Бұл штабтың басты міндеті – әлемдік экономикадағы өзгерістер, мұнай бағасының түсуі мен АҚШ доллары бағамының көтерілуі, Ресей рублі мен теңге арақатынасының өзгеруі секілді сыртқы факторлардың жағымсыз әсерінен батысқазақстандықтарды қорғау.
- Біз осындай жағдайда өңір бойынша қандай кешенді шаралар атқаратынымызды нақтылап, антикризистік жоспарымызды дайындап жатырмыз. Штаб мүшелері – облыстық басқармалар мен басқа да мемлекеттік органдар басшылары. Ең басты міндетіміз – әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын өсірмеу. Мониторинг арқылы тауар өндірушілермен бірлесе отырып, бағаның тұрақтылығын сақтаймыз. Жұмыс жасап жатқан кәсіпорындарға қандай көмек болады, экспорт-импорттың әсері, соның бәрін талқылаймыз. Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекет тарапынан уәде етілген барлық әлеуметтік көмек сол көлемінде жеткізіледі. Бұл салада ешқандай алаңдаушылыққа негіз жоқ. Әлеуметтік көмек алатын азаматтар үшін жыл соңына дейін төленетін жәрдемақы мөлшері толық қарастырылған, - деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев.
Қазіргі болжам бойынша шұғыл әрекет штабы жыл соңына дейін жұмыс істемек. Бірақ Мұхтар Манкеевтің ойынша «бірнеше ай ішінде экономика өз қалпына келуі тиіс».
Әрине, экономикалық дағдарыстан жергілікті кәсіпкерлер де зардап шегуі мүмкін. Сондықтан Батыс Қазақстан облысы әкімдігі кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Бизнесті қолдау картасы», «Қарапайым заттар экономикасы», «Импортты ауыстыру» секілді мемлекеттік бағдарламалар аясында оларға да көмек көрсетпек. «Осы аталған бағдарламаларда несиенің субсидиясын төмендету, кепілдікке жетпей жатқан қаржының 85%-ға дейін мөлшерін мемлекет тарапынан беру секілді нақты құралдар бар, біз оларды қолданамыз. Біздің облысқа қай тауар қандай көлемде келіп жатыр, осыны қарап, сол бағыттағы кәсіпорындармен жұмыс істейміз. Әрине, бұл жерде бизнестің бүкіл саласы қаралмайды, халық ең жиі, күнделікті тұтынатын әлеуметтік тауарларға арналатын болады» дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
- Біз бүгін облыс аумағындағы тауар балансын зерттеп шықтық. Қандай тауарды шеттен аламыз, өзімізде қандай қор бар, экспорттық міндеттемелеріміздің мөлшері қандай, соның бәрін есептедік. Бірден айта кетейін, дәл бүгін аймақтағы әлеуметтік тауарлар қоры да, баланс нәтижесі де оң, алаңдауға еш негіз жоқ. Сондықтан әлдебір тауарлар дефицит болып, бағасы көтеріліп кетеді деген болжам жоқ. Ал 19 заттан тұратын әлеуметтік тауарлар тізімін күн сайын қарап отырамыз. Бұл бағытта біздің тәжірибеміз жетерлік. Облыс аумағында бірнеше жылдан бері тұрақтандыру қоры жұмыс істеп келеді. Орал қаласы бойынша 20 нүктеде әлеуметтік тауарлар саудасы ұйымдастырылған. Бұған қоса «Алтындар» сауда жүйесінің 17 кешеніне тұрақтандыру қорының тауарлары қойылып жатыр. Тұрақтандыру қорының қаржылық айналымы 300 млн теңгеден астам, жылдың әр кезеңіне байланысты дефицитке айналуы мүмкін тауарлар алдын ала сатылып алынып, нарықта тапшылығы сезіле бастаған сәтте айналымға шығады. Қордың тәуелсіз комиссия мүшелері бар, болашақ жоспарларды солармен талқылаймыз, - дейді Мұхтар Манкеев.
Айтпақшы, Батыс Қазақстан облысы бойынша әлеуметтік тауарлар бағасын негізсіз өсірген оқиға кездескен жағдайда, «109» жедел ақпарат нүстесіне хабарласып, ақпарат беруге болады. Баға мониторингін «Смарт Орал» мобильді қосымшасының «Прайс сканер» қызметі арқылы да реттеуге болады. Сонымен бірге биылғы еріктілер жылы өңірде құрылып жатқан волонтерлер қозғалысының бір тобы әлеуметтік бағаларды қадағалаумен айналыспақ.
Қазақстанда әлеуметтік азық-түлікке қойылатын қосымша баға мөлшері заңмен бекітілген, егер одан асып кетсе, кәсіпкерге шара қолданылады.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 651 мың адам тұрады, бұл халықтың жартысынан көбі Орал қаласында шоғырланған.
Батыс Қазақстан