Аймақтар • 06 Наурыз, 2020

Тазы жетектеген бойжеткен Анна Захарова жайында

1576 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көзін жуырда ғана ашқан болу керек, жұдырықтай ғана сары күшік көшенің қақ ортасында қыңсылап жатты. Қандай қатыгез жан тастап кетті екен қорғансыз бейшараны?.. Әйткенмен, соры қайнаған сары күшіктің маңдайының бағы бес елі болып шықты. Қыңсылап жатқан жерінен нәп-нәзік қолдар көтеріп алып, жып-жылы құшағына басқан.

Тазы жетектеген бойжеткен Анна Захарова жайында

Әу баста Анна күшіктің тұқымы­ның қандай екенін білмеген еді. Үйіне әкеліп, біраз уақыт асырағаннан кейін, бұл неге қоң алмайды деп қатты таңырқағаны рас-тын. Тамақты қанша  жесе де тырыли арық қалпынан түзелер түрі жоқ. Содан күшікті алып, ит асыраудың асқан шебері Алексей Прошалыгин деген көршісіне көрсеткен. Сөйтсе, сары күшіктің арғы тегі тап-таза тазы екен. «Бұл қазақтың атақты тазы деген тұқымынан», деп тап басып айтқан  Алексей көкесі. Жалпы, бұл кісіні Аннаның ит ұстап, жүгіртудегі ұстазы десе де болады. Алексейдің ағалық ақыл-кеңесінің арқасында тазы тұқымын бағып-қағудың, баптаудың қыр-сырына қанықты. Бірге аңға шығып, бұл өнерді де бір кісідей меңгергені бар.

Сол күшік бүгінде үш қар басты. Аннаша айтқанда, жасы биыл жазда үшке толады. Атын «Джек Пот» дегенді қысқартып, «Джек» деп өзі қойған. «Мұның мағынасы – жеңіс әкеледі деген сөз», дейді Анна...

Анна Захарова Қарағандының ірге­сіндегі Сұрыптау елді мекенінде ана­сымен бірге тұрады. Сол жердегі №85 орта мектептің 11-сынып оқушы­сы.

– Шынын айтқанда, менде қазір бос уақыт жоқ. Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына дайындалып жүр­мін. Болашақ мамандығымның медицинамен байланысты болатыны­на сенімдімін. Бәрі сәтті болса, Қараған­дыдағы медицина колледжіне түссем бе деймін, – дейді Анна болашаққа ой жүгіртіп.

Бойжеткеннің болашақтағы маман­дығын таңдауына анасының ықпалы игі әсерін тигізген деп сеніммен ай­туға болады: ол кісі Сұрыптаудағы дәріха­налардың бірінде фармаколог болып жұмыс істейтін көрінеді.

«Менің бас демеушім – анам», дейді Анна күліп. Айтса айтқандай, Татьяна Максимовна қызының сүйікті ісімен айналысуына барынша жағдай жасап, қолдан келген көмектің бәрін көрсетіп отырады екен.

 Джек тоғыз айға толғанда Осака­ров ауданында өткен алғашқы жары­сына қатыстыпты. Міне, содан бері Анна мен оның тазысы  облыста ұйым­дастырылған бір де бір жарысты құр жібермеген. Қатысқанда да көп иттің бірі болып жүрген жоқ, үнемі жүлдегерлердің қатарынан орын алады.

«Біздің облыста ұлттық спорт ойын­дары дамып келеді деп айтуға болады. Бірақ, тазылар арасындағы көрме мен жарыс ұйымдастыруда кемшін тұстар жетерлік. Жарыстар жоғары деңгейде өтсе, олар туралы ақпарат бүкіл республикаға тарап отырса деген тілек бар. Сонан кейін жарысқа қаты­сушыларды жатын орынмен қам­тамасыз ету, тамақтандыру мәсе­лесінде жеңілдіктер болса дейміз», деп ой түйеді Анна ару.

Анна аңшылық маусым бастал­ғанда Джекті Қушоқы деген жердегі Ержан есімді танысының қыстағына екі-үш күнге, кейде бір апатадай уақытқа апарып тастайды екен. «Осы жер Джекке ұнайды. Ол басқа иттермен бірге далада аң аулап, құмарынан әбден шығады. Былтырдың өзінде Джек бірнеше түлкі, қарсақ, қоян  алды», дейді Анна мақтаныш сезімін жасыра алмай.

Қазіргі таңда Джектің «Қазақстан­ның чемпионы» деген атағы бар. Тұқымын анықтайтын электронды төлқұжаты, аңшылық билетіне дейін бәрі заңдастырылған. Талай жарыс­та алған кубок, медаль, дипломдары да үйдің бір бұрышын толтырып тас­тапты.

Таяуда ғана Джек облыстың Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай кентінде өткен тазылар сынында бес шақырым қашықтық бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Мұның алдында Қарағандыда өткен «Салбурын-2020» байқауында «Арлан» аталымы бо­йынша жүлделі екінші орынға іліккен болатын.

«Тазылар сыны екі кезең бойынша өтеді, дейді Анна. – Алдымен ит­тің түр-түсі, мүсіні бағаланады. Бұл жерде майда-шүйденің өзіне қатты мән беріледі. Мәселен, тазының тұм­сығы мен құлағының ұзындығы, құй­рығының дұрыс шеңберлене шиыр­шықталуы, жон арқасының түзулігі, бәрі-бәрі қатаң қазылардың талғам сынынан өтеді. Одан кейін, екін­ші кезеңде тазылар 300, 500 метр болатын қысқа қашықтықтарға жүйріктік бойынша жарысады. Мұны «Курсинг» дейді. Бұл жерде тазылар пультпен басқарылатын электронды рулетка тартатын сымға байланған аң терісін қуып жетуі керек. Ал үш және бес шақырым қашықтықта аң терісін жеңіл автомобиль сүйрейді».

Жұрттың тазысы қорада тұрса, Аннаның иті жылы да жайлы пәтер­ді мекен етеді. «Өзінің бойында ақ­сүйектік мінез бар, өте тәртіпті. Таза­лықты жақсы көреді», дейді ит иесі. Тамақты түрлі мәзір бойынша жейтін көрінеді. Оның ішінде ет міндетті түрде болу керек екен.

«Далада аң аулап жүрген тазыны сүйретілген терінің соңына салу қиын­ның қиыны. Иттің бұдан зықысы шығады... Әзірге жарыстарға баруды доғара тұрсам ба деп ойлап жүрмін. Егер, жүлде қоры қомақты болып жатса, бұл шешімімді өзгертуім де мүм­кін. Ал енді, бірінші орынға тігілетін 50 мың теңгеге бола жан қалтадан ақша шығындап, алыстағы жарысқа бару мен үшін дәл қазіргі уақытта тиімсіз болып тұр», деп ойындағысын жасырмай айтады Анна сұлу.

Тазы ерткен бойжеткен қазақтың асыл қа­зынасының бірі саналатын қа­сиетті құмай тұқымының та­за қалпында сақталуына қолдан кел­ген­ше қызмет еткісі келеді. Бұл салада жинақталған азды-көпті тәжірибесімен бөлісіп, тазы байқауының халықаралық талаптарға сай, жоғары деңгейде өтуіне өзіндік үлес қосқысы келетін құлшынысы да қуантады. Ал ақылды қарындастың: «Ұлттық спортты дамыту және оны насихаттау арқылы жас буынның бойына отансүйгіштіктің дәнін сіңіруге болады», деген пікірімен келіспеу тіпті де мүмкін емес.

 

Қарағанды облысы