Қоғам • 18 Наурыз, 2020

Анар Жайылғанова індеттің таралуын болдырмаудың маңызды шарттарын атады

217 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова мемлекеттік аппараттың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында қандай шаралар ұсынылғанын айтып берді.

Анар Жайылғанова індеттің таралуын болдырмаудың маңызды шарттарын атады

- Біріншіден. Икемді, қысқартылған немесе қашықтықтан жұмыс режимін қолдану.

Мемлекеттік органдарда икемді жұмыс уақытын қолдану ағымдағы жағдайда ерекше өзекті болып табылады.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «төтенше жағдай режимінде қоғамның тіршілігін қамтамасыз ететін, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті бақылайтын мекемелерден, жекелеген БАҚ-тан өзге мемлекеттік, квазимемсектор қызметшілерінің 70%-ын қашықтан жұмыс істеуге көшірген жөн».

Бұл мемлекеттік қызметшілерге жұмыстан қол үзбей, ұзақ демалыс кезінде өз балаларын қауіпсіздендіруге және барлық жауапты бағыттарда үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, осы шараны іске асыру қоғамдық көлікті қосымша жеңілдетуге ықпал ететін болады, бұл COVID-19 жаппай таралуын болдырмаудың маңызды шарттарының бірі болып табылады.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнында тікелей болуын талап етпейтін салаларда қашықтықтан жұмыс режимін енгізген жөн.

Осыған байланысты, уақытша шектеулер кезеңінде орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер мемлекеттік қызметшілердің мынадай санаттарын айқындаулары қажет:

- жұмыс орнында міндетті түрде бола тұрып, ұйымның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етумен айналысатын тұлғалар. Бұл ретте осы тұлғалардың қысқартылған жұмыс уақыты бойынша қызмет ету мүмкіндігін қарастыру қажет;

- еңбек функцияларын қашықтықтағы жұмыс режимінде орындайтын адамдар;

- демалысқа жіберілетін қызметшілер.

Жоғарыда көрсетілген тұлғалардың жұмыс шарттары мен тәртібін осындай жұмыс режимін қарастыратын еңбек заңнамасына сәйкес жүзеге асыру қажет.

Қашықтан жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілерді тұрғылықты жерінде болуын және өз қалалары мен елді мекендерінен кетпеулерін сұраймыз.

Жауапкершілік таныта отырып, қызметтік міндеттерді орындауға да, режимнің сақталуына да барынша қатаң қарау керек.

Екіншіден. Мемлекеттік органдарда ағымдағы кеңестер мен отырыстарды өткізуді шектеу.

Ақпараттық технологиялар ғасыры бізге скайп-қосылыстар, видеоконференцбайланыс және мессенджерлер арқылы жедел келіссөздер мен кеңестер жүргізуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың басшыларын осы мүмкіндіктерді кеңінен қолдануға шақырамын.

Үшіншіден. Ағымдағы тапсырмаларды орындау мерзімін қайта қарау.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықты қорғау, әлеуметтік және өзге де халықты қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты емес тапсырмалардың бақылау мерзімдерін төтенше жағдай уақытында ұзартуды немесе тоқтатуды ұсынамыз.

Уақытылы алдын алу шараларын қабылдай отырып, біз, мемлекеттік қызметшілер, осы кезеңде біздің отандастарымыздың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ете аламыз.

Бірлесіп, біз азаматтарымыздың денсаулығын және мемлекеттік аппараттың толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ететінімізге сенімдімін!