Данышпан сонда да айтарынан қайтқан жоқ. «Қайтсем, халқымның бойындағы қыңыр мінезді, жалқаулығын, арамдығын, өсекқұмарлығын, бекерден-бекер мал шашатын шайпау әдетін, маңғаз мақтанқорлығын, сарыжамбас жатыпішерлігін бойларынан сылып тастаймын» деп жанталасты. Сонда түзелген қазақ қайда? Ғұламаның ғибратты өсиеттерін құп көріп, дұрыс, таза жолға түскені қайда?
Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек, – деп аһ ұрды ары тыныш таптырмаған ақын.
Иә, шөлмек мың күнде емес, бір-ақ күнде сынып, жайрап қалмақ. Біздің сырты бүтін, іші түтін кейбір шенеуніктеріміз былайғы жұртқа сырбаз, салмақты көрінуге тырысып баққанымен, қалтарыстағы қойыртпақтары ақтарылып қалып, ел-жұртқа масқара болып жатыр. Осылай бетпердесі сыпырылып, өздерінің шынайы өмірдегі шындығын әйгілеп, бір-ақ күнде қасықтап жинаған абыройларын шелектеп төгіп алады.
Сөзуарлығымыз ұстап кетіп немесе әлдекімге қыр көрсеткіміз кеп қыжыртып отырғанымыз жоқ. Абай атаға сүйеніп сөз сабақтағанда санаға салмақ түсірген сорақылықтар көзге шалынған соң шарасыздықтан шырылдап отырған жай бар. Енді сөзіміз шындықтан шығандап кетпеу үшін әңгімемізге тұздық іздеп көрелік.
Күні кеше Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жоғарғы соттың Ішкі қауіпсіздік бөлімімен бірлесіп, Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы судьясының сыбайлас жемқорлық әрекетінің жолын кесті. Бұл жөнінде ҰҚК ресми өкілі Аркен Әбдіғани мәлімдеді. Күдікті сотталушының жазасын жеңілдетуге көмектескені үшін елеулі мөлшерде пара алған. Бүгінде оның үстінен Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Былтырғы 11 желтоқсан күні Сарыағаш ауданындағы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы көші-қон заңнамасын өрескел бұзып, шетел азаматтарына жағдай жасағаны әшкереленді.
Алматы қаласында аудандық соттың төрағасына қатысты іс қозғалғаны белгілі болып отыр.
Халықтың соңғы үміті сот деген тұжырым қалыптасқан. Ал сол соңғы үміттің жалғанар жері былғанышты болса шағымданушылар, жәбір-жапа көрушілер енді кімге барады? Мұндайда дана қазақ «Ет сасыса тұз себесіз, тұз сасыса не себесіз?» деп түңілмей ме? Расында, бұл түңілетін-ақ жағдай.
Түңілдіретін, толғандыратын, тітіркендіретін түйткілдер тасқындай түсуде. Айталық адам жанының арашашысы деп ардақтап, Алладан кейінгі құтқарушымыз деп сеніп жүрген ақ желеңді «абзалдарымыз» өміріңізді саудаға салса, кімнен үміт күткендейсіз? Шымкент қаласындағы №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері мақтаулы-ақ жан еді. «Алтын қолды дәрігер» атанып жүрген бұл азамат халықаралық қылмыстық топқа қосылып, адамдардың бүйрек, бауырын алмастырып келген деген күдікке ілікті. Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігінің департамент бастығы Санжар Әділов хабарлады. Ал Шымкенттегі балалар ауруханасының бұрынғы бас дәрігері мемлекет қаржысын (20 миллион) жымқырды деген айыппен үйқамақта отыр.
Кешегі Кеңес өкіметі тұсында «милиция – қорғаным» деп ұрандатушы едік. Бүгінде тіліміз күрмеліп тұр. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын Түлкібас аудандық ішкі істер бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары ауызбастырыққа 200 мың теңге алып жатқаны үстінде қолға түсіп, оқасына дақ түсіріп алды. Осы іспен сыбайлас учаскелік инспектор қашып кеткен. Ал Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық ішкі істер бөлімінің үш бірдей капитаны есірткі бизнесімен айналысып жүрген қылмыскерді құрықтап, оны жауапкершіліктен құтқарып жіберу үшін 5 мың АҚШ долларын сұраған.
Әскерилердің де құлқыны жаман болмай тұр. Қарамағындағы қызметкерлердің лауазымын өсіріп, қамқорлық жасап отыруы үшін елеулі көлемде пара алу фактілері баршылық. Ақтөбе облысында әскери-техникалық мектепке курсанттар қабылдауда көз қысты, бармақ бастыға барғаны үшін күдікке ілінгендер бар. Әскери прокурор Мейіржан Қашымжанов осы мектептің үш қызметкері бұдан бұрынырақ істі болғанын айтып отыр. Жемсауы жыбырлап тұратын жебірлер арасында әкімдердің, басқа да лауазым иелерінің жиі кездесетіні ойландырмай қоймайды.
Былтыр Атырау облысы әкімінің орынбасарына қатысты шу шықты. Ол мектеп асханаларына жеткізілуі тиіс жиһаздарды саудаға салған. Осы жиһаздарға 34 миллион теңге қаралған екен. Соның 5 миллион теңгесіне орынбасардың көзі түскен. 2016-2019 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасына бөлінген қаражаттан 10 миллион теңгені жымқырған білім басқармасының басшысы мен оның орынбасары ұсталғаннан кейін орынбасар ханым өз еркімен қызметінен кетіп еді. Жуырда 2 жылға шартты түрде сотталды.
Былтырғы қазан айында Жетісай ауданында ауылдық округ әкімі үй құрылысына жер телімін бергені үшін 500 мың теңге аламын деп құрықталды. Таяуда Шығыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешенді табысты етеміз деген шенеуніктер 35 миллион теңге парамен ұсталды. Олар мол қаражатты сүт арасына жасырған. Флягтан сарылдап төгілген сүт арасынан оралған бума-бума теңге түскенде таңырқамаған пенде қалмады.
Былтыр Түркістан облысы бойынша сыбайлас жемқорлық фактілерімен 73 адам ұсталған. Оның 15-і жымқыру, біреуі қызметін асыра пайдалану, 57-сі парақорлық дерегі ретінде тіркелген. Осы сияқты мысалдарды тізе беруге қалам ұшы да шыдамай бара жатқандықтан, осы жерден үзуге тура келеді.
2019 жылдың 20 мамырында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткені белгілі. Осы кеңесте Президент:
– Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен екі мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі. Мыңнан астам адам жауапқа тартылады. Бұл – батпандап кіріп, мысқылдап шығатын кесел. Осы ауруды шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін, – деп жебірлер мен жегіштердің жолын кесу жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Қоғам дертіне айналған бұл кеселдің жолын кесу оңай болмай тұр. Қазір оған қарсы шаралардың бірі ретінде жемқорлық жайлы хабарлаған адамдарды ынталандыру шаралары көзделіп отыр. Мәселен, сіз біреудің сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетін байқасаңыз және оның ұсталуына көмек берсеңіз, соттың айыптау қорытындысынан соң сыйақы ретінде пара сомасының 10 пайызын аласыз.
Сыбайлас жемқорлықпен күрестің бір жолы ретінде шенеуніктерді түрме тынысымен таныстыру басталып та кетті. Мұндай шаралар Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында көрініс тапты. Десек те, түрменің тыныс-тіршілігімен танысқандардың ішкі тыйымы қаншалықты нәтижелі болатыны алдағы күндердің еншісінде. Еліміздің экономикалық және қоғамдық ахуалына жемқорлық көп мөлшерде залалын тигізеді. Сондықтан онымен күрестің бұдан да басқа тиімді, ықпалды жолдарын қарастыруымыз керек-ақ.
Жебірлердің күздің күні ағаштардан құлаған жапырақтай тым көбейіп кетуін оларға қолданылатын жазаның тым осалдығынан көретіндер де бар. Мысалы, Мәжіліс алдында сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов жемқорлыққа қолданатын жазаның жеңіл екенін айтып, дабыл қақты. Олар түрлі жолдармен жазаларын мерзімінен бұрын өтеп шығады. Екіншіден, алған парасының елу еселенген көлемінде айып төлеп, түрме табалдырығын аттамай-ақ тайраңдап шыға келеді. Осыдан барып жемесе, жұтқыншақтары жыбырлап тұратындар: «Е, ұстап алса, құтылудың жолы оңай екен ғой» – деп арқаны кеңге салады. Мемлекеттік қызметке қайта орала алмаса, жымқырғандарының бір бөлігіне бизнес ашып алады.
Біздің елде парақорлармен пәрменді күрес жалғасып келеді. Бұл жөнінде тиісті заңдар да қабылданды. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, жең ұшынан жалғасатындар көбеймесе, азаймай отыр. Шенділердің алдына мәселесін шештіріп алу үшін баратындар көп.
Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресудің бірнеше жолдары бар. Мәселен, Грузияда шенеуніктердің санын 3 есеге азайта отырып, жалақысын 3 есеге көбейткен. Ал Сингапур билеушілері 1952 жылдан бері сыбайлас жемқорлық жағдайларын тергеу бюросы арқылы жұмыс істеп келеді. Бюро мемлекеттік шенеуніктер арасындағы жемқорлыққа қатысты жағдайларды тексеріп, тиісті органдарға қажетті шараларды қолдану үшін хабарлап отырады. Қытай мемлекеті парадан бас тарту бойынша «тай-цзи» сабақтарын енгізген.
Әрине әр елдің салты басқа. Бәлкім, олардың тәжірибелері бізде оң жамбасқа келе қоймайтын да шығар. Ең бастысы, сананың тазалығында. Сана тазармай, қоғам тазармайды. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың зияны мен зардабы туралы отбасыдан бастап мемлекеттік қызметкерлерге дейін саналарына сіңдіре сабақ өту керек шығар.
Тағы да данышпан Абайға жүгінуге тура келеді. Тыңдайық.
Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.
«Өзімнің иттігімнен болды» деп бармақ тістейтін ұяты барлар көбейгенде ғана жұлындағы жегіқұрт жұлынып түспек. Ар, намыс, ұят ұялаған жер қашанда асылзат күйінде таза тұрмақ. Ендеше, бізге ар сабағы, намыс сабағы, ұят сабағы керек-ақ. Бұл сабақтарды ешбір дана, ұлағатты ұстаз адамдардың кеудесіне күштеп ендіре алмайды. Әр адам өзіне өзі ұстаз бола білгенде, жүрегін таза ұстағанда ғана ұят оянады. Ендеше, әр кеудеде шындық шамы, намыс оты сөнбесін деп тілейік.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ