Руханият • 06 Наурыз, 2020

Ұлттық сананы тарихи сана қалыптастырады

2334 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық сана тарихи санамен қалыптасады. Әрине елімізде тәуелсіздіктің көк туы желбірегелі бері тарих саласында көптеген шаруа атқарылды. Дегенмен де бүгінде жоғары оқу орындарында тарих пәнін қалай оқытып жүрміз? Оған бөлінген сағат жеткілікті ме? Бағдарламасы қандай? Ал мектептерде тарих пәні қалай оқытылуда?

Ұлттық сананы тарихи сана қалыптастырады

Қанша дегенмен тарих дегеніміз тұнып тұрған идеология. Балалардың төл тарихы­мызға деген көзқарасын қалып­тас­тыру қажет. Әрине бұл бағыт­та оқулықтардың сапасына байланысты көптеген мәселе бар.

Міне, Алматыда өткен тарих­шылардың келелі кеңесінде ұлттық тарихқа деген көзқарас, оқулықтардың сапасы және басқа да мәселелер әңгіменің өзегіне айналды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және елімізге белгілі тарихшы ғалымдар, ЖОО-ның басшылары, мұғалімдер, оқулық авторлары, баспагерлер қатысқан бұл жиынды тарих ғылымдарының док­торы, түрколог, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төр­ағасы Дархан Қыдырәлі жүргізді.

Шынында бүгінгі тарих пәнінің авторлары кім және олар тарих пәнін жазған кезде қандай негіздерге сүйенді? Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда бұл пән бойынша темірқазық болатын академиялық оқулық жоқ екенін ашық айтты. Бұрыннан немесе жаңадан зерттелген мәселелерді қамтитын ғылыми жұмыстың жоқтығынан оқулықтарымыздың мазмұнына көңіл толмайды. Яғни, ұлттық тарихқа жаңаша көзқарас керек.

– Тарихи сананы қалыптас­ты­руда атқарылған жұмыстар көп. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» секілді мақалалары тарих ғылымы, жалпы ұлтымыз үшін үлкен жаңалық болды, осы салаға үлкен серпін берді. Енді тарих саласына деген көзқарасты өзгерту үшін ғылыми-зерттеулер, жаңа концепциялар керек, – дейді бұл жөнінде А.Ай­ма­ғамбетов.

Расында тәуелсіздік алғалы еліміз өз тарихына көп мән беруде. Бірақ ақтаңдақ мәселелер де жоқ емес. Мысалы, биыл Жеңістің 75 жылдығы. Алайда әлі күнге ІІ дү­ниежүзілік соғысты «Ұлы Отан соғысы» деуден танбай келе жат­қандар бар, бұл әлі күнге бір ізге түспей келеді.

 

Оразақ СМАҒҰЛҰЛЫ,

антрополог-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, академик:

– Антропология саласына алғаш рет академик Қаныш Сәт­баев жан бітірген. Енді қазіргі ар­хеологтер немен айналысып жатыр? Шынымды айтсам, көңі­лім тоя қоймайды. Көрші Ресей­де шығып жатқан кітаптарда қазақ халқының этностық тарихына байланысты бір ауыз сөз жоқ. Ол былай тұрсын, архео­логиялық қазбалардың нәти­жесінде табылып жатқан дүниелердің қазақ халқының ата-тегіне қатысы туралы ешқандай мағлұ­мат берілмеген. Бүгінгі архео­лог­тердің бағыты дұрыс емес. Тіпті кейбір этностық терминдерді дұ­рыс пайдаланбаймыз. Мысалы, сақты скиф дейді. «Скиф» деген сөз италиян диалектісімен қарасақ, «оңбаған, надан» деген сөз. Ал біздің тарихшыларымыз сақ пен скифтің айырмашылығын біл­мейді.

 

Болат КӨМЕКОВ,

тарих ғылымдарының докторы, академик:

– Өз тарихын білетін ел ешқашан жеңілмейді. Тарих арқылы елдің сана-сезімі өседі. Өткен ғасырдың 90-жылдары елдің сана-сезімі бір дәрежеде еді. Қазір өзгерді. Қазақ – мемлекетқұраушы ұлт, осыны баса айту керек. «Мәдени мұра» бағдарламасының нәтижесінде шетелден қаншама деректер алдық. Бірақ олар бірде-бір зерттеуде немесе жобада пайдаланылмайды. Деректанушылар жоқ. Әрине мұның бәрі қаражатқа кеп тірелетін жұмыстар. Енді министр бұл салаға бөлінетін қаржы көбейеді деп жатыр. Өте қуанышты жағдай. Осы деректану мәселесін министрлік үнемі назарда ұстауы керек.

 

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,

Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы, академик:

– Бұл салаға мемлекеттің қолдауы жоқ емес. Әсіресе соңғы жылдары көп қолдау көрсетілуде. Бірақ мәселе тарихшылардың өзінде. Біз қаншалықты дұрыс бағыт ұстанып отырмыз? Тақы­рып­тарды қаншалықты зерттеп жатырмыз? Оны оқулыққа қан­шалықты енгізе алдық? Тарих білімін іргелендіру деген мәселе бар. Кеңес заманында осы бар болатын. Қазір жоқ. Мысалы, Отан тарихы қандай тұжырымдарға негізделуі керек? Мұны кезінде Еуропаның төрінде Мұстафа Шоқайдың өзі айтқан болатын. Біздің оқулығымызда тас дәуірінен бастап бүгінге дейінгі тарихымыздың бәрі жазылуы керек. Тарихымызда қандай іргелі кезеңдер бар? Соны ажыратып алуымыз қажет. Сондықтан арнайы комиссия құрып, тарихты іргелендіру мәселесін зерттеп, белгілі бір тұжырымдар жасау керек. Әйтпесе қазіргі бағытпен оқытудың қажеті жоқ. Қазақстан тарихы оқулығын алып тастау керек. Барлық хронологиялық нәрселерді оқытудың қажеті бар ма? Қазір кейбір оқу орындары тарихты ағылшын тілінде оқытуда. Біз дұрыс деп басымызды шұлғып отырмыз. Ұят қой. Елдің өз-өзін сыйламағаны ма? Баяғыда орыс тілінде оқыдық. Енді жақында қытай тілінде оқимыз ба? Қазақстанда қазақ тарихы ағылшын тілінде оқытылуы не деген сұмдық?

Жиында бүгінгі білім бағдар­ла­масының сапасы төңірегінде көптеген ой-пікірлер айтылып, барлығының пікірі Қазақстан та­рихы бойынша бір базалық оқулық дайындау керек деген тұжырым төңірегінде тоқайласты. Жиынды Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің өзі қорытты.

– Бүгінде археология және этнология бойынша еліміздегі 7 ЖОО, тарих пәні бойынша 43 университет маман дайындауда, – деді А.Аймағамбетов. – Әрине бұл оқу орындарының білім сапасына көңіл толмау­шы­лық бар. Сондықтан әлеуеті жақсы университеттер ғана тарихшы мамандығын дайындау керек деген мәселені тиісті комитет зерттейтін болады. Педа­гогтер мамандығы бойынша да сондай шешім қабылдадық. Бүгінде 86 университет педагог мамандығын дайындайды. Әри­не саны көп, сапасы ше? Тарих пәнінің оқытушысы туралы да осы нәрсені айтуға болады. 25 университетте арнайы кафедра бар. Қазіргі Қазақстан тари­хы пәні бойынша 150 сағат бөлінген. Бұл жеткілікті деп ойлаймын. Басты мәселе не үйре­тіп, не оқытып жатырмыз? Тарих пәнін қазір оқушылар 5-сыныптан бастап оқиды. Ал 10-11 сыныпта сол нәрселерді қайталайды. Одан жоғары оқу орнында тағы оқиды. Сондықтан сол мазмұнды университетте қай­талаудың маңызы жоқ деген пікірлер айтылуда. Тарихты оқыту керек, бірақ басқа қырынан оқыту керек. Бұл бағытта 1,5 млрд теңгені құрайтын 76 жобаны қаржыландырып отырмыз. Бағдарламалық қаржыландыру бойынша 2,2 млрд теңге жос­пар­ланған. Сонда тарих саласына 4 млрд-қа жуық қаржы қарас­ты­рылған. Яғни, қаржы бар, ендігі мәселе сапада. 76 жобаның ішінде маңыздылары да, әлсіздері де бар. Тарихты оқытуда біз көбінесе фак­тілерге, даталарға көбірек мән беріп кеткен сияқтымыз. Мұ­ның бәрі тарих ғылымына нұқ­сан келтіреді. Мектептерде 17 106 мұғалім бар. Осы мұғалім­дердің біліктілігін арттыруды қайтадан қарастырудамыз. Дү­ние­жүзілік тарихты оқытуда да бір тұжырымға келуіміз керек. Ал Қазақ­стан тарихы бойынша бір базалық оқулық дайындау қажет. Мемлекет тапсырыс береді, қажетті авторлық ұжымды жинаймыз, олар 5-11 сынаптарда оқытылатын тарих пәнін дайындауы керек. ҰБТ-да ең көп аппеляция беретіндер осы тарих пәні бойынша. Өйткені бір дерек үш оқулықта үш түрлі жазылған.