Спорт • 12 Наурыз, 2020

Футбол: УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалына жолдама алған төрт команда анықталды

156 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалында өнер көрсетуге тиіс сегіз команданың төртеуі күні кеше анықталды.

Футбол: УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалына жолдама алған төрт команда анықталды

Былтыр айтулы жарыстың финалында ойнаған қос команда үшін де биылғы дода сәтсіз аяқталды. Мәселен, Чемпиондар лигасының жеңімпазы – «Ливерпуль» 1/8 финалда Мадридтің «Атлетикосына» жол берді. Пиреней түбегінде өткен алғашқы кездесуде 0:1 есебімен ұтылған ағылшындар өз алаңында дәл сондай есеп айырмашылығымен басым түскен еді. Алайда қосымша уақытта Диего Симеоненің шәкірттері жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті – 3:2. Ал «Тоттенхэм» Германияның «Лейпцигіне» қарсы қос бәсекеде де дәрменсіздік танытты – 0:1, 0:3.

Сондай-ақ ПСЖ мен «Аталантаның» футболшылары көздеген мақсаттарына қол жеткізді. Француздар Дортмундтың «Боруссиясын» (1:2, 2:0) ұтса, италиялықтар Испанияның «Валенсиясын» (4:1, 4:3) қапы қалдырды.

Келесі аптада тағы төрт матч өтеді. Бұл бәсекелерде «Манчестер Сити» (Англия) мен «Реал» (Мадрид, Испания), «Ювентус» (Италия) мен «Лион» (Франция), «Барселона» (Испания) мен «Наполи» (Италия) және «Бавария» (Германия) мен «Челси» (Англия) күш сынасады.