Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген ресми ақпаратқа сүйенсек, кешегі күнге дейін өңірде коронавирус індетін жұқтырған бір де бір адам тіркелмеген. Тек, күдікке іліккен 34 адам стационарлық карантинге жатқызылыпты. Дәрігерлердің айтуынша, олардың хал-жағдайлары жаман емес екен, құдайға шүкір, аурудың белгілері анықталмаған.
Мамандар карантин дегеннің өзінің бірнеше бөліктен тұратынын айтады. Мәселен, вирус жұқтырған адаммен қандай да бір байланыста болған немесе Иран мен Италия сияқты 1А санатына жататын елдерден келген азаматтар тәулік бойғы бақылауға алынатын көрінеді.
Қазіргі таңда стационарлық карантинде жатқан қарағандылықтардың барлығы Италиядан ұшақпен бірге ұшып келгендер екен. Ауруханаларда олар үшін жаңа жиһаздар мен төсек орындары алынған. Палаталар қол жуғыш, сабын, санитайзер, антисептикпен және басқа да қажетті заттармен толық қамтамасыз етіліпті. Ал ішінде дәретханасы жоқ палатада жатқандар тысқа медициналық қызметкерлердің бақылауымен кесте бойынша шығып тұрады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен өңірдегі ең ірі дәріханалар желісі бар «Биосфера» компаниясы арасында келісім жасалып, соның нәтижесінде кәсіпорын облыс тұрғындары үшін 300 мың медициналық маска сатып алыпты. Компания елімізде жасалған бұл өнімдерді үстіне бір тиын да қоспай, әрқайсын 130-140 теңге аралығындағы бағаға сататын болды. Сондай-ақ жергілікті «Мерей» компаниясы да маска жасап, әлеуметтік дәріханаларды бетпердемен қамтамасыз етіп жатыр.
Айта кету керек, Қарағандыда вирусологиялық зертхана жұмыс істейді. Егер де біз сөз қылып отырған індетке тән қандай да бір белгі анықталатын болса, онда ондай науқас коронавирустық тест жүйесінен өткізіледі. Яғни, күдік тудырған адамның жұтқыншағы мен мұрын қуысынан жұғынды алынып, ол зертханада тексеріледі. Ал тексеру қорытындысы күмән тудырарлық болса, онда анализ бірден Нұр-Сұлтан қаласындағы сараптамалық зертханаға жіберіледі.
Қазіргі таңда облыстағы медициналық қызметкерлер қашықтан оқыту тәртібіне көшірілген, олар күн сайын селекторлық режімнен өтіп тұрады. Алда-жалда аурудың ошағы шыға қалған жағдайлар болып жатса, ол жерлерге жедел жететін бригадалар да жасақталған. Сондай-ақ облыста науқастарды тасымалдауға арналған екі арнайы капсула да бар екенін айта кеткен ләзім.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, әзірге өңірдегі емханалар қалыпты режімде жұмыс істеп тұр. Егер өтініштер көбейетін жағдай туындай қалатын болса, дәрігерлер адамдарды демалыссыз қабылдауға сақадай сай екен. Бүгінгі күнде стационарларда науқастармен кездесуге уақытша шектеулер қойылған. Мысалы, егде адамдарға емханаларға барудың қажеті жоқ, оларға тиісті дәрі-дәрмектерді дәрігерлердің өздері тұрғылықты жерлеріне жеткізіп береді.
Өңірде дәрі-дәрмек жағынан да тапшылық жоқ дегенді айтты ведомство басшысы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы алдағы екі айға жететін дәрі-дәрмек сатып алған.
Жаман айтпай, жақсы жоқ, егер вирус жұқтырғандар саны көбейетін болса, бұл тығырықтан шығудың амалы да қарастырылып қойылған екен. Мысалы, өңірдің ірі кәсіпорындары қажет болған жағдайда қала сыртында орналасқан өздеріне тиесілі шипажайлар мен сауықтыру орындарын карантин ұйымдастыруға беретін болған.
Дәрігер мамандар коронавирус сияқты сумақай ауруға қарсы тұратын күштің бірі адамның салауатты өмір салтын сақтауы дегенді айтады. Нақтырақ айтқанда, дұрыс тамақтанып, тәнін сергек қалпында сақтап жүретін адамдардың кез келген кеселмен күресетін иммунитеті күшті болады екен. Сонан соң, әрине, жеке бастың тазалығын естен бір сәт те шығаруға болмайды.
Міне, осы және жоғарыда айтылған сақтық іс-шаралары толықтай сақталғанда ғана атың өшкір індетті ел ішіне таратпай, інінде тұншықтыруға мүмкіндік туар еді дегенді айтады дәрігер мамандар.