Аймақтар • 12 Наурыз, 2020

Қарағандыда Махмет Темірұлы туралы кітаптың тұсаукесері өтті

1096 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандылық жас ғалымдар Әділет Жағыпар, Ақжарқын Әбдіғаппар және Гүлден Жағыпар бірігіп жазған «Махмет Темірұлының өмірі мен шығармашылығы» атты кітаптың жарыққа шыққанына көп бола қойған жоқ. 

Қарағандыда Махмет Темірұлы туралы кітаптың тұсаукесері өтті

Сөз басында жаңа туындының бас қаһарманы туралы аз-маз айта кетейік. Махмет Темірұлы өткен ғасырдың 40-жылдары құрылған «ЕСЕП» (Елін Сүйген Ерлер Партиясы) атты саяси ұйым жетекшілерінің бірі болды. Бұл ұйым Ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының ұстанымдарын астыртын түрде насихаттаумен айналысты. Осы әрекеті үшін ол Бүркіт Ысқақұлы, Айтбай Нәрешұлы сынды ұйымның негізін қалағандармен бірге Қазақ КСР Жоғарғы Соты Қылмыстық істер жөніндегі алқасының үкімімен 25 жылға бас бостандығынан айырылған.

Түрмеден шыққаннан кейін Махмет Темірұлы Нұра ауданындағы Көбетей ауылының мектебінде қазақ және неміс тілдерінен сабақ берді. Шығармашылықпен айналысып, бірнеше кітаптың авторы атанған. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Жақында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталған кітаптың тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Қарағанды облыстық өлкетану мұражайында өткен бұл іс-шараға зиялы қауым өкілдері қатысып, жас ғалымдардың еңбегіне жоғары баға берді.

Аталған еңбек әзірге 100 дана тиражбен жарық көрген. Авторлар болашақта тираж санын арттырып, Махмет Темірұлының өмірі мен шығармашылығы қызықтыратын оқырман аудиториясын молынан қамтымақшы.

Кітап авторларының бірі Әділет Жағыпардың «ЕСЕП» ұйымының тарихын  зерттеп жүргеніне он шақты жылдың жүзі болыпты. Жас ғалымның бүгінгі күнге дейін бұл тақырыпты қаузаған бірнеше ғылыми мақаласы жарық көрген. Алдағы уақытта ол «ЕСЕП» ұйымына мүше болған азаматтар жайлы сериялық кітаптар шығаруды жоспарлап жүр. Ал кезінде аталған ұйымға азаттықты аңсаған жүзге тарта өрімдей жас мүше болған көрінеді.