Парижде өтетін айтулы жарыс 1891 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 129 жылдық тарихы бар Ролан Гарростың кортында талай жұлдызды ойыншылар жасындай жарқыраған. Солардың арасында Рафаэль Надальдің шоқтығы биік. Бұл күндері өрелі өнерімен көпшілікті сүйісіндіріп жүрген испандық теннисші осы додада 12 мәрте дара шықты. Соңғы үш турнирде де Надаль топ жарды. 2017 жылы ол швейцариялық Стэн Вавринадан басым түссе, 2018 және 2019 жылдары канадалық Доминик Тимге тізе бүктірді. Әйелдер арасында Крис Эверттің алдына түсер ешкім табылмай тұр. Өткен ғасырдың жетпіс және сексенінші жылдары атой салған америкалық ару жеті бірдей жарыстың жеңімпазы атанды. Былтырғы турнирде австралиялық Эшли Бартидің айқын жеңісімен аяқталды. Финалда ол чехиялық Маркета Вондроушованы ұтты.
Үстіміздегі жылы өтетін Ролан Гарростың жалауы 20 қыркүйек пен 4 қазан аралығында желбірейді деп күтілуде.