100 • 10 Наурыз, 2020

«Социалистік Қазақстан» газеті: Ақан сері – Ақтоқты

641 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазақ драматургтары өткен дәуірдегі ардагер ұлдарының көркем бейнесін жасауға талай сапар шекті. Олардың шама-шар­қына қарай белгілі «олжамен» оралғандары да саусақпен санарлықтай. Осылардың ішінде оқшау көзтартатын «олжаның» бірі Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқтысы». 

 

«Социалистік Қазақстан» газеті: Ақан сері – Ақтоқты

Белгілі халық компо­зиторы Ақан серінің әндері қазақтың музыка мәдениетінің тари­хында өшпес өрнегі, әсерлі әуенімен танылатыны мәлім. Сон­дықтан да автор Ақан бейнесін жасауда ол өмір кешкен дәуір тамы­рының соғуын дәл тауып, ақындық шабытпен сері жанын нәзік сезімімен жазған. Шығармада Ақан сері тек қана өнер иесі емес, өз заманындағы әділетсіздікке қарсы бас азаттығын аңсаған ой-пара­саттың да иесі. Ислам дінінің пасықтық қатал қалпына жаны төзбеген Ақан ар тазалығын, махаббат бостандығын ту етеді. Пьесаның классикалық үлгіде өріліп, сом жасалған кейіп­керлері адам жанының санқилы сыр сезімімен көмкерілген. Мұн­дағы романтикалық серпін де, поэтикалық саз да кең жатыр.Нысанаға дәл тиетін мерген диалог пен контрасқа құрылған адам характерлері қалт кетпей қауырт өрбитін қатыгез қаталдықпен, ар мен адамгершілік айқасы бар тыныс-тіршілігімен шынайы көрініп, автордың жанр ерекшелігін меңгерудегі мол мәдениетінен хабар береді. Дүниежүзілік драматур­гияның белгілі шыңдарының «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясына тигізген әсері тек сырттай әуестену болып қалмай, қазақ тұрмысының топырағына терең тамырлап барып нәрлі өзек тапқан.

Көркем өнеріміздің көрнекті қайраткері Шәкен Айманов шығар­маның режиссуралық жүйесін реалистік қалыпта шешкен. Бұл шешімге романтикалық серпін де, поэтикалық саз да жат емес. Қою тартылған ұлттық бояу жарасымды да қонымды. Кейіпкерлердің ара салмағын шығармадағы орнын ашуда іздену жемісі көрініп-ақ тұр. Көпшілік сахналары да көрікті спектакльде кездесетін ұлт дәстүріне байланысты ойын-сауықтар да шығарманың негізгі арнасына өгей емес.

Режиссер Айманов пен актер Аймановты салыстыру да қиын. Актердің ойыны іштей режиссерлік оймен сабақтасып жатыр. Актер Аймановтың сахналық өмірінде ерекше орын алатын образ Ақан екені баршаға белгілі. Мұның алғашқы авторы да Шәкен. (Бірінші рет 1942 жылы қойылған). Көп жылдар бойы Ақан-Шәкен туыс ұғымдай болып келді, солай болып қалмақ та. Өйткені мұнда шәкендік бояу, өрнек, бедер өзінше. Әрине, бұдан Ақан образын жасауға бұдан былай ешкім ат ізін сала алмайды деген пікір тумасқа керек. Демек, әрбір шынайы сахна суреттерінің қайталанбайтынын, өзгеге ұқсамайтын құлаш-қарымы, түсінік-түйсігі, ақыл, амалы болатындығы мәлім. Олардың қию кестесі де, ою нақышы да өз алдына. Сондықтан Шәкеннің Ақаны да – өз алдына оқшау дүние. Шынын айту керек, сонау жылдардағы Шәкеннің Ақанынан бүгінгі Ақаны асып кете алмай жатқан тәрізді. Мұның себебін жастың егде тартуынан іздегеннен гөрі, көптен бері театр сахнасынан алшақ кетуден-ау деп ойлаймыз. Кей сәттері жалаң декламацияға түсіп, ой жетегінен дауыс жетегіне ауысып кету сияқты оғаштықтар барлығы байқалып қалып жүр. Осы жағын ойланса екен.

Шәкен Айманов «Ақан серіні», театр коллективін екі топқа бөліп дайындаған. Екі топта да режиссерлік ой бірлігі болғанмен, актер ойындарында назар аударатын өте қызғылықты жайлар бар. Әрине, бұл творчество адамдарына тән талмай ізденуден туған сипат.

Әрбір сахна өнерпазының творчестволық өмірінде шоқысы, шыңы, жазығы, ойпаңы болатындығы табиғи нәрсе. Ол көптеген жақсы-жақсы тұлғаларды шебер жасауы мүмкін. Ал солардың ішінде бар ындын-ынтасын, сезім дүниесін баурап алып, бар болмысын билейтін мінсіз мүсіндер болады. Мысалы, орыстың ұлы артистері Мочалов Гамлетімен, Щепкин Фамусовымен, Ермолова Джанна Д, Аркымен мәдениет тарихында ерекше аталатындығы белгілі. Егер көркем театрдағы Анна Каренинаны атасақ Тарасова еріксіз еске түседі. Міне, Ақтоқтының орындаушысы да өз шамасында осы дәрежеде десек, асырып айтқандық болмас еді. Шынында Жандарбекова Шолпанның Ақтоқтысы өнерпаздың сахна өміріндегі үлкен шыңы болып қалмақ. Егер бұдан көп жыл бұрынғы. Шолпанның Ақтоқтысы мен бүгінгі Ақтоқтысын салыстырсаңыз арасы аспан мен жердей. Ол кездегі балаң ой Ақтоқтының бойын­дағы көп сыр қасиетті таппаған еді. Бүгінгі Ақтоқтыдағы қиянкескі жан күйзелісі де, жалынды махаббаты да өнер сүйетін, өмір бағалайтын ой-парасаты да асқан нәзіктікке оранып, поэзия күйін шерткендей. Талантты актрисаның бар сезім аппараты осы бір нәзік жаннан тыныс тапқандай Ақтоқты-Шолпан табиғатымен туысып, етене еркін билеп алған. Әрбір қимыл-қозғалыс астарлы сөздің әрін келтіретін дауыс толқындары кезеңіне сай иба-ілтифат кезеңіне сай күйініш-сүйініш, кезеңіне сай ыза-кек дауылдары бәрі шын, бәрі өмір. Бұл кездейсоқ көрініс емес, актрисаның көп ізденуінен туған еңбек. Бас-аяғы 15 жылдай сахналық өмірінен алған тәжірибенің үлкен түйіні, қуанышты қорытындысы. Демек, Ақтоқты Шолпан орындауында қазақ театрының тарихында жарқын белестің бірі болып қалуында дау жоқ. Зәмзәгүл Шәрипова – жас артистка. Ол театр сахнасына шыққалы бірсыпыра тұлғалар жасап, көрермендердің құрметіне бөленді. Ақтоқты З.Шәриповаға үлкен сын болды. Өйткені актриса бұрын бұл сияқты күрделі образбен кездескен жоқ-ты. Ақтоқтыны түсінуде Шәриповада да өзіндік пайымдау бар. Көбіне актриса Ақтоқтының жан дүниесіне лирикалық бояуды басым береді. Соның әсерінен оның сәукелесін лақтырудағы буырқанған ашуы да сенімді шықпай жүр. Оның үстіне кейде дұрыс алып келе жатқан сезім шындығынан да тайып кету сезіледі. Әрине, мұның бәрі жас актрисаның тәжірибесінің жетімсіздігінен, іштей дұрыс ұғынған образдың етек-жеңін жия алмай жүргендігінен. Төселе келе З.Шәрипованың Ақтоқтысы да сүйсінерлік еңбек болып шығуына сенім күшті. Өйткені актрисаның мол мүмкіншілігі әлі толық пайдаланылмай жатыр.

Бұл спектакльде өте бір қуандырған Шахан Мусиннің Ақаны. Ең алдымен Шаханның орындауындағы Ақан режиссердің театр кол­лективінің де зор табысы. Бейуақыт ұзақ үзіліс Шахан бойындағы табиғат сыйға тартқан таланттың еншісін кеміте алмапты. Ақыл ойға бағынған ақын жанының жалынды серпіні Шахан ойынының басты ерекшелігі. Мусиннің Ақаны салқын ақыл, самарқау ойға мойынұсынған жан емес. Ол өнер қуған, өмір сүйген әділеттікті аңсаған адам. Жан саясын діннен табам деп еді, ол өз сұмдығымен шошытты ғазиз жанды. Енді не болмақ өмір арқауы. Мешіттен саңлау іздеп еді, ол мейірімсіз қаталдықтың мекені екен. Табан тірер бұдыры жоқ, тұңғиық зұлымдықтың ұясы, бейкүнә жандардың ажал кермесі болып шықты ақыры. Енді не етпек. Осы сан сұрақтың шырмауында сенделе басып Ақан-Мусин шығады. Жабырқау жүзде үрей жоқ, жан күйзелісінің толқыны, ойлы көзде қамығу жоқ, оянған кектің ұшқыны, өктем үнде ашынудан айыптау басым. Жаңа көрген сұмдықтың күнәкәрі қазірет пен Ақанның алғаш қақтығысы осылай басталады. Бірақ ығар емес қазірет. Ақан іздеген әділет бұл түнектен аулақ екен. Тас-талқаны шықты дінге деген сенімнің. Түңілген Ақан-Мусин «қош бол тамұқ», деп сонау бір кезде аңдамай талақ еткен сәнді өміріне өкінішпен оралады. Ақыл дүниесі көңіл күйімен ұштасып, өз арнасын берік желісін тапқан Мусиннің Ақаны ақырғы сахнаға дейін өсу қалпынан танбайды. Ақан рөлінде ойнаушы әрбір артистке ең ауыр күш түсіретін екінші актідегі ұзақ монолог. Бұл үлкен шеберлікті тілейді. Ақан образының көп мазмұны да осында ашылады. Мусиннің де шеберлігінің бір сыры осы монологтан көрінді. Ақ өлеңді қара сөз ырғағына иіп, баяу бастап, таса төгіліп, қайта сабасына түсіп отыратын логикалық паузалар, дауыс бояуларының әр сәт өзгеріп отыруы актердің сахналық сөз техникасын жете білетіндігіне, әр сөздің мәнін іштей байытуға ұқыпты қарайтындығына толық дәлел. Мусиннің ойынындағы тағы бір ден қойып, назар аударатын – қарапайымдылық. Актерге лепірме ұшқалақтық, мәнерлі қимыл, арзан пысықсу жат. Сөйте тұра ойынның өн бойында әлі піспей жатқан ақаулы жерлер бар. Ол актердің үлкен театр сахнасына бірінші шығуына байланыс­ты туған кемшіліктер. Режиссердің көмегімен оңай жойылатын майда детальдар ғана. Демек Шахан Мусиннің Ақан образын жасаудағы алған бағыты түсінік, талдауы өзіндік бетін аңғартуы көрермендердің қошемет-құрметіне татып отыр. Талантты артистке шеберлігін бұдан былай да шыңдай түсуге тілектестігімізді білдіріп, құтты қадам тілейміз. Қапан Бадыровтың қазіреті көрермендердің көптен көзі үйренген актердің тәуір туындыларының бірі. Ал екінші топта қазірет Әділшиновтің орындауында тың дүниелер әкелген тәрізді. Егер Қапанның қазіретінде қара күш басым болса, Қалкеннің қазіретінде қара күш пен зұлымдық, айла-амал астасып жатыр. Қабырғалы елді қамшысына табындырған безбүйректің бойындағы бар мерезін Қалкен мысқалдап ашады. Оның сахнаға әр шығуында белгілі мақсат бар. Әр қақтығыс қазірет жанының қараңғы қалтарыстарын әшкерелеп береді.

Спектакльдегі ең бір ғажайып Қалыбек Қуанышбаевтың мылқау балуаны. Бір ауыз сөз тартпай оқиғаға бастан-аяқ қатысып жүретін балуанның айтқан сыры да көп. Ол бізге өз басының трагедиясын да, арманын да, адал сезімін де, пәк жанын да баяндайды. Ол да күйінеді, сүйінеді, қорғайды. Ар тазалығын, жан тазалығын құп көреді. Осы бір тілсіз дүлейді қимыл-қозғалыс, бет құбылыс, көзқарас байыптау, ішкі күйзелістердің сыртқа тебу нышандары арқылы шешен сөйлеткен, тіл бітірген кәрі тарланның түпсіз таланты ғой. Осындай ардагер өнерпазды қалай мақтан етпейсің. Егер біз Қуанышбаевты көрмесек балуанның екінші орындаушысы жас артист Ы.Ноғайбаевтың ойынына да қанағат еткен болар едік. «Шешеннің тілі ортақ, шебердің қолы ортақ» дегендей-ақ ұстаз аға Қалыбектен жас артист әлі де ақыл ала түссе деген тілек бар. Өсер өнерпаздың бұл да өнегелі ісі.

Дін қорқауларының көмекейіне «жұтса қылқаны кетпейтін» бейшара жандардың бірі – Қоңқай. Көрермендер Қоңқай әрекетіне күлгенмен бұл арғы астары трагедиялық тағдырмен ұштасып жатқан образ. Осы сарын Серке Қожамқұлов ойының өн бойын алып жүр. Қазірет кесім айтқанда шошып кеткен Қоңқай әркімге бір телміре қарайды. Ол осы кесімнің сұмдығын түсінгеннен шошып отырған жоқ, «әйелмен ақылдаспай» келісім беру сияқты «ерлікке» қалай барам деп шошып отыр. Күлкіге сырттай нысана болатын да осы қылығы. Серкенің Қоңқайы діндар да надан да емес, ол тек өзіндік еркі жоқ, екі адамға кеңес айту былай тұрсын, сөз тұрғысын шала түсінетін аянышты жан. Бірақ жаны адал. Оның жұртқа ұрлана қарауы да, кібіртектей басқан қадамы да өмірдегі орнын, ой-өрісін танытқандай. Жан біткеннен өзін төмен санау сезімі Қоңқай әрекетінің жетекшісі. Міне мешіттен қайта шыққан Қоңқайдың қимылы да ширақ, жүзінде қуаныштың да елесі бар. Аяқ алысы да бір батылдыққа бел буғандығын аңғартады. Мұның сырын Қоңқай үшінші көріністе баяндайды. «Солай болды Қоңқайым» деп басталатын монолог Қоңқайдың мұрат-мүддесін, арман-тілегін алдыңызға жайып салады. Жалмұқан жағынан тұтана бастаған жанжал Қоңқайдың бар желігін қағып, «әйелінің жанына қайта тығылуына мәжбүр еткен, көзінің астымен әркімге көмек тілей қарайды, бірақ бәрінен де күшті өзінің әйелі тәрізді соған телміреді Қазіреттің қаһарлы үні естілгенде дауысы дірілдеп, Ақтоқты деуге ғана шамасы келген Қоңқай әйелі зекігенде қайта жым болады. Қоңқай үшін әйелі қазіреттен де құдіретті. Қабырғасына қол батпаған Қоңқай тағы да қаусап қалды. Драматургиялық материалы мырза берілген Қоңқай өз орындаушысын тауып, кесек тұлғаға айналды. Қожамқұловтың Қоңқайы тамаша талант тудырған сирек нұс­қалардың бірі болып қалмақ. Қоңқайдың әйелі Дәмеліні Р.Қойшы­баева мен С.Майқанова ойнайды. Екеуінде де инабатты, семья ұясы, ағалық сезімге толы мейірбан адамды көреміз.

Қарашысының қамын ойлайтын төре тұқымы Жалмұқанның (М.Сүртібаев) сөз айналмай пасықтық сыры ашылады. Өзіне Ақтоқ­ты­дай аруды атағанда ол Мәрзияның өлімін де ұмытып кетеді. Актер Жалмұқан төренің екіжүзділігін, табанының бұдыры жоқ нәпсі құлы екендігін шебер әшкерелейді. Актердің ойынынан мін іздемей, ескертетін бір жай сахналық сөз техникасына зер салса екен дейміз. Дауыс екпінінің біркелкілігі көп жағдайда кері әсерін тигізіп отыратындығы мәлім ғой. Осы тілекті Мәрзия рөлін жақсы шығарған Ө.Мұсабековаға да қоямыз. Тоғышар күншіл Сердалы К.Қармысовтың орындауында ұтымды штрихтармен көз тартады. Уытты темпераментті орындалған Қаныбаеваның Мәрзиясы жас актрисаның жаңа табысынан саналады.

Москвадағы онкүндікте қойылатын спектакльдердің бірі «Ақан сері-Ақтоқты» болғандықтан, ондағы бірсыпыра кемшіліктерді айта кеткен дұрыс.

Ең алдымен ойланатын жай – спектакльдің финалы. Оқиға алдын­дағы сахнада бітіп тұрған тәрізді. Өйткені басты кейіпкер­лердің тағдыры осында шешіледі. Сондықтан кейінгі көріністе Ақтоқты­ның ағашқа байланып жатуы, Ақанның оны құтқаруы шығармада жетім бауырдай жабысып тұрған бөгде дүние. Бұл турасында автор да, режиссер де ойланса екен дейміз.

Жеке артистердің жалпы табыстарын режиссерлік тұрғыдан әлі де болса ансамбль тұтастығына бағындыра түскен дұрыс болар. Көпшілік сахналарындағы бөгде жатқан көріністерге жанды рең тауып, жинақтай түскен жөн. Ақан маңындағы сері жігіттердің жүріс-тұрыстарындағы қолапайсыздықтарды бір жүйеге салу әбден қажет. Әдет-ғұрыпқа байланысты ойын-сауықтарды да екшей түскен мақұл. Әзірше қол-аяғы жиналмай, бытыраңқы жатқан қалыпы байқалады. Енді бір қатаң ойланатын дүние – спектакльдің жабдықталуының жұтаңдығы. Табиғат көрінісі дегеннен жұрдай. Бұған киім-кешек жағының кедейлігі де қосылады. Музыкасын толықтыра түсумен қабат оркестр құрамын да осы бастан ойластыру басты міндеттің бірі. Творчестволық коллективтің шабытты еңбегінен туған мақтан етерлік шығарманың ажарын асыра түсуге себі тиетін қажетті компоненттерге сараңдық жасасақ келіспейтін кешірімсіз қылық болар еді. Қорыта келгенде театр мәдениетінің жаңа бір белесіндей белгі беріп отырған күрделі еңбек айтылған кемшіліктер еске алынса көркейе бермек.

 

Қалтай Мұхамеджанов.

«Социалистік Қазақстан», 1958 жыл, 27 мамыр

 

Соңғы жаңалықтар