіспен оралған соң, бей­біт өмірге араласып, бала­лар үйін­де тәрбиеші болып қыз­мет ете­ді. 1946 жылы соғыс ар­да­гері Самиғолла Машаевпен бірге ша­ңырақ көтеріп, бес бала тәр­биелеп өсіреді. Десантшы жа­уынгер ана 96 жасқа қараған ша­ғында 2018 жылы 9 мамыр мерекесі қар­са­ңында дүниеден озды.

 Жауынгер қос құрбы

Сын сағатта ерлермен бірге қолына қару алып, майданға ат­танған Жымпиты ауылынан, яғни Сырым бабаның туған жерінен шыққан жауынгер қос құрбы туралы біреу білсе, біреуі біле бер­мейтіні анық. Өйткені олар Отан­ды қорғау әркімнің де парызы деп санап, өздерінің жауынгерлік өмір жолдарын көпшілікке ерекше мақ­танышпен айта бермеген.

Мүслима Үмбетова 1923 жы­лы, ал Әзима Ниязғалиева 1925 жылы Орал облысы Жымпиты ауылында дүниеге келген. Бір көшенің бойында көрші тұрған олар 1-сыныпқа бірге барады. Мүслима соғысқа дейін ауылда есепші болып жұмыс істейді.

Соғыс басталған кезде, қос құрбы өз еріктерімен майданға сұранып, Жымпиты аудандық әскери комиссариатына өтініш береді. Соғысқа құрбысымен бір­ге кетуді ойлаған Әзима әске­ри ко­миссариатқа жазған өті­нішінде жасын бір жасқа ұлғайтып, туған жылын 1924 деп көрсетеді. Сөйтіп өтініштері қа­былданған құрбылар 1942 жылы 22 маусымда майданға аттанады. Әзима Ниязғалиеваның анасы қызының кесіп тастап кеткен тоқпақтай екі бұрымын төрге іліп қояды.

Жауынгер қыздар Қиыр Шы­­ғыс майданындағы №120 ар­тил­­­лериялық әуе шабуылынан қор­ғану полкінің құрамына алынады. Владивосток, Лесозаводск қалалары бағытындағы жапон ми­литаристерімен болған ұрыстарға қатысады. Бұдан басқа қос құрбы Уссури өлкесіндегі қалың орман арасына жасырылып қойылған әскери ұшақтар мен әскери ба­залар­ды күзетеді, сондай-ақ зе­нит­тік батареяға оқ дайындай­ды. Жауынгерлік тапсырмаларды орындаудағы адалдығы мен тындырымдылығы үшін жауынгер қыздар Қиыр Шығыс майданы қолбасшысының Ал­ғыс ха­тына ие болады. Взвод ко­ман­дирінің көмекшісі, кіші сержант М.Үмбетова майдандағы өмір жолдары туралы жазған есте­лігінде: «Уссуридің қа­тал қы­сы мен күзгі лайсаң жаңбы­ры­­ның астында тұрып, самолет қарауылдаған кез аса қауіпті бола­тын, түн қараңғысы енген шақ­та кірпік қақпай тұратынымыз естен кетпейді. Біз бәрі де Отан үшін, бәрі де туған ел үшін емес пе, несіне аянамыз деп намысқа тырыстық», деп жазады.

«Отан қорғағаны үшін», «Ер­лігі үшін», «Германияны жең­­гені үшін» медальдарымен марапат­талған жауынгер қыз­дар 1945 жы­лы тамыз айында аман-сау елге оралады. Елге келіп, бейбіт өмір тіршілігіне аралас­қан Әзима Нияз­ғалиева 1946 жылы соғыс ардагері Арон Қонақбаевпен отау құрып, 6 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп өсіреді. Майдангер ана 1988 жылы өмірден озғанға дейін Жымпиты ауданы орталығындағы №166 (қазір №19 кәсіптік лицей) техникалық училище қызметкері болып абыройлы еңбек етті.

Ал Мүслима Үмбетова соғыс­тан кейін Жымпиты аудан­дық кеңесі атқару комитетінің құра­мында, одан кейін аудан­дық, ауыл­дық байланыс бөлім­шеле­рінде оператор, ал 1963 жыл­дан 1978 жылы зейнет дема­лы­сына шыққанға дейін ХХІІ Ком­мунистік партия съезі атын­дағы кең­шарда байланыс бөлімшесінің меңгерушісі болды.

Қаһарман Қалампыр

Қиыр Шығыс майданында соғысқа қатысқан жауынгер қыз­дардың бірі – Қалампыр Ахметова 1920 жылы Жымпиты ауданы К.Маркс ауылында дүниеге келген. Ағасы Жәрдем екеуі ата-ана­­­сынан жастай же­тім қалып, балалар үйінде тәр­биеленеді. 1936 жылы 16 жасында ауыл бас­паха­насында әріп теруші болып еңбек жолын бастайды. Кейін кітапханашы қызметін атқарады.

Соғыс басталғанда өзі еркімен сұранып, Қиыр Шығыс майданына аттанады. 89-шы авиациялық полк құрамында 120-шы әуе қызметін қамтамасыз ету батальонында әскери міндетін атқарады. Бұл туралы майдангердің мектеп пио­нерлерімен кездесуінде сөй­леген сөзінде: «...Мен өзім сұра­нып армия қатарына алындым. Біз Отанымыздың қиыр шеті Владивосток жағы, Приморьеде қызмет еттік... ...Біз бұл соғыста жапон армиясын тас-талқан етіп жеңдік...», дегені бар.

Майдангер ана ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ке­ңес Одағының Маршалы Г.К.Жу­­ков» медалімен марапат­тал­ған. Со­ғыс ардагері Исмағұл Иман­ға­лиев­­пен отау құрады. Зей­нет дема­лы­­­сына шыққанға дейін Жәні­бек ауылындағы мектеп жатақ­хана­сы­ның бас аспазы болып еңбек етеді.

Соғысты Кореяда аяқтаған

Жапонияны тізе бүктіруге қа­тысқан қиыршығыстық кеңес жа­уынгерлерінің қатарында Қа­­ным Әлмағамбетова мен Үмі­тай Есқалиева да болды. Дә­лі­рек айтқанда, қыз-келіншек­терден құралған, аэродром қыз­метін қам­тамасыз ету батальоны құра­мын­­да байланысшы болған олар со­ғысты Кореяның Хедзео қала­сын­­да аяқтап, елге жеңіспен оралады.

Өзінің ғұмырбаянында Қа­ным Әлмағамбетова 1921 жы­лы Орал облысы, Тайпақ ауда­ны Базартөбе ауылында дү­ниеге келгенін жазған. Бір жа­сын­да әкеден, жеті жасында ана­сынан айырылған Қаным ағасы Мұхамбетжан екеуі туыс­та­рының қамқорлығында болады.

Ел басына күн туған шақ­та Қаным көп ойланбастан май­данға сұранып, әскери комис­сариатқа өтініш жазды. Өтініші қабыл­данып, майданға аттанған жауынгер қыздың Қаратөбе аудандық архив қорындағы ғұмырбаянында: «1942 жылдың август айында өз еркі­мізбен соғысқа сұрандық. Тайпақ ауданынан менімен бірге 10 қыз аттанды. Оралдан 1 эшелон қыз­ды тиеп, Қиыр Шығысқа алып кетті. Лесозаводск деген жер­­де, кейін Киров ауданы тер­рито­­рия­сындағы орман ішінде 3 жыл бойы аэродром қызметін қамтамасыз ететін әйелдер батальонында бол­дық. 4 жыл бойы өзіммен бірге болған Үмітай Есқалиева екеуміз өмір соқпағын бірдей көрдік. Аэ­родром күзеттік. Ұшып келген истребительдерге көрсетілетін қызметтерді ат­қар­дық», – дейді. Сондай-ақ ол жауынгерлік өмір жол­дарын еске ала отырып: «Таң­ғы сағат 6-дан түнгі 11-ге дейін қарлы-жа­уынды ауа райына қа­рамастан оқ атуды, пышақ шаншуды, жер бауырлап жылжуды, өзеннен өтуді, байланыс аппараттарын қолдануды үйренеміз. Апта­сына екі рет толық әскери қару­мен 20-40 шақырымдық жүгі­ру міндетін орындап тұрдық. 1945 жылы қыркүйекте Жапон мили­­таристеріне қарсы соғыс бастал­ғанда біздің батальонды Кореяның Хедзео деген қаласындағы аэро­дром күзеті мен қызметіне ауыс­­тырды», деп жазады. Сөйтіп со­ғысты Корея жерінде аяқтап, 1945 жылы желтоқсанда елге оралған Қаным Әлмағамбетова жауын­герлік ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені және Жо­­ғарғы Бас қолбасшының Алғыс хатымен марапатталды.

Соғыстан кейін Жымпиты, Қа­ратөбе ауылдарында есепші қыз­метін атқарды.

Ал Үмітай Есқалиева 1921 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы Калмыков ауылында дүниеге келген. Ол бір жасында әкесінен, ал он үш жасында анасынан айырылып, ағасы Ораздың қамқорлығында өседі. Ол 1941 жылы алдыңғылардың бірі болып соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен ағасының кегін ал­мақшы болып өз еркімен май­данға сұранады. Сөйтіп, 1942 жылы 24 шілдеде Қиыр Шы­ғыс майданына аттанған Үмі­тай Есқалиева 35-армия құра­мындағы 120-аэродром қызметін қамтамасыз ететін әйелдер баталонында автоматшылар ротасында байланысшы болады. 1945 жылы қыркүйек айын­да жоғарыда айтылғандай, Қаным Әлмағамбетовамен бірге Кореяның Хедзео қаласына ауыс­тырылып, 1945 жылы желтоқ­санда елге бірге оралады.

Жауынгерлік ерлігі үшін сержант Үмітай Есқалиева Жоғарғы бас қолбасшы Сталиннің Алғыс хатын, сондай-ақ ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Жа­по­­нияны жеңгені үшін» және «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медальдарымен марапатталды. Соғыстан соң бейбіт өмір тір­лігіне араласқан майдангер ана Калмыков ауылында ұзақ жылдар бойы сауда саласында еңбек етті. Соғыс ардагері Ха­лық­­­берген Құлшықовпен отау құрып 1 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсір­ді. Ба­ла­­ларының барлығы жоғары білімді.

Әскери көлікті тізгіндеген бойжеткен

Слухия Сарқұлова 1923 жылы Орал облысы, Жаңақала ауданында дүниеге келген. Со­ғыс­тың алдында ғана, яғни, 1941 жылы 15 маусымда төрт сыныптық қана білімі бар Слухия Переметное ауылындағы автокөлік жүргізу­шілер курсына жіберіледі. 1942 жылы 15 қаңтарда курсты тә­мам­дап, ауылға келген ол техни­ка жөндеушісінің (механик) кө­мекшісі болып жұмысқа кірі­седі. Осылайша, 1942 жылы жазда өз еркімен сұранып, майданға аттанады. Ол Қиыр Шығыс майданында Хабаровск өлкесі Иман қаласында №189 автокөлік пол­кінің №600 ұшақтарға қызмет көрсету батальонында әскери машинамен миналар, снарядтар тасу, бомбалаушы ұшақтарды сүйреп қыздыру сияқты әскери қызмет түрлерін атқарады.

Майдангер С.Сарқұлованың жауынгерлік өмірі туралы жазған ғұмырбаянында: «Әскери өмірім Қиыр Шығыста Хабаровск өлке­сінің Иман қаласынан басталды. Кеңес армиясы қатарында 1942 жылдың 23 маусымынан ұшақ­тарға қызмет көрсету ба­тальонын­да қызмет еттім. Со­ғысты Жапон елінің Ханкель пор­тында аяқтадым. Жарақатым жоқ. Шенім – ефрейтор. Соғыс­тың алғашқы кезеңінде, орыс тілін білмей қиналдым. Бірақ орыс полктастарым маған үнемі көмектесіп отырды. Майданда көрген қиындық пен азапты күн­дерім ұмытылмайды. Қасымдағы шофер Анна Фадеева екеуміз 3 күн адасып бөлімшені зорға тапқа­нымыз әлі есімде. Ас-сус­сыз адасып жүргенде жолдан жа­пон галетін (ұннан жасалған печенье) тауып жегенбіз. Галет уланған болып шықты. Мен қатты ауырдым. Бірақ Анна мені далаға тастамады. Жолдағы бір ауылға апарып, әрең дегенде сүт тауып әкеліп, емдеп есімді жи­ғызды», – деп жазады.

Қаһарман қыз 1945 жылы 20 қарашада аман-сау елге оралды. Бейбіт өмірде ветеринарлық сани­тар, далалық бригада есеп­шісі сияқты түрлі қызметте істеді. 1953 жылы 3 наурызда Под­тяжки ауылдық кеңесінің төр­ағасы бо­лып тағайындалған ол бұл қыз­метті зейнеткерлік де­ма­лысқа шыққанға дейін 25 жыл атқарды.

Майдангер С.Сарқұлова Ұлы Отан соғысының мерекелік ме­даль­дарымен қатар, кеңестік қо­ғам қайраткері ретінде «Құр­мет белгісі» ордені, «Тың жер­лер­ді игер­­­гені үшін», «Еңбек ар­да­гері» ме­дальдарымен марапатталды.

«Адамдар бір-біріне өзара қарыздарлығын әрқашанда ойлай жүрулері керек. Әсіресе Отан соғысы ардагерлерінің еңбегін ерекше бағалай білуі қажет. Ер өледі, ел қалады. Есі­мі ел жү­ре­гінде сақталған ер ғана ба­қытты», деп батыр Б.Момышұлы айт­қан­дай, бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі жауынгер аналардың есімін мәңгілік мақтаныш етеді, құрмет тұтады.

1

Майдангер ана Қалампыр Ахметова (ортада) қаруластарымен бірге

 

2

Қиыр Шығыс майданы. Жауынгер Слухия Сарқұлова. 1944 ж. Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық музейі қорынан алынды

 

8

Қиыр Шығыс майданына қатысқан десантшы Қаламсия Ермекова/ автордың жеке архивінен алынды

9

Қиыр Шығыс майданына қатысқан майдангер аналар Әзима Ниязғалиева (сол жақта),

Мүслима Үмбетова. 1983 ж./ автордың жеке архивінен алынды

 

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты