21 Тамыз, 2013

«Сағынышқа қолыңды бер, Қостанай!»

346 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ғафу Қайырбековтің шығармашылығына арналған жыр кеші өтті

Туған жеріне кім де болса құр­метпен қарайды. Алайда, оны ақын Ғафу Қайырбековтей алапат сезіммен сүйе білуді жаратқан ие­міз екінің біріне бұйырта бермеген тәрізді. Ақын ғажайып өлке­сіне деген перзенттік іңкәр­лі­гін жі­бекті жүзіктің көзінен өткіз­ген­дей бір ауыз сөзге сыйдырып жі­­береді. Сондай өлеңдерінің бірінде:

Ғафу Қайырбековтің шығармашылығына арналған жыр кеші өтті

Туған жеріне кім де болса құр­метпен қарайды. Алайда, оны ақын Ғафу Қайырбековтей алапат сезіммен сүйе білуді жаратқан ие­міз екінің біріне бұйырта бермеген тәрізді. Ақын ғажайып өлке­сіне деген перзенттік іңкәр­лі­гін жі­бекті жүзіктің көзінен өткіз­ген­дей бір ауыз сөзге сыйдырып жі­­береді. Сондай өлеңдерінің бірінде:

«Қайда жүрсем, сені есімнен тастамай,

Өтіп кетті жақсы жыл мен жас талай.

Менің атым сағыныш боп өзгерді,

Сағынышқа қолыңды бер, Қостанай!»

дейді. Қазір осы сағыныш ақыннан оқырманына, жерлестеріне ау­ғандай. Ақын мен оқырман ара­сын­­дағы осы ұлы сезім Ғафу Қа­йырбековті арамыздан алып кет­кен жиырма жылға жуық уа­қыттың ұзақтығын білдір­мей­­тіндей, мойындатпайтындай. Қостанайда жақында өткен кеш қазақ поэзиясының жарық жұл­дыздарының бірі Ғафу Қа­йыр­бековтің туғанына 85 жыл толуы­на арналды. І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының залында ине шаншар жер табылмады. Ғафуды сағынған жұрт орынның жетпегеніне қараған жоқ, кешті екі сағат бойы тікесінен тік тұрып тамашалады.

Кеште облыс әкімі Нұралы Сә­дуақасов поэзия және басқа жанр­ларда жазылған қырық­шақ­ты кітаптың авторы Ғафу Қайырбековті ұлы дала берген кемеңгерлік пен даналықтың жалғасы деп бағалады. Ол қазақы дәстүрмен ақынның жары Бәдеш апайдың иығына қамзол жауып, сый-сияпат жасады. Әкім ақынын іздеп, құрметтеп жатқаны қандай ғанибет. Мұнан кейін Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, белгілі ақын Ғалым Жайлыбаев ақынның шығармашылығына шолу жасай келе қазақ поэзиясында Ғафу мектебінің қалыптасқандығын, содан дәріс алып, жыр тылсымын түсінгеннің бірі өзі екендігін және тұтас бір ұрпақ сол мектептен тәлім алғандығын айтты. Ғафудың қасында жүріп, оның ағалық қамқорлығын көрген, ұстаз тұтқан Баянғали Әлімжановтің естелігі өте әсерлі шықты. Баянғали Ғафудың ақындығымен қатар айтқыштық шешендігіне тоқталды. Маржан сөздің де, құлпырған өлеңнің де түп-тамыры айқын да, айшықты ой екенінде сөз жоқ. Ғафу осындай қасиетімен де ерекшеленетін еді. Қазір тарихымызды жаңа көзқараспен екшеу жөнінде айтылып жатыр. Баянғали тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Кенесары Қасымовтың туғанына 190 жыл толуы Көкшетауда тойланғанда оған Бурабайда демалып жатқан Ғафудың қатысып, сонда сөйлеген сөзінен мысал келтірді.

Мұнан кейін қостанайлық сатирик жазушы Ғұмар Ахметчин ақын ағасының туған жерге жасаған сапарлары жөнінде әдемі естеліктерге кезек берді. Кешті қостанайлық әнші Талғат Молдағалиев, театр актрисасы Шара Мүсілова, сазгерлер Қалибек Деріпсалдин мен Ба­­қытжан Сәуекенов Ғафудың өлеңі­не жазылған әндерімен өрнектеп отырды. Қазақ драма театрының актерлері Қабділмәжит Иманов, Әлімхан Мырзахан, Нұрлыбек Кенжеахметов, Асылхан Кен­жетай, Қуаныш Қойшығұлов ақын өлеңдерін нәшіне келтіре оқы­ды. Кешті жүргізіп отырған ақын Ақылбек Шаяхмет Ғафу Қа­йырбековтің артында қалған мол мұрасын жинақтап, реттеп жеке кітаптар етіп бастырып, көп томдығын шығаруға мұрындық болып жүрген ақынның жары Бәдеш Хамзина-Қайырбекованың еңбегіне тоқталды. Осы кешке балаларымен бірге келген Бәдеш апай ақынның оқырмандары мен жерлестеріне, кешті өткізуге мұрындық болған облыс басшыларына алғысын айтты. Ғафудың Қостанайға, оқырмандарының ақынға деген сағынышы Бәдеш апайдың жүрегінде де еселеніп кеткендей екен. Жырға толы, сырға толы кеште ақын жарының көңілін босатқан да осы риясыз сағыныш болатын.

Қостанайлықтар бұл бас­қо­судан рухани тойып, өсіп тарады. Олар халқымыз, оның қасиетті тілі барда, Ғафу барда мұндай сырлы кештің үзілмесіне де сенімді бара жатты.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ.