20 Тамыз, 2013

Мысыр премьер-министрі "Мұсылман бауырлар" қозғалысын таратуды ұсынды

218 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Египта

 

Бейбіт тұрғындардың өліміне әкеліп соқтырған «Мұсылман бауырлар» қозғалысы жақтаушылары бастаған жаппай тәртіпсіздіктерінен кейін Мысыр премьер-министрі Хазем аль-Баблауи аталмыш ұйымды тарату жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл туралы Каирде өткен баспасөз мәслихатында министрлер кабинетінің БАҚ-пен байланыс жөніндегі кеңесшісі Шериф Шоукидің ақпарына сілтеме жасаған ИТАР-ТАСС хабарлады.

Шериф Шоукидің айтуы бойынша, қозғалыс басшылары өз жақтаушыларының мемлекеттік ұйымдар мен полиция бөлімшелеріне шабуыл жасап, кеңселер мен шіркеулерді қиратып, өртеулеріне тікелей ықпал еткен. «Олар наразылық шеру жүргізудің шегінен асып, қоғам қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде», – деді министрлер кабинетінің кеңесшісі. Ол сондай-ақ үкімет басшысының бірқатар министрлерге «Мұсылман бауырлар» қозғалысын таратуға байланысты қажет заңды негіздер дайындауға тапсырма бергенін хабарлады.

Баспасөз-конференциясы барысында Шоуки өткен тәуліктерде Каир мен басқа да қалаларда орын алған тәртіпсіздіктер салдарынан қаза болғандар саны туралы Мысыр денсаулық сақтау министрлігінен алынған деректерді ұсынды. Онда көрсетілгендей, 173 адам, оның ішінде 57 тәртіп сақшысы қаза тауып, 1330 азамат пен әскери қызметкер жарақат алған.

 

Айдар Өрісбаев.