Руханият • 06 Наурыз, 2020

Қобызын аялаған Ақерке

906 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әлемді қобызымен тамсантқан Ақерке биыл Қазақстанның түкпір-түкпірін араламақ. Өз тойында өнер көрсеткен Ақерке Тәжібаева тұрмыс құрғаннан кейін елордаға қоныс аударды. Ширек ғасыр қобыз арқалап келе жатқан арудың жаңа шаһардағы өмірі өнерге жаңадан келгендей күй кештіргені анық.

Қобызын аялаған Ақерке

– Мен үшін Нұр-Сұлтан жаңа орта болды. Бірақ қарап жатпадым. Көптеген фестивальға қатысып, Қазақстанның Мек­си­кадағы Елшілігінің арнайы шақыртуымен Мехико қала­сында өз концертімді бердім. Аргентина, Бельгия, Германия, Түркия, Франция, Монако елдерінде өнер көрсеттім. Өткен жылдың соңында өзім үшін 54-ші жаңа ел – Канадаға бардым. Еліміздің Тәуелсіздік күніне орай  Оттавада ұйымдастырылған кеш­те, АҚШ-тың Вашингтон қаласында өнер көрсеттім. Осы сапарым Димаш Құдайбергеннің Нью-Йоркте өткен концертіне ұштасып, өзім Ақтөбенің келіні болғаннан кейін, «қайным» деп қалжыңдасатын Димаштың концертін де тамашалап қайттым. 

– Ақерке қобыз арқалап жүргеніңе де зырлап 25 жыл өте шығыпты...

– Айтпағыңызды түсіндім. Қазір өзім де жастарға қолдау көрсетіп жүрмін. Өйткені өзім өнерге келген кезде қолдау аз болды. Тек анамның рухани демеуін сезінгенім болмаса, көмектесетін адамдар жоқтың қасы болғандықтан, жастарды өзіммен бірге жетелеп жүруге тырысамын.

Консерваторияда дәріс бер­ген жылдары бірнеше шә­кірт тәрбиеледім. Ақмарал Нау­рызова, Гүлім Өмірғали, Мөлдір Тұрсынбаевалар өнерімді жалғап келеді. Менің шетелдік шәкіртім бар. Ол – америкалық Мэган Ренчер. Осыдан 10 жыл бұрын арнайы келіп, қылқобызда күй тартуды үйреніп, жергілікті телеарналарға сұхбат беріп, алғысын айтқан болатын. Ол тек қылқобызды ғана емес, қазақ тілін меңгеріп, бүгінгі таңда АҚШ-тың жоғарғы оқу орындарының бірінде дәріс беріп, қылқобызды кеңінен насихаттап жүр.

– Биылғы жыл өнерің үшін жақсы басталған сыңайлы? Гас­трольдік сапарлар да аз болмайтын секілді?

– Соңғы уақыттағы үл­кен жаңалығым  – «Менің әле­мім» атты бейнебаяным. Ал ин­тернеттегі пікірлерге қарап отырсам 98 пайызы оны сапалы десе, 2 пайызы түсінбегенін жазыпты. Бейнебаянның авторы – Самат Рыспанбетов, режиссері – кіші Валерий Задорновский. Бұл туын­дыда заманауи стильге сүйенген Шығыстың футуристік көңіл күйі бар. Қыл ішектен төгілген саздан ғажайып сәулелер тарай келе, көк сәуледен ұл, қызыл сәуледен қыз бала пайда болады. Уақыт өте келе екеуі біте қайнасып, бөлек түске айналып, ғайып болады. Бұл қылқобыздан төгілген саздан туған қиял. Бұл – менің әлемім!

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйы­мының солисі болғаннан кейін мәдени шара­лар­ға белсенді қатысу керек. Бізде көптеген бөлімдер бар. Со­ның бірі – «Халық қазынасы» деп аталады. Осы жыл бөлімнің жетекшісі Ерлан Рысқалидың ұсынысымен Мұқағалиға ар­налған концертпен бас­талды. Әр айды қазақ халқының Бір­жан сал, Ақан сері сынды ұлы тұлғаларына арнаймыз. Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Шығыс Қазақ­стан облысына аттанғалы отырмыз.

Меніңше, «Қазақконцерттің» жаңа бір дәуірі басталған сияқты. Қазір ұлттық аспаптарда ойналатын туындыларымыз жаңғырып, жаңа тынысы ашылған сияқты. Залға халық лық толып, концерттерге билет болмай қалады. Бұл қуантарлық жағдай.

– Дәстүрлі өнердің төл баласы болсаң да, эс­тра­далық бағытты ұстанатының байқалады?

– Ұлттық өнердің тыңдар­мандарын көбейту үшін осындай әрекеттерге барып жүрміз... Бұл туралы мен бөлек әрі ұзақ әңгімелеген болар едім.

– Қолыңдағы киелі аспап­тың тылсым қа­сие­ті таң­қал­­дыр­­ған оқиғалар болған шы­ғар?

– Әрине болды. Қобыз әу баста көненің музыкалық аспабы емес, бақсының атрибуты ретінде дүниеге келгенін білесіз. Бақсылар не істейді? Түрлі қа­сиеттерге ие қобыздың киесімен шамандық ритуалдар жасайды, бөгде әлеммен байланысқа түседі. Одан кейін жеті атасы бақсы болған Ықылас күй­ші қобызды сол бақ­сының қо­лы­нан жұлып алып халыққа тап­сырды.

Бұл ас­пап­тың ерек­шелігі – үні, сыртқы көрінісі. Екі шегінің өзінде 50-60 қыл бар,­ солар бір-біріне үйкелгенде бір сиқырлы дыбыс шығады. Ал ол адамның жүйкесіне әсер етеді. Оның да өз сарындары бар. Павлодар қаласында Д.Мұкышева «Қобыз» деп аталатын ақпараттық психологиялық көмек көрсету орталығы ашыл­ған. Ол орталықта жүйке ауруларына шалдыққан адамдарды қобыздың сазымен емдейді.

Бұрын концерттік сапар­ларға апталап пойызбен шық­қан кездеріміз де болды. Қыл­қобыздың қасиетіне сенемін. Оған дәлел – аспапты сонша­лықты меңгергенім бе, күйді ойнап отырып, кей кездері тұла бойым балбырап, терең ұйқыға кетіп, қайта оянғанымда әуенімді аяқтап жатамын.

Бірде Литваға пойызбен жол­ға шыққанымда қасыма бір жолау­шы орналасты. Жігіттің жүйке ауруы бар екен. Менің му­зыкант екенімді көріп, қо­лымдағы аспабыма қарап «қо­быздың үнін естігім келеді», деп өтініш білдірді. Көне күйді тарта бастағанымда әлгі адам қалтырап, дірілдеп, көзінен жас ақты. Одан соң басқа бір әлемге кіріп кеткендей селкілдей бас­тады. Күй аяқталғанда терең демалып: «Уһ, жеңілдендім-ау, жеңіл­дендім», деп басқа күйге енгенін көрдім. Сол кезден бас­тап қобыздың қасиетіне сенетін бол­дым.

Қобыздың үні өзіме де әсер етеді. Бір қызық жайтты айтайын. Мен туралы Ерлан Әбдірұлы «Қобыз ойнап отырып, ұйықтап кетемін» деген мақала жазған. Мұның мағынасы мынадай, қобыз ойнап отырып, сарынның әсерімен трансқа түсемін. Оянып кетсем, күй аяқталып жатады. Осы аралықта не болғанын біле алмаймын. Қолым өзі жүре береді. Басын бастаймын, ортасында ұйықтағандай басқа әлемге кіріп кетемін. Мұны ұйықтау деп түсінбеу керек, бұл жағдайды сөзбен айтып жеткізуге болмайды. Егер 2 сағаттан астам қобыздың әуенін үздіксіз тыңдасаңыз, сіз де ұйықтап кетесіз.

– Қобыз тірі зат па? Ол өзі­нің қасиетін, міне­зін көрсете ала ма?

– Иә. Мен қобызыммен сөйлесемін. Оның жынысы да бар сияқты. Менің қобызым құлын мүшесі бұзылмаған қыз сияқты елестейді. Кейде бір адамдарды ренжіткендей болсам, сол күні ол ырқыма көнбей, ойнай алмай қалатын кездер болады. Өте құбылмалы аспап. Қобыз менің уайымымды, қобалжығанымды да сезеді. Ол қобыздың дыбысынан да шығады.

Кішкентай кезімде әке-шешеммен бірге бір үйге бардым. Анам қобыз тартшы деп сұраған соң, бір күйді тартып берейін десем, шықпайды. Қобыз сөйлемейді. Сосын: «Анашым, мен қобыз тарта алмай отырмын. Бұл үйде бірдеңе болды ма?», деп сұраппын. Сөйтсем сол үйде бір кісі қайтыс болып, енді қырқын берген екен. Сондықтан да мінезі бар, қырсық аспап деп те қабылдаймын.

Мысалы, домбыра жасайтындар бір-бірінен айнытпай жасай береді. Ал қобызды ешқашан басқа қобыздан айнытпай жасай алмайсың. Өйткені, ол біртұтас ағаштан жасалады. Ол ағаш ұзын, қыс­қарақ, жұмыр, сарғыш, қара болуы мүмкін, міндетті түрде өзгешелегі болады.

– Қобызыңмен әлемді аралатып, жетелеп жүрген бір тылсым бар деп ойлайсың ба?

– Мүмкін, әбден мүмкін. Мен қобызды қолыма алғалы бері Аллаға шүкір деп айта­йын, ойлағаным болып жатады. Кейде телеарнадан бір елді көріп қызы­ғып қалсам, араға көп уақыт салмай-ақ, мін­детті түрде сол ел­ден табыламын. Ойлағаным да осы қобыздың арқасында орындалып келеді. Өзіңіз ой­ла­ңызшы, қобызыммен 54 мемлекетті және оның ішінде қаншама қаланы араласам, мұның бәрі тектен-тек емес. Мүмкін соншалықты қобы­зымды сүйгенімнен де болар. Өмірімде қиыншылық пен кедергілер көрген кезімде де қобызым жебеді. Бір қызығы, үйде мүлде қобыз ойнамаймын.

– Қобызшылық қона­тын қасиет пе әлде оны жанкеш­тілік­пен де меңгеріп алуға бо­ла ма?

– Екеуі де бар. Біреулерге дариды, енді біреу­­лерде мүлде музыкалық дарын болмаса да еңбекпен де келуі ғажап емес. Қобызға ұнасаң өзі алып шығатын сияқты көрінеді. Қобыз туралы аңыздар көп, соған сенемін.

– Қорқыт бабамыздың, Ықылас атамыздың мазарына жолың түсті ме?

– Біз Қорқыт бабамыз Қы­зыл­орда жерінде жатыр деп есептейміз. Бардым да, бірақ әлемнің түкпір түкпірінде Қор­қыттың көрі бар. Түркия бар­саңыз да, Әзербайжанға, яғни түркі елдеріне барсаңыз: «Қорқыт бабаның мазарына барасың ба?», деп сұрайды.

Қарап отырсақ, қырғыздың қыл-қияғы, әзер­бай­жанның кабак кеманчасы, дағыстан мен армяндардың кямани, түрк­мендерде, моңғолдарда бызан­чи, хучир, моринхур, түрік ағ­айын­дардың қара деніз кеманчасы, қытайдың арху, өзбек, тәжік, ұйғырларда гиджак, нанай­лықтарда дучэкэ, грузиндерде чунури, осетиндерде хъисын, фандыр – осының бәрі де қобыз...

– Әңгімеңе рахмет.

 

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ