Вирустың бар-жоғын бір тамшы қан сараптамасынан анықтайтын жедел-тестілер дәріханаларда сатылатын болады. Мұндай талдаудың дәлдігі 80% құрайды. Жедел-тестілер инкубациялық кезең барысында вирустың бар-жоғын анықтамайды, ал теріс нәтиже болған жағдайда егжей-тегжейлі тексеруден өту керек болады.
– Қазір коронавирустық инфекцияны анықтау жөніндегі зертханаларды ұйымдастыру басты міндеттердің бірі болып отыр. Жақын арада біз екі немесе сондай үш зертхана ашуды жоспарладық. Бұл облыстың қажеттілігін өтеу үшін жеткілікті болады, – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда облыста тәулік бойғы карантинде 113 адам бар. Алғашқы болып түскендер қазір үйлеріне қайтарыла бастаған. 16 наурыз күні карантиннің толық мерзімін өтеген алты адам стационардан шығарылды. Сараптама нәтижесі бойынша олардың қанынан коронавирус табылған жоқ. Үй карантинінде 39 адам отыр. Тағы 284 адам – медициналық бақылауда, 273-і қашықтан бақылауға алынған. Олардың ешқайсысында коронавирус белгілері жоқ.
Сондай-ақ, Қарағанды облысында жедел жәрдем шақырулар саны артқан жоқ, барлық станса штаттық режімде жұмыс істеуде.
Облыста медициналық маскалардың жетіспеушілігіне қатысты мәселе шешімін тауып жатыр. Жергілікті «МФ Мерей» ЖШС компаниясы тәулігіне 400 мың маска өндіріп, олар Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Жезқазған және басқа қалалардың дәріханаларына жеткізілуде.
– Қазір облыстың арнайы медициналық жабдықтау базасында 173 мың метр дәке бар. Біз медициналық қызметкерлерге, полицияға, ХҚКО қызметкерлеріне және адамдармен тікелей байланыста болатын басқа да қызмет иелеріне арналған таңғыштарды тігудің жолдарын қарастырып жатырмыз, – деді Ержан Нұрлыбаев.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасының басшысы бағаны негізсіз көтере отырып, жеке қорғану құралдарын сатуда алыпсатарлыққа барғандар үшін жауапкершілік қарастырылатынын еске салды. Мониторинг күн сайын жүргізіледі, оның ішінде интернет-сауда қадағаланады.
Ержан Нұрлыбаев адамның өзін-өзі оқшаулауы алдын алудың ең тиімді шарасы екендігін атап өтті. Адамдар жаппай жиналатын жерлерге барудан бас тартқан абзал. Азық-түлік алуға отбасы мүшелерінің бірін ғана жіберіп, қауырт уақытта қоғамдық жерлерден аулақ болған жөн. Мұндайда жеткізіп беретін қызметтерді пайдаланған дұрыс. Сондай-ақ, медициналық маска киіп, антисептикалық құралдарды пайдалануды ұмытпау керектігін еске салады дәрігерлер.
Қарағанды облысының ағымдағы жағдайы мен коронавирустық инфекцияның алдын алу іс-шаралары туралы сұрақтарды облыстық денсаулық сақтау басқармасының call-орталығының (8-7212) 955-559 нөмірі бойынша қоюға болады.
Қарағанды облысы