22 Тамыз, 2013

Төккен тердің төлеуі

325 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Имандылық пен іскерлікті қатар ұштастырған азаматтың бір арманы – халал өнімдер шығаратын өндіріс орнын ашу

Аудан орталығы Бескөл кентіне жете бергенде «Жеке кәсіпкер Ахмутдиновтың кәсіпорны» деген жазу анадайдан көзге шалынады. Бұрын бұл маңай арамшөп қаулай өскен, адам аяғы тимеген құлан дүз болса, бүгінде қайнаған қызу еңбек алаңына айналғанын аңғару қиын емес.

Имандылық пен іскерлікті қатар ұштастырған азаматтың бір арманы – халал өнімдер шығаратын өндіріс орнын ашу

Аудан орталығы Бескөл кентіне жете бергенде «Жеке кәсіпкер Ахмутдиновтың кәсіпорны» деген жазу анадайдан көзге шалынады. Бұрын бұл маңай арамшөп қаулай өскен, адам аяғы тимеген құлан дүз болса, бүгінде қайнаған қызу еңбек алаңына айналғанын аңғару қиын емес.

Өндіріс орындарымен қанаттаса бой көтерген кеңсе үйі, ағаш өңдеу цехтары, атшаптырым аула ішінде теңдей жинастырылып қойылған шикізат және дайын бұйым өнімдері, қаз-қатар тізілген жаңа станоктар ертеңгісін күні бұрын ойластырылып, алдағы күн­нің көкжиегіне кемелділікпен көз жіберген ұқыпты, шаруақор жанның тынымсыз тіршілігінен хабар бергендей. Ресейдің Омбы облысында туып-өскен Сермұхамед әке ақылымен туған жерге оралысымен кейбіреулер секілді оралмандық мәртебесін бұлдап, қол қусырып қарап отырған жоқ. Ата-ананың тәлім-тәрбиесімен еңбекпен шыңдалып өскен ол алғашқы жылдары жанар-жағармай саудасы, отын дайындау секілді маусымдық жұмыстармен айналысып жүрді. Уақыт өте тұрақты кәсіпсіз бала-шаға нәпақасы болмайтынын түсініп, жиған-тергеніне иесіз қалған ағаш өңдеу цехын сатып алып, қалпына келтірді. Бастапқыда небір қиындықтар кездескенімен, кейін шаруа­сы орнықты даму алды. Жергілікті 12 тұрғынды тұрақты жұмысқа қабылдады. Шетелдің озық қондырғылары мен құрал-жабдықтары жеткізіліп, өндіріс қуаты артқаннан кейін жұмысшылардың саны 45 адамға дейін көбейді. Арнайы бригадалар неміс-швед фирмасында шығарылатын ағаш кесетін «Штиль» араларын, арнайы көтергіш қондырғылар орнатылған техникаларды қолдана отырып, Қызылжардың орман-тоғайынан жылына 34 мың текше метрге дейін ағаш дайындайды. Өңделген өнімдер облыс орталығынан басқа Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларына, Ресейдің шекаралас аймақтарына жөнелтіледі. Әсіресе, тұрғын үйлер салуға арналған төрт қырлы жуан бөренелер, үй қоршаулары, есік-терезе, күрек, балта, балға саптары үлкен сұранысқа ие. «Көзін тапқанға табыс қыруар» деген осы.

Осылайша, бір салаға маманданып, қыр-сырына әбден қанығып алған ол былтыр «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде тағы бір тың бастаманы өрістетуге бел бай­лады. Атап айтқанда, аталмыш бағ­дарламаның үшінші бағыты бойынша жеңілдікті несие алып, асхана, дүкен тұрғызды. Оларды сапалы етпен қамтамасыз ету мақсатымен қосалқы шаруашылық құрды. Ірі қара мал, жыл­қы, қой, қаз-үйрек, үй қоянын бағу­ға болашағы жоқ елді мекендерден кө­шіп келген 5 адам тартылды. Ұжым мүше­леріне арнап қолжетімді 11 үй салып берді. Шығынның жартысын кәсіпорын өтейді.

– Ендігі ойымыз – біз сияқты кәсіпкерлер үшін тиімділігі мол мем­лекеттік жобалармен ынтымақтаса жұмыс істеуді одан әрі жалғастырып, жыл аяғына дейін ағаш өнімдерін қалдықсыз өңдейтін шағын зауыт тұрғызу. Негізгі өндіріс қалдықтарын отындық әжетке жаратып, зейнеткерлерге, тұрмысы төмен отбасыларға арзан бағаға беретін боламыз. Білікті мамандар дайындау үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жолдамасымен кәсіби даярлықтан өткен А. Клопкин, А. Рейбант және А. Чернобровкин деген үш азаматты қызметке қабылдап, тәжірибелі тәлімгерлер бекітіп бердік. Бұдан тысқары орта арнаулы білімі бар жастарды да қатарымызға тарттық. Беларусьтен ағаш тілетін екі станок, Ресейден рейсмустық сүргі қондырғыларын ал­дырт­тық. Олар Боголюбов ауылында және аудан орталығында жұмыс істеп тұр. Қазақы үстел, астау секілді ұлт­тық бұйымдарды халал талаптарына сай шығарсақ деген жоспарымыз бар, – дейді әңгіме арасында іскер басшы, аудандық мәслихаттың депутаты Сермұхамед қажы Ахмутдинов.

Оның жетекшілігіндегі өндіріс орны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жүлдегерлері қатарында. Былтыр Тә­уел­сіздік сарайында өткен Индус­трия­ландыру картасына енген нысандарды іске қосу телекөпірі кезінде «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымын иеленді. Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталуы да төккен тердің ақталғанын айғақта