Спорт • 12 Наурыз, 2020

Боксшылар Амманнан тоғыз жолдамамен оралды

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Иорданияның астанасы – Амманда өткен Азия және Мұхит жағалауы елдері арасында өткен лицензиялық турнирді Қазақстанның боксшылары сәтті аяқтады.

Боксшылар Амманнан тоғыз жолдамамен оралды

Еліміздің ерлер құрамасы алға қойған жоспарын 100 пайызға орындап, сегіз жолдамаға иелік етті. Әсіресе, біз барлық қарсыластарын қоғадай жапырып, алтын тұғырға көтерілген Бекзат Нұрдәулетов (81 кило) пен Василий Левитке (91 кило) риза болдық.

Ақтық сайыста ұтылған Зәкір Сафиуллин (63 кило) мен Әбілхан Аманқұл (75 кило) күміс медальді еншіледі.

Серік Теміржанов (57 кило), Абылайхан Жүсіпов (69 кило) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) қолаға қол созды.

Сәкен Бибосынов (52 кило) ширек финалда ұтылғанына қарамастан жұбаныш бәскесі арқылы Токиоға баратындардың тізіміне қосылды.

Осылайша, Қазақстанның ерлер командасы Күн Шығыс елінде алауы тұтанатын Олимпия ойындарына толық құраммен қатысатын болды.

Ал әйелдер құрамасының жағдайы мүшкіл. Амманға аттанған бес боксшының арасынан ғаламдық додаға жолдама алуға тек Надежда Рябецтың (75 кило) қана күш-жігері жетті. Қалған қыздарымыз тегістей ұтылып, өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Енді сол олқылықтың орнын келесі лицензиялық турнирде толтыруға тиіспіз.