Мереке күндерінің қарсаңында әйгілі модельдің әкесінің суреті табылды. Бұл туралы бірінші кезекте Франциядағы қазақтар қауымдастығы (AKF) сүйінші сұрап, Алла Елшіннің тағдырын түпкілікті зерттеп жүрген «Муза DIOR. Алла Ильчунның тарихы. Қазақтан шығып, сән әлемін мойындатқан» атты кітабы мен «Алла – DIOR-дың шығыс жұлдызы» деректі фильмінің авторы Берлин Иришев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында баяндады.
Егер оқырман есінде болса, бұған дейін Алла Қуантханқызының шығу тегіне қатысты төмендегідей деректер ғана болды.
Алланың әкесі Қуантхан 1897 жылы Верный қаласында (Алматы) ауқатты отбасында дүниеге келген. Әкесі туралы Алланың өз аузынан жазып алған шетелдік журналистер бастапқыда оны бір жерде Хуанхал, енді бір жерде Жуанхан деп жазып жіберсе керек. Өткен ғасырдың 20 жылдары инженер мамандығын алған Қуантхан солтүстік-шығыс Қытайға, жоғарыда айтып отырғанымыздай, Харбинде 1891 жылы басталған әлемдегі ең ұзын темір жолдың құрылысына аттанады. Сол жерде Алланың шешесі Тамараны тағдыр жолықтырып, араларында 13 жыл жатқан 16 жастағы Тамараға үйленеді. Дүниеге келген нәрестеге Алла деген есім беріледі. Бұл ат екеуіне де ортақ болатын.
Көп ұзамай Маньчжурияда жапон интервенциясының басталуы олардың өмірін мүлде басқа арнаға бұрып әкетеді. 1935 жылы Қуантхан отбасын темір жол арқылы Шанхайға алып кетуге әрекет жасайды. Осы сапарда атыс болып, Тамараның әпкесі қайтыс болады да, Қуантхан әйелі мен қызын Францияға жүзіп бара жатқан Норвегия кемесіне отырғызып үлгереді. Тура бір жылдан кейін-ақ жапондар Шанхайдан шығатын кемелердің жүзіп шығуына тыйым салған. Өкінішке қарай, Қуантханның кейінгі тағдыры беймағлұм. 1936-37 жылдары большевиктердің қолынан қаза табуы мүмкін немесе Қарағандыдағы ГУЛАГ құрбаны болды-ау деген дәйексіз болжамдар ғана бар екенін жазған едік.
Өмірден озардан екі жыл бұрын Алла әйгілі өнертанушы, ресейлік «Модный приговор» телебағдарламасының жүргізушісі Александр Васильевке қазақ екенін аманаттап кеткені аян.
«Экзотикалық сұлулық пен интеллект иесі Алланың бойында кімнің қаны күшті?» деген сұрақты Берлин Иришевтің «Алла – DIOR-дың шығыс жұлдызы» фильмінде бірінші болып қойған да мода маэстросы Александр Васильев еді.
Енді бұл сұрақтың жауабын табу оңайлай түсті. Алла Елшін Александр Васильевке әкесінің аристрокат, текті, дәулетті қазақтың баласы болғанын айтып үлгерген. Қуантхан Елшін де өзінің әкелік борышын орындап, қилы-қилы замандар туғанда көзінің ағы мен қарасындай жалғыз қызы мен әйелін Парижге аттандырып үлгереді.
«Іздеген – табады» дегендей, Франциядағы қазақтардың көшбасшысы діттеген мақсатына жетті. Біз ізденістердің сәтті аяқталуында Санкт-Петербург архивтеріндегі Қытай шығыс темір жолының тарихын зерттеуші, тарих ғылымының докторы, профессор Мария Кротоваға алғыс айтамыз. Оның ерен еңбегінің арқасында эксклюзивті раритет, тіпті табылуы мүмкін емес жәдігер фото табылды. Біз наурыз айында Мариямен Парижде кездесіп, бұл зерттеулерді әлі де егжей-тегжейлі талқылаймыз. Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы Гүлнар Меңдіқұловаға да алғысымыз шексіз. Бізге Мария Кротоваға жол сілтеген де Гүлнар Меңдіқұлова. Сондықтан да біз бұларға деректі фильм титрында тектен-текке алғыс айтпаған екенбіз», дейді Берлин Иришев.
АЛМАТЫ