Руханият • 07 Наурыз, 2020

Әбіш Кекілбаевтың анасы – Айсәуле ана

1287 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ халқының тарихындағы тар жол, тайғақ кешулі күрделі кезеңдерді, тағдыршешті сәттерді – ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, колхоздастыру, кәмпеске, соғыс, тың игеру жылдарындағы ана тарихы, аналардың көз жасымен жазылған тарихты ақындардың аналарына арнаған жырларымен, сол аналардың тағдыры арқылы ашып көрсеткіміз келеді. Ана құшағы, Ана шешімі, Ана құрбандығы. Бізді бүгінгі күнге жеткізген де сол аналар. Қазақ поэзиясындағы ана жайлы ең үздік жырларды, сол жырларға кейіпкер болған аналар тағдырын қабыл алыңыздар. Солардың бірі Әбіш Кекілбаевтың анасы – Айсәуле ана.

Әбіш Кекілбаевтың анасы – Айсәуле ана

Біз кейде ананың қасиетін, ананың қадірін, тіпті оның үйдегі орнын ошақтың маңайынан оздыра алмай жататынымыз өтірік емес. Қауқары қайтып, қарымы талған қарт кейуананы қадірсіз кісідей қалқайтып қоятынымыз бар. Ең ауыры, бұл қарым-қатынастан «енді бұдан былай сені біз бағып-қағамыз, асыраушың бізбіз, біздің қолымызда тұрасың» деген пасықтау суық міндет байқалса қиын. Байқалып та жатады... Сондайда абыз Әбіштің, кемеңгер Әбіштің, кең Әбіштің мына бір жалғыз ғана сөзі жаныңа шипа бола салады.

Бірде жазушы Әбіш Кекілбаевтан француздың журналисі «сіздің қолыңызда анаңыз бар екен ғой» деп сұрапты. Сол кезде Әбекең «жоқ, менің қолымда анам емес, мен анамның қолында тұрамын» деген екен. Әрбір перзент Әбіштей болса, қане?! Жалпы, ананың құндағы мен құшағына мәңгілік қарыздар екенімізді ұмытпағанымыз абзал-ау.

Иә, анасын құрмет тұтудың айрықша үлгісін сонау жылдары жалғыздарының соңынан еріп алыс-алыс ауылдардан Алматыға келген алыптардың аналары туралы естеліктерді оқығанда байқайсыз. Әбіш ағаның анасы Айсәуле әже бір естелігінде «Отағасымның қазасын естігенде Әбішім қаршадай еді. Құдайға шүкір, жеттім, жетілдім, асырап өсірдім. Жетім атын естіртпедім. Әбішім менікі емес, құдайдыкі, менікі емес, көптікі. Аруақ берді, құдай берді. Мендей кісі кімде жоқ. Құдайға да, халыққа да ырзамын. Кейін жалғыз ұлдың тілеуін тілеп Алматы асқан жалғыз мен емес екенмін. Әбішімнің дос-жарандары сол кезде де аз емес еді. Бәрі үйге топырлап кіріп, топырлап шығып жүретін. Осы Қадыр, Қалихан, Сайын, Мағзом, Оразбек, Сабырхан, Зейнолла, Сейфоллалар бәрі бірге жүрді. Оларға еріп, астанаға келген аналары да, апа-қарындастары да өте тату-тәтті болдық. Бір-бірімізді бір күн көрмесек, сағынып отыратын едік. Әсіресе Асқардың анасы, Қайраттың анасы, Әбдіжәмілдің жеңгесі әңгімеміз жарасқан қатар-құрбы болып, көп араластық. «Асқардың анасы», «Әбіштің анасы» деп сөйлейтін бүкіл Алматы», дейді.

Айсәуле ананың осынау бір ауыз әңгімесінен Әбіш әлемін толық зерделеуге болар. Әбіштің бойындағы мол мейірім, Әбіштің жүрегіндегі қазақтың байтақ даласы, мәңгілік балалық таза пейіл, бәрі-бәрі Айсәуле ананың ыстық құшағында жатқандай. Әбіштей алыпты қапсыра құшқан құшақ қандай кең, Әбішке мейірленген көздер қандай жомарт, Әбіштің тілеуін тілеп Аллаға жайылған алақандар қандай мейірбан! Айсәуле ананың құшағындағы Құбылыс – Әбіш феноменінің бір құпиясы да осы ана мен баланың ғажап үйлесімінде шығар.

 

Ерлан ЖҮНІС,

Мирас АСАН,

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»