Соңғы тәуліктерде бұл жұқпалы індет Болгария, Коста-Рика, Молдава, француздық Гвиана, Мальдив, Мальта, даттық Фарер аралдары, сондай-ақ француздық Мартиника аралына да жеткен екен.
Ал Германияда коронавирустың жаңа түрімен ауырғандар саны бір тәулікте 163 адамнан 847 адамға дейін жетті. Бұл туралы аталған індетпен күресіп жатқан Роберт Кох атындағы ғылыми-зерттеу институтының есебінде айтылды. Ең көбі Солтүстік Рейн батыс федералды жеріндегі Вестфалияда – 392, Баден-Вюртембергте коронавирусқа күдікті деп танылған 182 адам тіркелсе, Баварияда 148 адам қауіпті індетті жұқтыруы мүмкін. ГФР Денсаулық сақтау министрі Йенс Шпан тұтас ел аумағына тараған індеттің шырқау шегі әлі өтпегенін айтады. Ол науқастардағы ауру жағдайының 80 пайызы жеңіл формада өтетінін немесе белгілері байқалмайтынын жеткізді. Жергілікті балабақшалар мен мектептерді жабу қажет деп санамайтынын айтты.
Сондай-ақ Албанияда коронавируспен ауырған алғашқы екі жағдай тіркелді. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, ауру белгілері бар азаматтар жақында ғана Италиядан келген екен. Екеуі де жақын туыстар болып шықты. Ауруды жұқтырғандардың жағдайы тұрақты. Ал Мысыр елінде жүрген неміс турисі аталған елдегі коронавирустың тұңғыш құрбаны болды. Мысыр денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 60 жастағы азамат Хургадаға бір апта бұрын ұшып келген. Мысырда 55 адам аталған індетті жұқтырған. Ал Ресейде жұқпалы дертпен күрес жөніндегі жедел штаб жаңадан үш адамның коронавирус жұқтырғаны тіркелгенін мәлімдеді. Бұл науқастар Калининград, Белгород және Мәскеу облыстарында анықталды. Вирус жұқтырғандар соңғы апталарда Италияға барып келген көрінеді. Жалпы, Ресейде барлығы 17 адам аталған ауруды жұқтырса, олардың екеуі Қытайдың, біреуі Италияның, қалғаны Италиядан келген Ресейдің өз азаматтары. Өткен аптада Мәскеуде жоғары қауіптілік режімі енгізілді. Яғни ауру тіркелген елдерден келген азаматтар өздерінің келуі туралы қауырт желіге хабарлап айтуы міндеттелді. Ал індет өршіген елдерден келгендер екі апталық карантинді сақтауы тиіс.
Жалпы, коронавирустан ажал құшқандар бойынша Италия алғашқы орынға шықты. Аталған елде ауруды жұқтырғандардың әр жиырмасыншы адамы қаза болуда. Яғни, 7,3 мың науқастың 4,96 пайызы қайтыс болды. Екінші орында Иран (3,96%), үшінші Қытай (3,83%) елі тұр. Ал Оңтүстік Кореяда коронавирус індетін жұқтырушылардың 0,68%-ы өмірімен қоштасты.
2019 жылы 31 желтоқсанда қытай билігі Ухань қаласындағы тұмаудың таралуы туралы мәлімдеген болатын. Ауруды қоздырушының жаңа түрі – Covid-2019 атанған коронавирус. Соңғы мәліметтер бойынша, бұл аурудан 3797 адам өмірімен қош айтысты.