Коронавирус • 18 Наурыз, 2020

Қытай сауығып, «қарт құрлық» ауырып жатыр

693 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Дүниежүзін дүрбелеңге салған COVID-2019 вирусын жұқтырғандар саны әлемде өршіп, бүгінде 200 мыңға таяды, індет құрбандарының саны – 8 мыңға жуық. Вирустың «отаны» – Қытайда ауру жұқтырғандар мен одан көз  жұмғандар саны күрт азайса, керісінше, Еуропада жағдай ушығып кетті.

Қытай сауығып, «қарт құрлық» ауырып жатыр

Эпидемиядан пандемияға дейін

Кесе-көлденең келген кеселден адамзат шынымен де абдырап қалды. Бүгінге дейін күллі әлем Қытайға қарап алаңдап отыр еді, енді әр ел өз жағдайын ойлап, мазасы қашты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 деп атау берген індет ­– коронавирустар тобына жататын инфекцияның жаңа, мутацияға ұшыраған түрі. Бұл дегеніңіз оның адамзатқа бейтаныс, бұрын-соңды кездесіп көрмеген белгісіз вирус екенін меңзейді. Демек, бұл коронавирустың әзірге дауасы жоқ, иммунитетіміз де танымай жатқаны сондықтан. Вирустың таралу жылдамдығын, адамнан адамға жұғу қаупін білмегендіктен де адамзат оны уысынан шығарып алды...

Басында Қытайдың өзі бұл вирусқа аса мән бере қойған жоқ. Еліне тағы бір қауіпті індеттің жақындап келе жатқанын алғаш Қытайдың Хубей провинциясындағы Ухан ауруханаларының дәрігерлері сезген. Теңіз өнімдерін сататын базардан бір күнде жеті адам «а типті пневмония» диагнозымен түскенін байқаған дәрігерлердің бірі Ли Вэньлиань әлеуметтік желі арқылы әріптестеріне «2002 жылғы SARS вирусы қайта оралды ма деп қорқамын» деген хабарлама жіберіп, әріптестерін, туған-туыстарын сақ болуға шақырады. Іле-шала әлгі доктор «жалған ақпарат таратушы» ретінде полицияға ұсталып, қолхатпен босатылады. Кейін Лидің өзі де қауіпті дертті емделушісінен жұқтырып, қайтыс болады.

Жоғарыда Қытайдың бұл кеселге жеңіл-желпі қарағанын айттық. Олар індетті SARS-тан қауіпті емес деп ойлады. Бұған ұқсас SARS вирусы 2002-2003 жылдары тағы осы Қытайда тарап, 800-ден аса адамның өмірін қиып кеткенін жұрт ұмыта қойған жоқ. Бірақ жаңа вирус одан да қатерлі болып шықты. Ақыры, былтыр 31 желтоқсан күні Қытай шығу тегі белгісіз вирустың пайда болғанын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) хабарлауға мәжбүр болды.

Бұдан кейін 13 қаңтар күні Ухан қаласынан Тайландқа келген бір әйелдің коронавирусты жұқтырғаны туралы ақпарат ДДСҰ-на келіп түседі. Алайда дерттің адамнан адамға жұғу дерегі анықталмағандықтан әлемнің эпидемиологиялық жағдайын бақылаушылар одан аса қауіптене қойған жоқ. Бұған Қытайда 3 қаңтардан бастап жаңа вирусты жұқтыру дерегі тіркелмеуі де себеп болды. Араға бірнеше күн салып,  Жапониядан коронавирусты жұқтырған тағы бір азаматтың тіркелгені белгілі болды. Ол да жылдың басында Уханға барған. Дәл осы кезеңде ДДСҰ-ның қолында Қытайда вирустың шыңққан күнінен бастап, 12 қаңтарға дейін арнайы зертханалық жолмен расталған 41 коронавирус жұқтыру дерегі тіркелгені, оның екеуі өліммен аяқталғаны жөнінде дерек бар еді. Бұған бірен-саран Тайландта, Оңтүстік Корея мен Жапонияда тіркелгендер қосылды. Бірақ мамандар вирустың адамнан адамға жұғу қаупінің бар екеніне сене қоймады. ДДСҰ дәйектің жеткіліксіздігін алға тартты. Қытайға да, басқаға да қатысты арнайы шаралар қабылдауды қажет деп таппады. «Вирус жұқтырған адамдармен тікелей жұмыс істеген, оларды емдеген дәрігерлер дін аман, аурудың адамнан адамға жұғу жөнінде айту әлі ерте» деген мамандар бұл тыныштықтың артында бір «сұмдықтың» бұғып жатқанын сол сәтте сезбеген еді.

Кейін Қытайда жаңа вирустың анықталған күнінен бастап, 20 қаңтарға дейін індетті жұқтырған 278 адам тіркеліп, оның 6-ауы бақилық болды.

Вирустың жедел өршігені соншалық, 22  қаңтар күні Қытай үкіметі эпидемия ошағы, 11 миллионнан астам тұрғыны бар Ухан қаласын толықтай карантинге жабуға мәжбүр болды. Қалада қаптаған коронавирустен адамдар тәулігіне бірнеше жүздеп ауруханаларға түсіп жатты. Екпіні күшейген індет Қытайдан асып, өзге мемлекеттерге тарады. Ақыры, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биылғы 30 қаңтарда COVID-19 вирусы бойынша төтенше жағдай жариялап, адамзатқа қауіп төндірген кеселді 11 наурыз күні пандемия деп мойындады.

Қытайды құтқарған – тәртіп пен сақтық

Осыдан бір айдай бұрын індеттің жаппай таралуына байланысты Қытайдың жағдайы мүшкіл еді. Вирус жұқтырған мыңдаған адам ауруханаға түсіп, одан өлгендер саны сағат санап көбейіп жатты. Індеттің ушыққаны соншалық, қарақұрым қытайдың өзі оның алдында дәрменсіздей көрінген. Бірақ Қытай тастай тәртіп пен әсіресақтық шараларының арқасында дертті жеңіп шықты. Вирустың жолын кесу үшін тоталитарлық режимін іске қосып, биліктің мүмкіндігі жететін барлық әлеуетті молынан, тіпті артығымен пайдаланды. Алдымен Ухан қаласы, одан әрі Хубей аймағы карантинге жабылды. Ел ішінде ұшақ, пойыз, тіпті жекменшік көлік, автобуспен жүруге қатаң тыйым салынды. Жұртты сыртқа рұқсатсыз және маскасыз шықпайтындай етті. Көшеде карантиннің қатал сақталуын әскерилер бақылауына алды. Ауруын жасырғандар және індетті халық арасында тарату ауыр қылмыс ретінде қарастырылды. Мұндай әрекеттері үшін жазалы болғандарды он жылдан бастап, өмір бойына бас бостандығынан айыру, тіпті өлім жазасына кесілетіні ескертілді. Ел аралап келгендер сапарының бағыт-бағдарын жасырса, ол да өте ауыр қылмысқа саналды. Мұндай диктаторлық жүйе әлбетте, өз жемісін бермей қоймады. Бұған қоса, қытай медицинасының қауқарлығы да өз нәтижесін берген болу керек. Бар-жоғы он күннің ішінде екі уақытша аурухана салып, оның санын 16-ға жеткізген Қытайдың материалдық-техникалық базасы да тастай екенінде күмән жоқ.

Күні кеше бұл ел уақытша ауруханаларын толықтай жауып, дәрігерлері маскасын салтанатты түрде шешті. Елде карантин аяқталып, жұртшылық әдеттегі тіршілігін қайта кірісті.

18 наурыздағы мәлімет бойынша, Қытайда бар-жоғы 13 коронавирус жұқтыру дерегі тіркелген. Оның 12-сі – шетелден жұқтырғандар болса, тек біреуі ғана эпидемия ошағы болған – Уханнан анықталған.

«Сырқаты асқынған» Еуропа

Бұған дейін коронавирус жұқтыру жағынан Қытай ешкімге дес бермей келсе, енді Еуропа алға шықты. Әсілі, бұл елдер де вирустың қаншалықты қауіпті екенін дер кезінде бағамдай алмай қалса керек. Індетті сырттан әкелушілер күн сайын көбейіп жатса да карантин шараларын қолға алуды, көпшілік көп баратын ғимараттарды, қоғамдық орындарды, мектептерді жабуға асықпады. Әбден ауру асқынғанда қолға алынған сақтық шаралары вирустың жолын бөгей алмай қалды.

Қазіргі кезде әсіресе, Италияның жағдайы ауыр. Бұл елде бір тәуліктегі өлім-жітім көрсеткіші Қытайдан да асып кетті. Соңғы мәлімет бойынша, онда індетке іліккендердің саны 31 мыңнан асып, 2500-ден артық адам өмірімен қоштасқан.

Медицинасы жақсы дамыған Италияның аяқ астынан Еуропаның вирус тарататын ошағына айналуына не себеп? Ғаламтордағы материалдарды сұрыптасақ, Апеннин түбегіне індет алғаш жеткенде жұртшылық оған қалыпты құбылыстай қарады. Италия үкіметі де жұртшылықты сабырға шақырып «біздің вирусқа төтеп беруге күш-жігеріміз жетеді, дүрлігудің қажеті жоқ. Қалыпты тіршілік ете беріңдер» деген сыңайда үндеулер жолдады,  ел шенеуніктері қалаларды аралап, түрлі бейнежазбалар түсіріп, халықты сақтыққа шақырудың орнына барынша қам жемеуге үгіттеді. Осылайша, пандемияның қаупін жете бағаламау Италияны вирустың шабуылына ұшыратып, басты ошағына айналдырды. Әу баста Солтүстік Ломбардиядан басталған коронавирус алғашында небәрі бірнеше адамнан ғана анықталған еді. Ол кезде италиялықтардың көбі қамсыз болатын. Әдеттегі өмірін жалғастырып, жиындарын өткізді, ойын-сауықтан қалмады, көпшілік орындарда тамақтанды, бойын үрей билеген кейбіреулер вирус шыққан аймақты тастап, басқа өңірлерге үдере көшті...Көп ұзамай індет жұқтырғандар бір мезетте жан-жақтан «бұрқ» ете қалғанда медицинасы қарқынды елдің өзі оған ие бола алмай қалды.

Қазір пандемия жайлаған ел қатаң карантинде. Бәріне «Үйде отыр!»деген үндеу жарияланды. Егде адамдарға мүлде шығуға болмайды. Өйткені жасынан жасамысы көп Италияда вирустан өлім көрсеткіші ушығып тұр. Бұрын бұл елде 500 адам бір жерде басқосуға болмайды делінген. Кейін оның саны 100-ге қысқарды. Енді 10 адамнан артық жиналуға болмайды. 60 млн халық полицияның рұқсатымен ғана сыртқа шығады. Бұл режимді бұзғандар қатаң жазаланады.

Міне, Италия үкіметі кеш те болса осындай қатаң шараларға барып отыр. Кеш те болса қолға алынған сақтық шаралары көп ұзамай нәтижесін береді деп үміттенейік.

 Бейқамдыққа бой алдыратын кез емес

Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген қауіпті індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Қытайдағы жағдайдың беті бері қарағанда қуанып қалып едік. Өйткені індет бір келсе, іргеміздегі Қытайдан келеді деп ойладық. Бірақ қауіп айдаладағы Еуропадан жетті бізге. Күні кешеге дейін тып-тыныш, күнделікті тіршілігімен жүрген елдің көңіліне алаң кіріп, маза қашты.

Әлбетте, бұл   - Қазақстан үшін қиын кезең болғалы тұр. Бірақ Үкімет қолдан келген сақтық шараларды жасап жатыр. Көпшілік көп баратын орындар жабылды. Ірі сауда орындарының жұмысы шектелді. Өткізу бекеттері мен әуежай, вокзалдарда санитарлық режим күшейтілді. Елде төтенше жағдай енгізілді. Мемлекет басшысы үндеу жариялап,  енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарап, тәртіпке бағынуға шақырды. Екі үлкен шаһарды карантинге жабу туралы шешім шықты. Карантинге жабылған қалада тұрамын деп тұрғындар ойлады ма екен? Міне, мұның бәрі жағдайдың күрделі екенін меңзейді. Тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі вирустың таралуы жөнінде қандай болжам жасарын білмей, дағдарып отыр. Сондықтан әр адам жауапкершілікті жүрегімен сезініп, елдегі жағдайға түсіністікпен қараған жөн. Қытайды вирустан алып-шыққан қатаң тәртібі мен онда айрықша қолға алынған сақтық шаралары деп жоғарыда айттық. Қазақстанда сақтық шаралардың бәрі мемлекет тарапынан жасалды. Ендігі ахуалдың қалай дамитыны – сіз бен біздің, яғни әр тұрғынның қолында. Қазіргі таңда еліміздегі вирус жұқтырғандардың бәрі – сырттан келгендер. Демек, ел ішіндегі эпидемиологиялық жағдай қалыпты. Вирусты өршітіп, адамнан адамға жұғу деректерін болдырмас үшін әр адам өзіне, айналасына ұқыпты болған абзал. «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Бала-шағамен базар жағалап, ойын-сауық орындарын аралап, бейсауат көшеде жүргенді әзірге тоқтата тұрған жөн. Бейғамдықты қойып, көшеге шыққанда, қоғамдық көлікке отырғанда маска таққан артық болмайды.

Біз жоқтан бар жасайтын Қытай емеспіз. Қанша жерден сақадай саймыз десек те медициналық қауқарымыз Италия, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерге жетпейді. Медицинасы алға озып кеткен алпауыт елдердің өзі вирустың алдында дәрменсіз екенін көрдік. Содан сабақ алуымыз керек. Италияның қателігін қайталамаудың жолын қарастыру қажет. Бұл дертті бастан кешкендер оны СПИД-ке ұқсайтын ауру деп жүр. Емі де сондай. Адамнан адамға жылдам жұғатын індет өкпе тіні мен иммунитетті бұзады. Одан жазылдым дегеннің өзінде кейін оның салдары көп болмақ. Сондықтан сақтанып жүргеніміз артық болмас.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ