21 Тамыз, 2013

Жаңа оқу жылы жаңа міндеттер жүктейді

440 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұстаздар қауымының тамыз мәс­лихаты өткен жылдың жұмысын тағы бір түйіндеп, жаңа жылдың ұсынар жаңалығына назар салды. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Әлия Төртқараева баяндамасында облыстағы білім ошақтарының өткен жылы атқарған жұмыстарына шолу жасады. Жеткен жетістіктер баршылық, бірақ өткір мәселелер одан да көп.

Ұстаздар қауымының тамыз мәс­лихаты өткен жылдың жұмысын тағы бір түйіндеп, жаңа жылдың ұсынар жаңалығына назар салды. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Әлия Төртқараева баяндамасында облыстағы білім ошақтарының өткен жылы атқарған жұмыстарына шолу жасады. Жеткен жетістіктер баршылық, бірақ өткір мәселелер одан да көп.

Осыдан біраз жыл бұрын тамыз мәслихаты мектептердің материалдық жағдайының нашарлығынан басталатын еді. Үстіміздегі жылы облыстағы білім беру саласының мұқтажына 44 миллиардтан астам теңге жұмсалған. Бұл аз қаржы емес. Бүгінде облыста 1367 мектеп бар, соның 568-і мемлекеттік тілде білім береді. «Мектептің жүрегі – мұғалімдердің» де біліктілікті көтерудегі жеткен нәтижелері қуанарлықтай. Республикалық «Үздік мұғалім» байқауында қостанайлық ұстаздар үш жүлделі орынды иеленді. Алдағы оқу жылынан бастап, барлық мектептерде ағылшын тілі бірінші сыныптан оқытылады. Өткен оқу жылында бұл қанатқақты жоба төрт мектепте табысты жүргізілді. Сонымен қатар, мәжілісте электронды оқыту жобасын игеру де сөз болды. Өткен оқу жылы мектеп мұғалімдерінің 71 инновациялық жобасы ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың қолдауына ие болды.

Алайда, «балапанды күзде санайды» десек, мектеп түлектерінің, оқушылардың үлгерім көрсеткіші әлі де жұмысты ширатуды қалайды. Білім сапасы облыста тек 32 пайызды ғана құраған. ҰБТ-ға қатысқан әр үшінші түлек жоғары оқу орнына түсетін деңгейді бағындыра алмаған, әр жиырмасыншы түлек «2» деген баға алған. «Алтын белгiден» үміткер 135 түлектің 42-сі ғана өз білімін дәлелдеген. Міне, осындай көрсеткіштердің барлығы да білім беру саласы қызметкерлерінің қамшы басуын талап етеді. Облыстағы білім ошағының 77,5 пайызы шағын комплектілі мектептер, олардың 70 пайызы ауылды жерлерде орналасқан. Мұның өзі мұғалімдер тапшылығының басты себебіне айналып отыр.

Тамыз мәслихатында білім сапасын көтерудің тағы басқа да түйінді мәселелері сөз болды. Оған облыс әкімі Н.Сәдуақасов қатысып, сөз сөйледі.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ.