Мына сурет әйгілі әртістің 1984 жылдың жазында Жамбыл облысының ең шалғайдағы Мойынқұм ауданына сапары кезінде түсірілген. Атап айтқанда, Шу ауданы мен Мойынқұм ауданының шекарасында үлкен өнер иесін құшақ жая қарсы алудың бір сәті бейнеленген.
Алдыңғы планда шығарып салушы Шу аупарткомының екінші хатшысы Жәнібек Майханов, оның сол жағында Мойынқұм аупарткомының үшінші хатшысы Жұмабек Орынбаев, оң жағында «Айдарлы» совхозының директоры Есенаман Ошақбаев тұр.
– Сол күні кешке, – деп есіне алады бірнеше шаруашылықты басқарған, ұзақ уақыт аудандық мәслихаттың хатшысы болған Ескең, Есенаман аға, – Шолпан апамыз бастаған Әуезов театрының бір топ әртісі, ішінде Нүкетай Мышбаева, Құдайберген Сұлтанбаев және т.б бар, ауыл клубы жанындағы алдын ала арнайы дайындалған алаңда (тар болғандықтан клубқа көп адам сыймайтын), тамаша өнер көрсетіп, халыққа керемет көңіл күй сыйлады. Шолпан Жандарбекова мен Нүкетай Мышбаева біздің үйге қонды. Ал Құдайберген бастаған қалғандары бір бөлімше меңгерушісінің үйінде жатты. Ертеңіне сыйлы қонақтарды аудан орталығына жеткізіп салдық.
Иә, сол бір кездері атақты әртістер, жазушылар, ақындар қазақтың дарқан даласының әр-әр жеріндегі алыс ауылдарға дейін шаршамай барып, ел-жұртпен шалқаймай жиі кездесуші еді ғой...
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы